7 мамыр, СӘРСЕНБІ Отан қорғаушылар күні. 1992 жылғы мамырдың 7-інде Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Дәл осы күні ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. 7-ші мамыр - Отан қорғаушылар күні Бас қолбасшы - Елбасы кезекті әскери шендер беру туралы Жарлыққа қол қойып, ерекше көзге түскен әскери қызметкерлерді марапттайды. Радио күні. 1895 жылы орыс ғалымы физик Александр Степанович Попов физика-химия қоғамының отырысында өзі ойлап тапқан әлемдегі алғашқы радиоқабылдағыш туралы баяндамасын оқып, оны жұртшылыққа паш етті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 39 жыл бұрын (1975) Өскемен қаласындағы Ертіс өзенінің жағасында Ұлы Отан соғысы жылдарында мерт болған шығысқазақстандық азаматтарға ескерткіш орнатылды. 29 жыл бұрын (1985) Петропавлдағы Жеңiс саябағында 1941-1945 жж. соғыстағы Ұлы Жеңiстiң 40 жылдығына арналған обелиск ашылды. Биiктiгi - 14 метр, темiр-бетоннан жасалған, мәрмәр тақтайшамен қапталған, Жеңiстiң бiр метрлiк орденiмен күптелген. Обелискiнiң төменгi бөлiгiнiң екi жағында жауынгерлердiң мүсiндерiнiң рельефтiк бейнесі бейнеленген. Келесі екi жағында тудың және Қызыл Ту орденiнiң суретi орын алған. Ұлы Отан соғысы жылдары Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 314-ші атқыштар дивизиясы және тағы басқа да әскери бөлімшелер ұйымдастырылған. 22 жыл бұрын (1992) Президент Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағамбетов тағайындалды. 17 жыл бұрын (1997) Алматыдағы Мечников көшесіне жазушы, ғалым, қоғам қайраткері Әди Шәріповтің есімі берілді. 15 жыл бұрын (1999) ҚР Президентінің Жарлығымен Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді. 14 жыл бұрын (2000) Астанада Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш мемориал ашылды. Оның гранит плиткаларына 761 жауынгердің есімі қашалып жазылды. 5 жыл бұрын (2009) Павлодар облысынның Ақсу қаласында жауынгер-интернационалистерге арналған ескерткiш орнатылды. Жаяу әскердiң жауынгерлiк машинасы Баянауыл тастарынан қаланған биiк тұғырда орнатылған. Мемориал тақтада Ауғанстан соғысында ажал құшқан жерлестердiң есімдері жазылған. 4 жыл бұрын (2010) Алматыда Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақтың алғашқы ұшқыш қызы, «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанова өмірінің соңғы жылдарын өткізген үйде мемориалды тақта ашылды. Сондай-ақ дәл осы күні Атырау қаласындағы скверде Х.Доспановаға арналған қола бюст ашылды. Хиуаз Доспанова қазіргі Атырау, бұрынғы Гурьев облысының Ганюшкино ауылында дүниеге келген. 1940 жылы мектепті алтын медальмен бітірген ол Мәскеу мемлекеттік институтына түскен. Бірінші курста ерікті түрде сұранып майданға аттанған. Ол ерлігі аңызға айналған 558-ші бомбалаушы полк құрамында болды. Атқыш штурман ретінде жау тылына 300-ден астам рет ұшып шыққан. «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Ту» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. 4 жыл бұрын (2010) Ақтөбеде Әлия Молдағұлова атындағы даңғылда Кеңес Одағының батырларының аллеясының құрылысы басталды. 4 жыл бұрын (2010) Шымкентте Даңқ мемориалы ашылды. Қаладағы Абай атындағы саябақта осы оқиғаға байланысты салтанатты шара өтті. Мемориал бір композицияға біріктірілген бірнеше ескерткіштен құралған.
ЕСІМДЕР 84 жыл бұрын (1930-1982) график-суретші, Қазақ КСР-нің халық суретшісі СИДОРКИН Евгений Матвеевич дүниеге келді. Ресейдің Киров облысында туған. Қазандағы көркемсурет училищесін, Ригадағы көркемсурет академиясын, Санкт-Петербор қаласындағы Кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген. 1957 жылдан Алматыда қызмет еткен. Қазақ халық ертегілеріне арналған «Көңілді алдампаздар», «Қазақ эпосы» иллюстрацияларының, «Қазақтың ұлттық ойындары», «Ғасырлар түнегінен» атты автолитографиялардың, «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» атты топтаманың, М.