7 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер.

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 7 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

7 шілде, ЖҰМА

Дүниежүзілік шоколад күні

Шоколад - барлық адамдардың сүйікті тәттісі болғандықтан, оған көптеген ұлттық және халықаралық дәрежедегі мерекелер арналған. Жалпы бүгінгі таңда екі дүниежүзілік шоколад күні атап өтіледі: бірі 7 шілде күні, екіншісі - төрт күн өткеннен кейін, 11 шілдеде.

Жапонияда Танабата

Бұл мереке Ғашықтар күнінің жапондық үлгісі іспетті. Оның шығу тарихы екі жұлдыздың махаббат хикаясынан бастау алады. Тағдырдың тәлкегімен олар үнемі бір-бірінен қашықта жүруге мәжбүр болып, жылына тек бір рет қана кездесе алады. Ол күн «Танабата» деп аталады.

Сүлеймен аралдарының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1978)

Сүлеймен аралдары - Тынық мұхитының Меланезия құрамындағы архипелаг. Ірі аралдары: Бугенвиль, Гуадалканал, Санта-Исабель, Малаита, Сан-Кристобаль, Шуазель, Нью-Джорджия. Аралды 1568 жылы испандық теңізші А.Менданья де Нейра ашқан болатын. Сүлеймен аралдарының Солтүстік бөлігі Папуа - Жаңа Гвинея құрамына кіреді, көпшілігі Ұлыбританияның протектораты. Әкімшілік орталығы - Хониара қаласы. Халқы австронезия және папуас тілдерінде сөйлейді. Ақша бірлігі - Сүлеймен аралдарының доллары. Мемлекеттік құрылысы - конституциялық монархия.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1970 жылы Алматы облысы Іле ауданының Новоилийск ауылына Қапшағай қаласы атауы беріліп, облыс қарамағындағы қалалар тізіміне енді.

Ежелгі түрік сөзі «Қапшағай» «тас аңғар», немесе «шатқал» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөздің шығу тегінің тағы бір нұсқасы Жоңғар шапқыншылығы заманымен байланысты, қазақ қолбасшысы Қаптағай батыр бұл жерде өзен арқылы өтіп, оның арнасын құм салынған қаптармен бекітіп тастамақшы болады. Яғни, «қап» сөзі де елді мекеннің Қапшағай аталуына негіз болса керек.

1977 жылы Қазақ кардиология ғылыми-зерттеу институты (қазіргі Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты) құрылды.

1982 жылы Оралда қазақ халқының батыр қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың өмірінен сыр шертетін мемориалдық мұражай үйі ашылды.

Мәметова Мәншүк (шын есімі - Мәнсия) Жиенғалиқызы (1922-1943) - қаһарман қазақ қызы, Кеңес Одағының Батыры (1944).
Орал облысында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде Алматы медицина институтында оқып жүрді. 1942 жылы тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады. Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған, Невель, Алматы, Орал, т.б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар. Республиканың ондаған мектептері Мәншүк есімімен аталады. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» (авторы - Андрей Михалков-Кончаловский, режиссері - Мәжит Бегалин) көркем фильмі түсірілді.

1995 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған мерейтой басталды.

1999 жылы Ақтөбеде ақын Нұрпейіс Байғанинге ескерткіш орнатылды.

Байғанин Нұрпейіс (1860-1945) - халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.

Қазіргі Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туған. Әкесі Байғана жоқшылықты көп көрген. Анасы Үміт әнші, домбырашы әрі ақын болыпты, айтыстарға қатысқан. Ол ақындық өнерді ең алғаш анасынан үйренген. 16-17 жасынан-ақ «бала жыршы» атанады. Кейіннен Абыл, Шернияз, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Қазақбай, Сабыр тәрізді белгілі ақындардан үлгі алып, бірқатарымен айтысқа түседі, батырлық жырларды үйренеді. Нұрпейіс Байғанин негізінен батырлықты, адамгершілік пен адалдықты, әділдік пен ізгілікті дәріптейтін, халық сүйіп тыңдайтын «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты жыр, дастандарды жырлаған. Ол жырлаған «Қобыланды батыр» жыры - осы жырдың басқа ақын-жыршылар айтқан нұсқаларынан көлемі молы, оқиғасы жағынан мазмұндысы. Жыршының ертеректе жырлаған дастан, жыр нұсқалары кезінде жазылып алынбаған. Ол эпостық жырларды айтумен қатар, дайын сюжеттерді пайдалана отырып, халықтық, әлеуметтік мәселелерге арналған «Ақкенже», «Нарқыз» сияқты өз туындаларын шығарды. Ақын жыр алыбы Жамбыл сияқты Қазақстанның біраз жерлерін аралап, Алматы, Мәскеу қалаларында болып, ертеден келе жатқан жыраулық дәстүрді халқына қайта тарту етті. Оның өмірі мен шығармашылығы Есмағамбет Ысмайыловтың, О.Нұрмағамбетованың, К.Сейдехановтың зерттеулерінде қарастырылған. Ақтөбе облысында Байғанин ауданы бар. Ақтөбе және басқа қалалардағы көшелер мен мектептерге ақын есімі берілген.

