6 НАУРЫЗ, БЕЙСЕНБ Гана Республикасының ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні. 1975 жылдан бастап атап өтіледі. Гана ұзақ уақыт Ұлыбританияның отарында болған еді. 1975 жылы тәуелсіздігін алғанымен, Британ ынтымақтастығының құрамында қалды. Ел астанасы - Аккра қаласы, ресми тілі - ағылшын, Республика аймағын 17 миллион адам мекендейді. Елді президент басқарады. Заң шығарушы органы - бір палаталы парламент. Қазақстан Республикасы мен Гана Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 14-де орнатылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 97 жыл бұрын (1917) 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға рақымшылық жарияланып, Уақытша үкімет бұрынғы әкімшілік құрылымдармен қатар облыстық және уездік комиссариаттар құра бастады. Торғай облысына Әлихан Бөкейхан, Жетісуға Мұхамеджан Тынышбаев, Оралға Халел Досмұхамедұлы, ал Қостанай уезіне Ахмед Бірімжанұлы комиссар болып сайланды. 29 жыл бұрын (1985) Сәуірбек Бақбергеновтың (1920-1997) «Әке мен бала» атты повесі мәскеулік «Советский писатель» баспасынан жарық көрді. Онда соғыстан кейінгі жылдардағы Қарағанды кеншілерінің өмірі туралы жазылған. 27 жыл бұрын (1987) Қазақ КСР Министрлер Кеңесі мен Қазақстан Компартиясы ОК-нің «Республикада қазақ тілін оқытуды жақсарту туралы» және «Республикада орыс тілін оқытуды жақсарту туралы» қаулылары жарық көрді. 22 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. 22 жыл бұрын (1992) Қарағанды облысының Егіндібұлақ аудандық кеңесінің шешімімен аталмыш ауданға Қаз дауысты Қазыбек бидің есімі берілді. 18 жыл бұрын (1996) Көкшетау қаласында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» спектаклімен Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры шымылдығын ашты. Сол жылы театрға Ш.Құсайыновтың есімі берілді. Театрдың алғашқы көркемдік жетекшісі әрі директоры М.Оспанов болды. Театр репертуарында қазақ, орыс және шет ел драматургиясы (Ш.Құсайынов «Алдаркөсе», С.Балғабаев «Ең әдемі келіншек», А.Хасенов «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», Т.Қажыбаев «Ұмытпа мені, Гәккуім», Д.Исабеков «Мұрагерлер», Б.Әлімжанов «Құдалық», Н.Гоголь «Ревизор», С.Ахмад «Келіндер көтерілісі», У.Шекспир «Король Лир», Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн», Шота Уәлиханов «Ағнұр») бар. Театр ұжымы 2000 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық 8-ші театр фестивалінде «Режиссерлік дебют» жүлдесін, 2001 жылы Алматыда «Ойын арзан, күлкі қымбат» атты республикалық шағын комедиялар фестивалінде «Гран-при» жүлдесін және сол жылы Каир қаласында (Египет) өткен халықаралық эксперименталды театрлар фестивалінде «Орындаушылығы ең шебер театр» жүлдесін жеңіп алды. 8 жыл бұрын (2006) Қазақстанның экология бойынша жаңа оқулығы жарық көрді. Оқулықты биология ғылымдарының докторы, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры, академик Михаил Панин әзірлеген. 6 жыл бұрын (2008) Ақтөбе облысының Қандыағаш стансасында локомотивтерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Орталық бұрынғы локомотив депосында орналасқан, «Локомотив сервис орталығы» акционерлік қоғамы жүргізген қалпына келтіру жұмыстарынан кейін толығымен өзгерді және заманауи жабдықтармен қамтылған, тепловоздарға техникалық көрсетуге және сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған. Орталықтың бірінші кезектегі мақсаты - маневрлік локомотивтерге техникалық қызмет көрсету. Жөндеу жұмыстарына арналған жабдықтар Германияда, Ресейде және АҚШ-та жасалған. 