АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық ашық аспан және таза ауа күні
БҰҰ-ның халықаралық және дүниежүзілік күндері жүйесінде 7 қыркүйекте атап өтіледі. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы 2019 жылы бекіткен.
Атаулы күн ауаның ластану мәселесіне қоғам назарын аударуды көздейді.
ОҚИҒАЛАР
1932 жылы Қазақстанда газет-журналдарды көп таралыммен шығаратын алғашқы мамандандырылған «Дәуір» баспасы құрылды.
«Дәуір» – газет, кітап-журнал басатын корпустары, жеке баспасы, қағаз бен полиграфиялық материалдар жеткізетін, дайын өнімді жөнелтетін және сервистік қызмет көрсететін бөлімдері бар ірі кешен. Мұнда кітаптар мен альбомдарды жоғары сапада шығаруға мүмкіндік беретін технологиялық жүйе жолға қойылған.
2001 жылы Ақтауда «Достық» монументі мен паром терминалы ашылып, Қазақстан жастарының I конгресі өтті.
2004 жылы Астанада Орталық Азиядағы ең ірі синагога ашылды. Оның жалпы аумағы – 5,6 мың шаршы метр. Ғимараттың төбесіндегі Давид жұлдызына дейінгі биіктігі – 25 метр.
Салтанатты рәсім кезінде Қазақстан астанасының тарихында алғаш рет Тора шиыршығы жазылып бітіп, жаңа синагогаға енгізілді. Оны қазақстандық кәсіпкер Михаил Зайдман синагогаға сыйға тартқан. Тора Израильде «Бейт Рахель – Хабад Любавич» синагогасы үшін арнайы жазылған. Оның соңғы әріптерін Астанада Қазақстан еврей қауымдастығының құрметті мүшелері мен шетелдік раввиндер жазды.
2009 жылы Астанада Эстония Республикасының Орталық Азиядағы алғашқы консулдығы ашылды. Салтанатты рәсімге Эстония Премьер-министрі Андрус Ансип қатысты.
– Қазақстандағы және жалпы Орта Азиядағы еліміздің тұңғыш консулдығының ашылу рәсіміне қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Бүгін мұнда Эстония Республикасының туы мен елтаңбасы орнатылғанын мақтан тұтамын. Эстония инвесторларының сіздердің елдеріңізге қызығушылығы өте жоғары, – деді Эстония Премьер-министрі Андрус Ансип.
2010 жылы Еуропалық комиссияның әлемге әйгілі «Берламон» ғимаратында Қазақстанның заманауи өнер көрмесі ашылды. Онда Has Sanat көркемсурет галереясы суретшілерінің туындылары қойылды.
Картиналарда еліміз бен оның тарихы, қазақ даласының тартымдылығы, қазақ әйелдерінің сұлулығы, бізге жақын әрі қымбат дүниелер бейнеленген.
2012 жылы Мажарстан астанасы Будапештегі VAM Design Center орталығында белгілі қазақстандық суретші-реставратор Қырым Алтынбековтің коллекциясындағы қалпына келтірілген ежелгі сақ қазыналарының «Алтын адам – патша қорымындағы дала пирамидаларының қазынасы» атты көрмесі ашылды.
Көрмеге Есік және Берел қорғандарындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған бірегей жәдігерлер қойылды. Олардың қатарында Алтын адам, скифтердің ғұрыптық қазаны, ғұндардың зергерлік бұйымдары, Түркі империясының байрағы, сақ тайпалары көсемінің туы және зооморфтық стильдегі әшекейлер бар.
2013 жылы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келді. Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің құрылтай отырысында Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры пайдалануға берілді.
2016 жылы Қазақстанда «Торғай геоглифтері» халықтық жобасы қолға алынды. Жоба әлемде баламасы әлі табылмаған жұмбақ нысандарды зерттеу экспедицияларын жалғастыруға қажетті қаражат жинауды көздеді.
Түркияда өткен Еуропалық археологтар қауымдастығының форумында Торғайдағы жаңалық 2014 жылдың сенсациясы деп танылды. Ал 2015 жылдың қорытындысы бойынша Торғай геоглифтері америкалық блогерлер нұсқасындағы үздік он ашылымның қатарына енді.
2019 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық конференциясы өтті. Оған Қазақстан, Франция, Ресей, Түркия, Үндістан, Жапония және Әзербайжаннан археологтар мен түркологтар, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Іс-шара басталар алдында Шығыс Қазақстан облысынан табылған археологиялық жәдігерлердің бірегей көрмесі ашылды. Көрменің басты жәдігері – шамамен б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген ақсүйек сақ әйелінің бейнесін танытатын «Үржар абызы». Экспозицияға профессор Әбдеш Төлеубаев 2003 жылы тапқан Шілікті Алтын адамы мен профессор Зейнолла Самашев 2018 жылы Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы үстіртінен тапқан Алтын адам да қойылды.
2024 жылы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкерлері зерттеу барысында саңырауқұлақтың сирек түрлерін тапты. Олардың арасында Peziza varia, Gyromitra infula, Hygrocybe conica, Ramaria eumorpha, Craterellus cornucopioides, Lepiota magnispora және Phaeolus schweinitzii бар.
Ғалымдардың ерекше назарын Clavariadelphus sp. саңырауқұлағы аударды. Сирек кездесетін бұл саңырауқұлақтың жоғарғы бөлігі жіңішке таяқша тәрізді. Түсі әдетте сары немесе сарғыш, кейде қызыл болады. Оның басты ерекшелігі – 3-5 жылда бір рет қана өседі. Clavariadelphus sp. бірқатар елдің Қызыл кітабына енгізілген.
2024 жылы дзюдошы Зарина Раифова Паралимпиада-2024 додасында Қазақстан қоржынына тағы бір қола медаль салды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде қазақстандық параспортшы италиялық Каролина Костаны қосымша уақытта жеңді.
2024 жылы қазақстандық Жұрқамырза Шүкірбеков Паралимпиада-2024 додасын қола медальмен аяқтады. Парадзюдодан J2 санатында 90 келіден жоғары салмақта сынға түскен ол үшінші орын үшін франциялық Насер Зорганимен белдесіп, қарсыласын иппонмен жеңді.
2025 жылы Астанада 10G желісін сынау кезінде интернет байланысының жоғары жылдамдығы мен тұрақтылығы расталды. Талшықты-оптикалық байланыс арқылы жүргізілген сынақта жүктеп алу жылдамдығы секундына 9500 Мбитке, ал жүктеп жіберу жылдамдығы секундына 9400 Мбитке жетті. Өлшеу Speedtest сервисі арқылы жүргізілді.
Практикалық сынақ кезінде Steam платформасындағы көлемі 11 гигабайт болатын қосымша небәрі 30 секундта жүктелді. Желі бірнеше ағынмен қатар жүктеген кезде де тұрақтылығын сақтады.