ОРАЛ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгінде Орал қаласында тұратын, биыл 75 жасын атап өткен белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев жасы тоқсанға иек артқан ұстазы Шыңғаным Төлемісовамен кездесті.
Шыңғаным әжей бүгінде Теректі ауданы Ақжайық ауылында балаларының қолында тұрады.
«Көп жылдан кейін ұстазыммен жүздесу айрықша әсер қалдырды. Бір сыныпта оқыған замандасым Ғазиз Хаймулдин және басқа азаматтармен бірге Шыңғаным апайдың шаңырағына барып, дәм татып қайттым. Өзіміз 75-ке келгенде, білім берген ұстазыңның алдын көру шын қуаныш екен. Біз соғыстың, одан кейінгі жылдардың қиындығын көрдік. 1952 жылы Орда ауданының жері әскери полигонға беріліп, халқы жан-жаққа көшірілді. Соның ішінде қайран анам екеуміз де бар едік. Бүгінде, міне, сол анамның көзін көргендей, ерекше тебіреніс құшағында болдым», дейді ақын Қайрат Жұмағалиев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).