5 жыл бұрын (2009) Алматы облысының Шамалған кентінде қазіргі заманғы неміс және голланд технологияларын пайдалану арқылы еліміздегі алғашқы жемісті өсіретін, сақтайтын және қайтадан өңдейтін жаңа кешен ашылды. 4 жыл бұрын (2010) Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «Шәкәрім және Сұлтанмахмұт» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Кітаптың авторы филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов. «Шәкәрім және Сұлтанмахмұт» атты екі бөлімнен тұратын кітаптың тиражы 2 мың дана. Монографияның бірінші бөлімінде әдебиеттану ілімінің өзекті мәселелерімен қатар, Шәкәрімнің әдеби-жарияланымдық еңбектері зерттелген. Кітаптың екінші бөлімінде Сұлтанмахмұттың шығармашылығында Абай мен Шәкәрімнің енгізген поэзия, проза, публицистика бағыттарына арналған. Арап Еспенбетовтің монографиясын «Шәкәрімтану» ғылыми-зерттеу орталығы басып шығарған. Орталық «Шәкәрім әлемі» топтамасынан 4 кітапты шығарды: Ғарифолла Есімнің «Наука совести», Әбдіғазы Балтабайдың «Шәкәрім әлемі», Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім және Алашорда» және Шанбай Тұрдықұлдың «Культура понятий» кітаптары. 3 жыл бұрын (2011) Астанада ҚР СІМ мен Джибути Респубдикасының сыртқы істер министрлігі халықаралық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 2 жыл бұрын (2012) Қазақстан Ганновердегі (Германия) ірі CeBIT-2012 халықаралық көрмесіне қатысты 2 жыл бұрын (2012) Санкт-Петербургтегі «Орыс ертегісі» атты жас таланттар музыкалық-шағармашылық VI халықаралық конкурс-фестивалінде Павлодар облысының Ақсу қаласынан «Мерей» ансамблі 1-ші орынды жеңіп алды. 1 жыл бұрын (2013) елордалық «Қазақстан» концерт залында Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттк ансамблінің есепті концерті өтті. Оған Париждегі Ресей музыкалық қоғамының төрағасы және С.Рахманинов атындағы Париж консерваториясының президенті Петр Шереметьев, ТМД қатысушы-мемлекеттерінің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының атқарушы директоры Армен Смбатян, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Латвия және Италия жоғары музыкалық оқу орындарының ректорлары қатысты.
1 жыл бұрын (2013) Астанада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазақстан халықаралық қоғаимдастықта (көпжақты дипломатия очерктері) кітабы таныстырылды. ЕСІМДЕР 84 жыл бұрын (1930-2005) қазақстандық физик-химик, химия ғылымдарының докторы АГАШКИН Олег Васильевич дүниеге келді. Ресей Федерациясының Краснояр өлкесінде туған. Томск мемлекеттік университетін және оның аспирантурасын бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оптика және плазма кафедрасының профессоры қызметін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері органикалық және физикалық химия салаларына арналған (молекулалық спектроскопия, органикалық люминесценциясы, т.б.). 180 ғылыми еңбектің және 2 монографияның, 4 авторлық куәліктің иесі. 2 доктор және 14 химия ғылымының кандидатын, 1 физика-математика ғылымының кандидатын дайындады. Агашкин есімі Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына жазылған. 78 жыл бұрын (1936-1983) ақын, көптеген аймақтық бүкілодақтық жарыстардың жүлдегері ҚОЖАМҰРАТОВ Өмірзақ дүниеге келді. Өзбекстан Республикасының Бұқар облысында туған. Алғашқы еңбек жолын мектеп мұғалімі, аудандық ерікті спорт қоғамының төрағалығынан бастап, аудандық газеттерде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Тарихи отаны Қазақстанға келгеннен кейін Қызылорда қаласында Халық шығармашылығы үйінің әдіскер маманы қызметін атқарды. Шығармалары елуінші жылдардың аяғында аудандық, облыстық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарық көре бастаған. «Жиделі Байсын», «Таңғы дауыс», «Ой кешу», «Күн астында - құдірет», т.