Салтыков-Щедриннің «Бір қаланың тарихы» романына иллюстрацияның авторы. Қазақ халқының тіршілік-болмысына, оның ішкі сыр-сипатына терең бойлаған бұл топтама суреттері 1965 жылы Лейпцигтегі көрмеде алтын медальді иеленді. «Ақсақалдар» атты автолитографиялар топтамасы мен М.Әуезовтің «Абай жолы» романына жасаған иллюстрациялары үшін Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығы берілді. Суретші монументті-сәндік өнер саласында да еңбек етті, әсіресе монументті формаға бейімділігін байқатты. Алматыдағы бұрынғы «Целинный» кинотеатрының фойесіне арнап көп қабатты түрлі-түсті графитто композициясын және суретші О.Богомоловпен бірге балалар театры фронтонының мозаикалық үлкен панносын жасады. 83 жыл бұрын (1931-1978) конькиші, Қазақстан конькишілері арасынан шыққан тұғыш спорт шебері, конькиден алыс қашықтықтарға жүгіруден және көпсайыстан Қазақстанның 12 дүркін чемпионы, 7 мәрте республика рекордын жаңартушы ҚАҢЛЫБАЕВ Ораз Мұсағалиұлы дүниеге келді. Семей қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік орталық дене тәрбиесі институтын бітірген. Ол коньки спортымен қатар бокс, жеңіл атлетика, велосипед, волейбол, допты хоккеймен де айналысқан. Велосипед пен допты хоккейден Қазақстан чемпионы, басқа спорт түрлерінен жүлдегер атанған. 1953 жылы КСРО құрамасы сапында Харбин қаласында өткен Қытайдың ашық біріншілігіне қатысып, екі қашықтықта рекорд жаңартқан. Мұнан кейін Бейжің қаласында өткен халықаралық жарыста бірінші орын иеленген. 1965-1968 жылдары Моңғолия құрамасын жаттықтырды. Сол жылдары шәкірттері Моңғолияның 13 рекордын жаңартқан. Қазақстанға оралғаннан кейін «Динамо» спорт қоғамында жаттықтырушы болып, Қазақстан құрамасына жетекшілік жасады. Кейіннен республикалық жоғары спорттық шеберлік мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, директоры болған. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 73 жыл бұрын (1941) Қазақ ұлттық аграрлық университеті мал тұқымын асылдандыру және мал шаруашылығы кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі ЕГЕУБАЕВ Арғынғазы Әбутәліпұлы дүниеге келді. Қостанай облысының Қостанай ауданында туған. Қостанай ауыл шаруашылығы техникумын, Алматы зооветеринарлық институтын бітірген. 106 ғылыми жарияланымның, оның ішінде 2 монографияның, 2 оқулықтың, 3 оқу құралының, 8 ұсыныстың, 14 оқу-әдістемелік нұсқаулықтың және 1 өнертабыстың авторы. Сонымен қатар 3 ауыл шаруашылығы ғылымы кандидатын және 1 докторын дариярлаған. 1968-1996 жылдары Алматы зооветеринарлық институтының аспиранты, ассистенті, аға оқытушысы, доценті, факультет деканы, кафедра меңгерушісі, тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры. 1996-2003 жылдары - Қазақ ұлттық аграрлық университеті ауыл шаруашылығы малдарын азықтандыру және азық өндірісі кафедрасының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде 2003 жылдан бастап істейді. Медальдармен, КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 68 жыл бұрын (1946) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор ЫСҚАҚБАЕВ Әлібай дүниеге келді. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. ҚР ҒА Физика-математика институтының ғылыми қызметкері, Қазақ политехникалық институтының, Алматы сәулет-құрылыс институтының кафедра меңгерушісі болған. 1985 жылдан бастап қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика кафедрасының доценті, профессоры. Ол механиканың жаңа қалыптасып келе жатқан салаларының бірі - зақымдану механикасын зерттеуші маман. Оның 60-тан астам ғылыми жарияланымы, оның ішінде 2 монографиясы жарық көрген. 61 жыл бұрын (1953) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ШОЙБЕК Орынбай дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары, Көкшетау, Оңтүстік Қазақстан облыстық газеттерінде, облыстық әкімшілікте жауапты қызметтер атқарған. Біраз уақыт республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, тәуелсіз «Ар» газетінің бас редакторы, «Ғасыр Ш» баспасының директоры болған. 