2000 жылы Астанада жаңа Орталық алаң ашылды.

2004 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының «Қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы» Заңына қол қойды.

2004 жылы Қазақстан Республикасының №576 «Инвестициялық қорлар туралы» Заңы қабылданды.

2005 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығы Қазақстан банк жүйесінің тарихында алғаш рет және ТМД елдерінен бірінші болып банк қызметтерінің сапа менеджменті жүйесі ISO 9001:2000 халықаралық сапа стандарттарына сәйкестілік туралы сертификатқа ие болды. Әлемнің 148 мемлекетін біріктіретін бұл стандартты Халықаралық ISO стандарттау орталығы өңдеген.

2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заңға қол қойды.  Аталмыш Заң Қазақстан Республикасының аумағында арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

2009 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы, Астана қаласындағы Әбу-Даби Плаза кешенінің құрылысына қатысты келісімді бекіту туралы» Заңға қол қойды.

2010 жылы Петропавлда Достық фонтаны ашылды, оның маңында әлем әдебиеті классиктерінің, ақындар мен жазушылардың 34 мүсіні орнатылған. Композиция авторы - белгілі сәулетші Қазбек Сатыбалдин.

2010 жылы Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ жариялаған Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру жылы аясында Польшада Қазақстан елшілігінің ықпалдасуымен «Қазақтың 100 әні. Таңдамалы шығармалар» қазақтың музыкалық шығармаларының бірегей жинағы жарық көрді. Жинақ авторы - Александр Затаевич. Ол үш тілде - қазақ, поляк және орыс тілдерінде жарық көрген.

2012 жылы Павлодар облысында пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) әйгілі сахабасы Хазірет Әлидің тікелей ұрпағы, ислам дінін таратушы, ағартушы, философ Мәшһүр Жүсіптің ұстазы Исабек ишан Хазіреттің 220 жылдық мерейтойы аталып өтілді.

2012 жылы Шымкентте Астана атты жаңа даңғыл ашылды.

2013 жылы Қазанда ресми түрде Қазақстан Республикасының Бас консулдығы ашылды. Ресейдегі Қазақстан Елшісі Ғалым Оразбақов Татарстан Президенті Рустам Миннихановқа және Қазан қаласының мэрі Ильрус Метшинге қала орталығынан консулдыққа ғимарат бөліп бергені үшін алғысын білдірді. Ол осы ғимаратта Қазақстанның сауда өкілдігі және «Эйр Астана» әуе компаниясының аймақтық бөлімшесі орналасатынын айтты.

2014 жылы Астанада «Астана Bike» велопрокат стансалары желісі жұмыс жасай бастады.  Велостансалар Астананың сол жақ жағалауының орталық бөлігінде 300-500 м ара қашықтықта орналасқан. Олар күн энергиясынан қуат алады.

2015 жылы ҚХР-дағы Қазақстан Елшілігінің бастамасымен прайм-тайм уақытта Қытайдың орталық телевидениесі бойынша CCTV-6 арнасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елбасы жолы» - «Тығырықтан жол тапқан» көркем фильмі көрсетілді.

2015 жылы «ЭКСПО-2017» көрмесі туралы фильм Германиядағы Дүниежүзілік бұқаралық ақпарат құралдары фестивалінде бірінші орын алды. Фестивальге барлығы 38 ел және 40-қа жуық корпорация, агенттік, телеарна қатысты. «EXPO Family Film» (ЭКСПО-ның отбасылық фильмі) «Корпоративтік коммуникациялар: келушілерге арналған ақпарат» аталымында «алтын» жүлдеге ие болды.

2015 жылы Қазақстанның Берлиндегі елшілігінде Германияның көші-қон одағының Алтын белгісі мен Құрмет грамотасын табыстау рәсімі өтті. Марапатқа Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ие болды. Сыйлықты Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы елшісі Болат Нүсіпов қабылдап алды. 

2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Астана күніне орай, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара қаласында су қоймасы жағасынан екі қабатты, заманауи үлгіде салынған жаңа мұражай ғимараты салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді.

1881 жылы алғаш рет «Пиноккио» ертегісі басылып шықты (Рим, «Балаларға арналған журнал»).

1923 жылы Таулы Қарабах автономиялық облысы құрылды.

1954 жылы  Әйелдердің саяси құқығы туралы конвенция күшіне енді. Оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1952 жылғы желтоқсанның 20-ында қабылдаған болатын.