б. жыр жинақтары жарық көрген. Өзбекстанның қазіргі Науаи облысы, Үшқұдық қаласының №4 қазақ орта мектебіне Өмірзақ Қожамұратов есімі берілген. 64 жыл бұрын (1950-2006) ақын, түрктанушы ғалым, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері ЕГЕУБАЕВ Асқар Құрмашұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығыс Қазақстан облысы «Шамшырақ», «Достық» аудандық газеттерінде, «Қазақстан коммунисі», «Жұлдыз» журналдарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасы мен «Қазақ энциклопедиясы» редакциясы бас редакторының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қызметтер атқарған. «Мөлдір тұма», «Жүректегі жұлдыздар», «Сыр мен сымбат», «Сөз жүйесі», «Құс жолы», «Әділет» атты өлеңдер мен поэма, сын кітаптарының, «Кісілік кітабы», «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі» деп аталатын монографиялардың авторы. Әрі ақын, әрі ғалым Асқар Егеубаев сондай-ақ түркі мәдениетіне қатысты көне әдеби мұраларды қазақ тіліне аударып, зерттеу жұмысымен айналысқан. Ж.Баласағұнның «Құтадғу білігін» қазақ тіліне аударған. Бұл кітап 1989 жылы Пекиннің ұлттар баспасынан араб әліпбиімен екінші рет жарық көрді. М.Қашқаридің үш томдық «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегін қазақ тіліне аударған. 58 жыл бұрын (1956) «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің жетекші маманы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері ҚАЗЫҒҰЛОВ Шархан Нағметұлы дүниеге келді. Қызылорда облысы Арал ауданында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1981-1986 жылдары - Іле аудандық «Путь Ильича» газетінің аудармашысы. 1986-1990 жылдары - Балқаш аудандық газетінің редакторы. 1990-1994 жылдары - Іле аудандық «Путь Ильича» газетінің редакторы. 1994-2002 жылдары - ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің консультанты. 2002-2004 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» ЖАҚ Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің бас менеджері. 2004-2007 жылдары - «Нұр-Астана» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 2007-2012 жж - «Рауан» Баспа үйі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры. 2012 жылдың наурызынан қазіргі қызметте. 58 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы ШЕГЕНОВ Моряк Смағұлұлы дүниеге келді. Қарағанды облысы Шет ауданында туған. Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 1983-1989 жылдары - Жезқазған облыстық кәсіподақ кеңесінің нұсқаушысы, Жезқазған көлік прокурорының көмекшісі. 1989-1992 жылдары - Жезқазған қалалық сотының судьясы. 1992-1995 жылдары - Жезқазған облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы. 1995-2009 жылдары - Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы, судьясы қызметтерін атқарған. 2009 жылдың қыркүйегінен бастап - қазіргі қызметінде. 51 жыл бұрын (1963) «Астананың Медицина университеті» АҚ проректоры Гүлнар Әділханқызы ЖАҚСЫЛЫҚОВА дүниеге келді. Медицина ғылымдарының докторы. 39 жыл бұрын (1975) қазақстандық танымал тележүргізуші, «Хабар» Агенттігі» АҚ «Ел-Арна» телеарнасының президенті Айгүл МҮКЕЙ дүниеге келді. Целиноград қаласында туған. Ақмола педагогикалық университетнің филология факультетін, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. 1992 жылдан - «Эфир» телекомпаниясында (Ақмола қ.) редактор, жүргізуші. 