Халықаралық ғылым және бейбітшілік апталығы
Алғаш рет 1986 жылы Халықаралық бейбітшілік жылы аясында өткізілді. 1988 жылы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық ғылым және бейбітшілік апталығын өткізу күнін ресми түрде белгілейтін қарарды (A/RES/43/61) қабылдады. Содан бері бұл оқиға 10 қарашадағы Бейбітшілік пен даму үшін Дүниежүзілік ғылым күнінен кейінгі келесі күн – 11 қараша аптасында тойланып келеді. БҰҰ сарапшыларының пікірінше, апталықтың жыл сайын өткізілуі – бейбітшілікке қосылған маңызды үлес. Бұл іс-шара барлығы үшін маңызды тақырыптар бойынша кеңірек ғылыми алмасуға, сондай-ақ ғылым мен әлем арасындағы байланыс туралы қоғамның хабардар болуын арттыруға ықпал етеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1929 жылы Алматыда «Қызыл әскер» қазақ тіліндегі тұңғыш әскери газетінің алғашқы саны жарыққа шықты. Газет аптасына бір рет шығып тұрды. Газет Кеңес өкіметінің қорғаныс қуатын арттыру, қазақ жастарын әскери өнерге баулу, офицерлердің әскери білімдерін кеңейту, еңбекшілердің Қызыл әскермен байланысын нығайту жолында жұмыс жүргізді. Қазақ дивизионын, атты әскер полкін жасақтау ісіне белсене атсалысты. Газеттің жұмысына І. Жансүгіров, А. Лекеров, Ә. Көшімов, т.б. белсенділер қатысып тұрды. Оның бүгінгі мұрагері - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық баспасөз органы - «Қазақстан сарбазы» басылымы.
1934 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Қыз Жібек» опералық шығармасының алғашқы қойылымы өтті. Басты партияларды К. Байсейітова (Жібек), Қ. Байсейітов (Төлеген), М. Ержанов (Шеге) орындады. Екі жастың мөлдір махаббаты лиро-романтикалық сазбен өрбіп, армандарына жете алмаған аянышты тағдыры трагедиямен аяқталады. Операда ұлттық вокалдық және аспаптық шығармалар, халық композиторларының (Үкілі Ыбырай, Мұхит, Жаяу Мұса, Тәттімбет) ән-күйлері молынан пайдаланылды. «Гәкку», «Айқара көк», «Аққұм», т.б. халық әндері кейіпкерлердің бейнелерін ашып, шығарманың ұлттық бояуын канықтыра түсті. «Қыз Жібек»» операсының қойылуы ұлттық мәдениет тарихындағы айтулы оқиға еді. Опера сахнада ұзақ жылдар қойылып келеді. Әнші әртістердің кәсіби деңгейі өсіп, орындаушылық қабілетінің шыңдалуына ықпал етті.
1945 жылы Алматыда Н. Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театры құрылды. Наталия Ильинична Сац жер аударылғаннан кейін (ол «халық жауының» әйелі болған) Алматыда болды. Ол опера және балет театрының режиссері болып тағайындалды. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында Алматыдағы атақты актерлерге Наталья Ильинична балалар үшін ұйымдастырған ертеңгілікке қатысуды өтінді. Осыдан кейін ол балалар мен жасөспірімдер театры құру туралы ұсыныспен хат жаза бастады. Осындай хаттардың біріне Қазақстан КП(б) ОК екінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов үн қосты. 1944 жылдың алтыншы қыркүйегінде Алматыда балалар мен жасөспірімдер театры құру туралы қаулы шықты. Бір жылдан кейін, яғни 1945 жылдың 7 қарашасында жас көрермендер алғашқы қойылымға келді. Театр «кішкентай Қызыл телпек» қойылымымен ашылды.
1956 жылы геологтар және құрылысшылар кенті Арқалықтың негізі қаланды. 1960 жылы Арқалық Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланды. 1965 жылы Арқалық қала мәртебесін алды, 1971 жылы жаңадан құрылған Торғай облысының орталығы болды.
1963 жылы Мәскеу жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақ жастарының «Жас тұлпар» мәдени-ағарту ұйымы құрылды. Ұйымдастырушылары Мұрат Әуезов, Алтай Қадыржанов, Болатхан Тайжанов болды.
2005 жылы ҚР Президентінің «ҚР Парламентінің 10 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» Жарлығы шықты. Мерейтойлық медаль қазақстандық парламентаризмнің дамуы мен орнығуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтарын және шетел азаматтарын көтермелеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің 10 жылдығын атап өту мақсатымен белгіленген.
2011 жылы ҚР Халық әртісі Жәния Әубәкірова поляк музыка мәдениетін танытуда сіңірген еңбегі үшін Польшаның мемлекеттік сыйлығы – «Еңбек Қызыл Крестімен» марапатталды.
2016 жылы Эстония Республикасы мен Бутан Корольдігі мемлекеттік қызмет саласындағы Астана аймақтық хабының қатысушы елдері атанды.
2017 жылы Токио Үкіметінің қолдауымен 7 қарашада Жапонияның Бақыт гүлі (Хризантема) әуесқойлары қауымдастығы Хибия орталық саябағында ұйымдастырған 95-ші Токио бақыт гүлі фестивалінде «Президент Назарбаев» гүлі «Мәртебелі» атағына ие болды.
2018 жылы Ақтауда Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Нәзира Қыдырбаева мүгедектерге арналған қол протезін жасап, оны ғылыми негіздеді. Дарынды оқушы жоба үстінде бір жыл жұмыс істеген. Оны шетелге шыға алмайтын мүгедектердің жағдайы алаңдатқан. Сондықтан баршаға қолжетімді қол протезін жасауды мақсат етіпті.
2018 жылы Шымкент қаласындағы дендросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Асанбай Асқаров 1978 жылдан 1985 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы обком партиясының бірінші хатшысы қызметін атқарған. Қаланың көрікті жерінің біріне айналған дендросаябақ та Асқаровтың тікелей атсалысуымен ашылып, халық игілігіне берілген.
2019 жылы Алматыдағы «Ғылым ордасы» РМК сирек кітаптар музейіне 1956 жылы Лондонда басылып шыққан ағылшын журналисті және жазушысы Годфри Лайастың «Kazak Exodus» кітабы сыйға тартылды. Сол сирек кітаптардың бірі енді Ғылым ордасының қорында сақталатын болды. Ағылшын тіліндегі кітап шағын тиражбен шыққандықтан, сирек кітаптар қатарына жатады. Сондай-ақ туындыны орыс және қазақ тілдеріне аударған автор Бақытжан Бұқарбай «Аспантау асқан үркін көш» және орыс тіліндегі «Великий исход казахов» кітабын «Ғылым ордасы» РМК сирек кітаптар музейіне тапсырды.
2021 жылы Баку қаласында (Әзербайжан) Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Бас прокурорларының бірінші отырысы өтті. Оның аясында тығыз ынтымақтастық арқылы құқықтық көмек көрсету, прокурорлар қызметінің тиімділігін арттыру, тәжірибе және білім алмасу мақсатында «Түркітілдес елдердің Бас прокурорларының кеңесін құру туралы» келісіміне қол қойылды.
2022 жылы Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің бірегей ерекшеліктеріне тоқталып, өңірдің даму мен өркендеу үшін орасан зор әлеуеті бар екенін атап өтті.