1986 жылы «Жалын» журналы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің бірігіп жариялаған жабық бәйгесінде «Қателік» деген шытырман хикаяты үшінші орынды, 1995 жылы «Жалын» баспасы жариялаған дәстүрлі бәйгеде «Әміршінің әлегі» атты повесі бас жүлдені иеленген. Алғашқы туындылары «Арман қанатында», «Сарыағаш саздары» ұжымдық жинақтарына енген. Содан бергі уақытта «Өмір деген осындай», «Тозаңды терезе», «Саңырауқұлақ», «Әміршінің әлегі» повестері мен әңгімелері, «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» роман-дилогиясы, т.б. жеке кітап болып шыққан. 2003 жылы шындық деректерге негізделген «Түрмеге түспейтіндер» атты детективті романы жарық көрген. 1999 жылы облыс әкімінің «Алтын қауырсын» жүлдесін, 2001 жылы «Жылдың үздік жазушысы» атағын иеленген. 58 жыл бұрын (1956) педагогика ғылымының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР полиграфия және баспа ісінің еңбек сіңірген қайраткері МӘЖЕНҚЫЗЫ Райхан дүниеге келді. Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтының математика факультетін бітірген. 1979-1994 жылдары - «Мектеп» баспасының редакторы. 1994 жылдан бастап ҚР Ақпарат министрлігінің Баспа және полиграфия істері жөніндегі департаменті баспа бөлімінің бастығы болған. Ол балаларға арналған бірнеше кітаптың, орта мектеп оқушыларына, мектепке дейінгі мекеме тәрбиеленушілеріне арналған оқу құралдарының авторы. Халықаралық кітап көрмесінің қола медалімен, ҚР Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 58 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы консулы, техника ғылымының кандидаты, «Экология» халық академиясының академигі ҚОНАЕВ Эльдар Асқарұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1978-1979 жылдары - Қазақстан ҒА Ядролық физика институтының инженері. 1979-1983 жылдары - Қазақстан ҒА Металлургия және кен байыту институтының инженері, кіші ғылыми қызметкері. 1983-1987 жылдары - Алматы қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1987-1988 жылдары - Қазақстан кәсіподақтары республикалық кеңесінің нұсқаушысы. 1988-1989 жылдары - Қазақ политехникалық институтының ғылыми қызметкері. 1989-1992 жылдары - Қазақстан ҒА Металлургия және байыту институтының ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, «Заман» шағын өндірісінің директоры. 1992 жылдан Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті, президенті. 1998-2001 жылдары - Алматы облыстық Жоғары экономикалық кеңесінің бөлім бастығы. 2001-2004 жылдары - ҚР Төтенше жағдайлар агенттігі Төтенше жағдайларды ескерту департаментінің директоры, ҚР Төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының орынбасары. 2004 жылдан ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлар аймағын мемлекеттік бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары болған. 54 жыл бұрын (1960) Ақмола облысы Атбасар ауданының әкімі ӘУБӘКІРОВ Руслан Шохметұлы дүниеге келді. Ақмола облысы Ақкөл қаласында туған. Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген. Целиноград ауданы (Ақмола) Қосшы ауылындағы кеңшар-техникумының оқытушысы, Жақсы аудандық комсомол комитетінің хатшысы, Целиноград облыстық комсомол комитетінің сектор, бөлім меңгерушісі, хатшысы, бірінші хатшысы, Қазақстан Жастар одағының Целиноград облыстық комитетінің бірінші хатшысы, Алматы қаласындағы «Политек» жабық түрдегі акционерлік қоғамының басшысы, «Агрофирма TNK» ЖШС басшысы, Ақмола облысы Жақсы, Щучье аудандарының әкімі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2006 жылдың 6 қарашасынан. 51 жыл бұрын (1963) тарих ғылымының кандидаты, саясаттану ғылымының докторы, Халықаралық телеарна және радио академиясының, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары НАЗАРБАЕВА Дариға Нұрсұлтанқызы дүниеге келді. 1963 жылы 7 мамырда Қарағанды облысының Теміртау қаласында туған. 1980-1983 жж. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқыған. 1983-1985 жж. - С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінің студенті. 