1999 жылдан «Хабар» агенттігі» АҚ-да жүргізуші, журналист, ақпараттық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары. 2008 жылдан қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен, «Астананың 10 жылдығы» медалімен, ҚР Президентінің алғысхаттарымен марапатталған. Жыл журналисі (2002), ҚР Жастар одағы сыйлығының, «Нұр Отан» ХДП журналистика саласындағы сыйлығының лауреаты. 215 жыл бұрын (1799-1861) ағылшын саяхатшысы, суретші АТКИНСОН Томас Уитлам дүниеге келді. 1848-1852 жылдары Қазақстанның бірқатар жерлерінде болып, тарихи-этнографиялық, географиялық зерттеулер жүргізген. Аткинсонның 1858 жылы Лондонда жарық көрген «Шығыс және Батыс Сібірдегі зерттеулер» атты екі томдық еңбегінде Семей, Аягөз, Қапал, Алматы қалалары мен бекіністеріндегі тұрғындардың шаруашылығы, қазақтардың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, билеуші топтары арасындағы талас-тартыс, Шыңғыстау күміс кені, балыққа бай Зайсан көлі жөнінде көптеген деректер бар. 1860 жылы «Амудария бойымен саяхат» атты кітабы жарыққа шықты. Онда қазақ қоғамын іштей жегідей жеп жатқан «барымта» дегеннің куәсі болдым дей келіп, «Түнгі ауылға шабуыл», «Аттылы қырғыздардың ұрысы» атты суреттер жариялады. Соңғы суретінде қазақтардың сол кездегі қару-жарағы (айбалта, найза) бейнеленген. Қазақтардың киімін, тамағын, қысқы киіз үйін суреттеп, бұл жөнінде бірнеше этнографиялық гравюралар, көп мағлұматтар қалдырған. Алатаудың солтүстік беткейінде, Зайсан мен Балқаш аралығында кездескен түрлі обалар мен көне зираттардың құрылысын сипаттап жазған. Аткинсон дала тұрғындарының ақындық рухына, моральдық түсінігінің жоғарылығына, түрлі жер аттарына (Қаркөл, Қалмақтау, Ақтас, Ертіс, тағы басқалар) байланысты аңыз-әңгімелерді баяндаған. Сүйік пен Айғаным арасындағы сүйіспеншілік, Сүйіктің Айғанымды алып қашуы, Айғанымның қамысты көл жағасында жолбарыстан опат болуы туралы халық арасында ертеден келе жатқан аңыз желісін баяндауы да ағылшын авторының қазақтардың рухани мәдениетіне жіті назар аударғанын көрсетеді. 65 жыл бұрын (1949) В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институтының директоры ЧЕЧИН Леонид Михайлович дүниеге келді. Черновцы қаласында (Украина) туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 2000-2004 жылдары - В.Г.Фесенков атындағы астрофизика институтында гравитациялық жүйелер серпіні зертханасы меңгерушісінің орынбасары. 1997-2000 жылдары - В.Г.Фесенков атындағы Астрфизика институтының бас ғылыми қызметкері. 1992-1996 жылдары - В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика инсттутының жетекші ғылыми қызметкері. 1986-1991 жылдары - В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика институтының жетекші ғылыми қызметкері. 1945-1985 жылдары - Философия, және құқық институтының жаратылыстанудың философиялық мәселелері бөлімінде ғылыми хатшы. 1975-1985 жылдары - Философия, және құқық институтының жаратылыстанудың Философиялық мәселелері бөлімінде кіші ғылыми қызметкер. 1995-1997 жылдары - Мемлекеттік аттестаттау комитетінің физика-математика және техникалық ғылымдар, Жер туралы ғылым және ғарыш бөлімінің меңгерушісі. 1999 жылдан - Абай атындағы Қазпақ ұлттық педагогикалық университетінің теориялық физика және сандарды модельдеу кафедрасының профессоры. Қазіргі қызметінде - 2004 жылдан бері.
77 жыл бұрын (1937) кеңестік ғарышкер, әлемдегі тұңғыш әйел-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, саяси қайраткер ТЕРЕШКОВА Валентина Владимировна дүниеге келді. 539 жыл бұрын (1475-1564) итальяндық мүсінші, кескіндемеші, Дәуірлеу кезеңінің ақыны Микеланджело БУОНАРРОТИ дүниеге келді.
105 жыл бұрын (1909-1966) поляк сатиригі және ақын, ұтымды қанатты сөздердің авторы Станислав Ежи ЛЕЦ дүниеге келді.