1990 жылы Римде тенор дауысты ең атақты үш әнші - Лучано Паваротти, Пласидо Доминго және Хосе Каррерас алғаш рет бірге ән шырқады.

ЕСІМДЕР
94 жыл
 бұрын (1924-2004) Кеңес Одағының Батыры, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының құрметті азаматы ӘШІРОВ Сейітқасым дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Самарқанд ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Самарқанд қаласында мергендер курсынан өткен. 2-Беларусь майданының 96-атқыштар дивизиясы 331-полкінің құрамында барлаушы, взвод командирі болып, Беларусьтағы, Польшадағы ұрыстарда жау шебіне талай рет өтіп, құнды деректер әкелген. Соғыстан кейін Шәуілдір аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Қызылқұм аудандық халық сотында судья, Шардара ауданындағы Шардара кеңшарында бас мал дәрігері, директордың орынбасары, директоры қызметтерін атқарды.

«Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз», 1-дәрежелі «Отан соғысы», 3-дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

77 жыл бұрын (1941) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ТӨКЕЕВА Ырысалды Әділханқызы дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасының Дөрбілжін ауылында туған. Үрімжі медицина институтын бітірген. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарған. 2000 жылдан бастап Бельгияда тұрады. 2009 жылы Лондонда өткен Еуропа қазақтарының құрылтайына қатысқан.

Өлеңдері «Салтанат», «Белес», «Көктем», «Дала дабылы», «Тарбағатай жырлары», «Шиху өрендері», «Ой толқыны» атты жинақтарға енген.

61 жыл бұрын (1957) VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы БЫЧКОВА Светлана Федоровна дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Физика (1978ж.), заң (1991ж.) факульттеттерін бітірген. (1986 ж.) Бүкілодактық ҒЗИ сот сараптамасы бойынша аспирантураны аяқтады.

1978-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ҒЗИ сот сараптамасында инженер, маман, кіші ғылыми қызметкер, бас ғылыми қызметкер, бөлім бастығы, ғылыми жұмыстар бойынша бастықтың орынбасары, бастықтың міндетін атқарушы.

1997-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі сот сараптама орталығының директоры.

2002 - 2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі.

2007 - 2011 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжіліс төртінші шақырылымының депутаты.

2012 - 2016 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі бесінші шақырылымының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық комитетінің хатшысы.

Қазіргі қызметінде 2016 жылдың наурызынан бері.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған.

Неміс тілін меңгерген.

42 жыл бұрын (1976)Шығыс Қазақстан облысыныңБесқарағай ауданының әкімі БАТЫРБАЕВ Дәулет Бахитұлы дүниеге келді.  

Семей қаласында туған.

1998 жылы Семей мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есепке мамандандырылған экономист», 2001 жылы Новосібір гуманитарлық институтын «Құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған.  

Еңбек жолын 1998 жылы Семей қаласында Новосібір гуманитарлық институтында әдіскер болып бастады.

1999-2006 жылдары - «Азия» Фирма» ЖШС-інде брокер, директор.

2006-2007 жылдары - «Батырбаев Д.Б.» жеке кәсіпкер.

2007-2009 жылдары - «Дегелең Семей Тау» ЖШС-інде бас маман.

2009-2010 жылдары - Өскемен қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінде бас маман.

2010-2011 жылдары - Меновное ауылдық округі әкімінің орынбасары.

04.2012-07.2012 - Ұлан ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы.

2012-2016 жылдары - Ұлан ауданы әкімінің орынбасары.

2016-2017 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының әкімі.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдың желтоқсан айынан бері.

74 жыл бұрын (1944) итальяндық композитор, эстрада әншісі ТОТО Кутуньо (толық аты-жөні - Сальваторе Кутуньо) дүниеге келді.
Бала кезінен музыкалық қабілетін байқатқан ол 13 жасында аймақтық музыка байқауында 3-орынды иеленеді. 19 жасына дейін жергілікті музыкалық топта ұрмалы аспапта ойнап, Манусарди ансамблінің құрамында Финляндияға алты айлық сапарға шығады. Еліне оралғаннан кейін «Toto e Tati» атты жеке тобын ұйымдастырып, Италияда өнер көрсете бастады, сонымен қатар өзі де музыка жазуды қолға алды. 1983 жылы «L'Italiano» әнімен Сан-Ремо фестивалінде бірінші орынды иеленсе, 1990 жылы «Евровидение» конкурсында жеңімпаз атанды.

Оның әуезді, аздаған мұңлы және өте романтикалық әндері ұзақ уақыт бойы итальяндық Доменико Модуньо, Адриано Челентано, Кристиан, француз Джо Дассен, американдық Петула Кларк сынды танымал әншілердің репертуарынан орын алды.