1985-1987 жж. - М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті тарих факультетінің тағылымдамадан өтуші-зерттеушісі. 1987-1990 жж. - М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспиранты. Саяси ғылымдар докторы, тарих ғылымдарының кандидаты. 1992-1994 жж. - «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының вице-президенті. 1994-1995 жж. - «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының вице-президенті, «Хабар» Ұлттық телевизиялық ақпараттық агенттігінің директоры. 1995-1998 жж. - Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Хабар» Агенттігі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры. 1998-2001 жж. - «Хабар» агенттігі» ЖАҚ-ның президенті. 2001-2004 жж. - «Хабар» агенттігі» ЖАҚ-ның директорлар кеңесінің төрайымы. 2004-2007 жж. - ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Республикалық «Асар» партиясының тізімі бойынша сайланған депутаты, «Аймақ» депутаттық тобының жетекшісі. 2007-2012 жж. - «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры» қоғамдық қорының директоры. 2012-2014 жж. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы. «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі. 2001 жылдан бастап Еуразиялық медиа форумының ұйымдастырушысы және ұйымдастыру комитетінің төрайымы. «Парасат» орденімен және Франция Республикасының Әдебиет және өнер орденімен марапатталған. Ағылшын, итальян, неміс тілдерін меңгерген. 45 жыл бұрын (1969) - «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы ЕРМЕГИЯЕВ Талғат Амангелдіұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. 1993 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс мамандығы бойынша бітірген. 2004 жылы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және басқару мамандығы бойынша аяқтаған. 2009 жылы П.Ф.Лесгафт атындағы Мемлекеттік дене шынықтыру, спорт және денсаулық университетін (Санкт-Петербург қаласы) денешынықтыру мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. 1993-1998 жылдар аралығында Халықаралық экономикалық және әлеуметтік реформалар қорының Алматы бөлімшесінде («Реформа» қоры) директордың орынбасары, атқарушы директор болып жұмыс істеді. 1998-2002 жылдары «Рахат» Қазақстан-Австрия бірлескен кәсіпорны бас директорының орынбасары қызметін атқарған. 2002-2005 жылдары - «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ бас директорының кеңесшісі, атқарушы директоры, құрылыс жөніндегі басқарушы директоры. 2005-2006 жылдар аралығында - «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті. 2006-2008 жылдары - «АлматыҚұрылыс» Ұлттық холдинг компаниясы» акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті лауазымында. 2008-2011 жылдары - туризм және спорт вице-министрі. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі қызметін атқарды. 2012-2013 жж. Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы. 44 жыл бұрын (1970) КТК телеарнасының бас директоры ШОРАЕВ Арман Төлегенұлы дүниеге келген. Көкшетау облысында туған. Көкшетау педагогикалық институтын, «Әділет» жоғары мектебін, Экономика және менеджмент институтын орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, заңгер, экономика магистрі мамандықтары бойынша бітірген. 1989-1991 жж. - Көкшетау облыстық радиосының жастар бағдарламасының редакторы; 1991-1995 жж. - Көкшетау облыстық телеардиокомпаниясының тікелей эфирдені бағдарламасының жүргізушісі, 1996-1997 жж. «Оқжетпес» ТРК директоры. 1997-1999 жж. - Астана қаласы бойынша КТК телеарнасының меншікті тілшісі. 1999-2004 жж. - Ақмола облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы, 2004-2006 жж. - «Хабар» агенттігінің Орталық бюросының директоры. 2005 жылы ҚР президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының баспасөз қызметінің жетекшісі. 2006 жылы «Хабар» агенттігі» АҚ бас директорының орынбасары, 2006-2007 жж. - ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы. Аталған телеарна басшылығы қызметінде 2007 жылдың маусым айынан.