Айта кетейік, жасы сексенге таяған спортшы халықаралық деңгейде жолға шығып жүрген веломарафоншы. Ол бұған дейін Біріккен Араб Әмірлігіне, Ауғанстанға, Мәскеуге велосипедімен барып қайтқан. Біз велоспортты өміріне серік еткен ел ағасымен жолға шықпас бұрын сұхбаттасқан болатынбыз.
«Мен бала кезде осы спортқа қызықтым. Содан 10 жасымнан бастап айналыса бастадым. Кейіннен дүниежүзін осы велосипедпен жүріп өтуді армандап, кәсіби тұрғыда дайындалдым. Көп жылдар бойы ұзақ жолдарға шығып үйрендім. Мысалы мына Шымкенттен Таукент кентіне деиін 250 шақырым болса, соны 6 сағатта жүріп өттім. Одан кейін велосипедпен еліміздің көп қалаларына бардым. Ал, шетелге шығуды 2003 жылы бастадым. Қазақстан мен Ресей жылына орай Мәскеу қаласына барып қайттым. Одан кейін Түркістанның 1500 жылдығына орай Түркістан-Мекке бағытымен жүріп өттім. Ол жаққа бір өзім екі ай, 63 күн жүрдім. Атап айтқанда Өзбекстан, Иран, Ирак, Кувейт елдері арқылы жеттім. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 65 жыдығына орай Шымкенттен Волгоградқа шықтым. Бірақ 2 мың шақырым жүріп, Атырау қаласына жеткенде саябақта велосипедімді ұрлап кетті. Таба алмаған соң қайтуға тура келді», - деп еске алады ақсақал.
Ал, өткен жылы маусым айында Кеңесбек Сейдімбеков Ауғанстанға шыққан екен. Алайда оны екі рет жолдан қайтарыпты.
«Алғашқысында, 14-25 маусым күндері Өзбекстанда Саммит өтуіне байланысты мені шекарадан өткізбеді. Екіншісінде Тәжікстан өткізбей қойды. Ақырғы рет мен визамды создырып, 10 қараша күні шығып кеттім. Содан Тәжікстан, Памир таулары арқылы бір аптада Кабулға жетіп бардым. Үш күн қаланы аралап, төртінші күні елшілікке соқтым. Олар болса таңғалып, «мұнда жалғыз өзіңіз қалай жеттіңіз?» деп сұрады. Жалғыз жүру қауіпті екенін ескертті. Кейіннен жергілікті журналистерді шақырып, кездесулер ұйымдастырды. Сондағы БАҚ жарыса жазды. Қайтарда елшіліктегі жігіттер менің өміріме қауіптеніп, 400 шақырым жердегі Мазари Шариф деген қалаға дейін ұшақпен шығарып салды»,- дейді Кеңесбек Сейдімбеков.
Велоспортшының сөзінше, ұзақ жолға шыққанда көп қиындықтар кездеседі. Бөтен адамдар шығып, заттарын ұрлап алады. Қорқыту, тонау деген жағдайлар да кездесіп жатады екен. Сондықтан ол әр жолға шыққанда бір Аллаға сыйынып шығамын дейді. Ал туыстарына «Менімен бір жағдай бола қалса, сол жерге жерлеңдер, сүйегімді алып келмей ақ қойыңдар» деп ескертеді екен.
«Мәселен, Меккеге сапарым кезінде Өзбекстан арқылы кетіп бара жатқанымда бір адамдар фотоаппаратымды ұрлап алды. Түрікменстанда велосипедімді ұрлатып, әрең таптым. Тағы түнделетіп бір ауылынан өтіп бара жатып, алдымнан бетперде киген екеу шықты. Оларға «Ассалаумағалейкум» деп амандастым. Олар «Мұсылмансың ба, қайда кетіп бара жатырсың» деп, беттеріндегі бетперделерін шешті. Қайтадан жөн сұрасып, қайда бара жатқанымды білген соң, біздің орнымызға да зиянат ет деп ақша ұстатып кетті. Одан кейін Ауған еліне бара жатқанымда Памир тауларының арасымен жүріп өттім. Бір жерлерде танкілер, БТР көліктері соғыстан кейін сол күйі қалып кеткен. Ешкім тимепті. Кәдімгідей қорқып қаласың. Бірақ ауғандықтармен айтқандай қауіпті емес екен. Қайта маған құрмет көрсетті. Бәрінен де Мәскеуге барып келуім қиын болды. Жол жөнекей велосипедімді ұрлап кетті. Кейін сол қаланың тәртіп сақшыларына айтып жүріп, таптыртып алдым. Орынборға жақындаған тұста жолда асхана бар екен. Сол жерге тоқтап, тамақтанып алайын деп шештім. Сыртта кілең қымбат көліктер тұр екен. Ішке кірсем кәдімгі кинодағыдай қылмыскерлер сияқты бір топ жігіттер отыр екен. Араларында жергілікті қазақтар да бар. Мен жанындағы орындыққа отырып, тамаққа тапсырыс жасайын дегенмін. Қарасам бағалары тым қымбат екен. Ішіндегі жігіттер жөн сұрасып, сөзіме риза болып олар маған жолыма ақша, көп тамақ алып беріп жіберді. Әсіресе түнде орманды жерлерден өтіп бара жатқанда рэкеттер суық қарумен, пышақпен қорқытып тонамақ болған жәйттер де кездесті. Амалдап өтіп жүрдім. Кейін Мәскеуге барғанда мұсылмандар метроны жарып жіберген жағдай орын алған. Соған байланысты учаскелік полицейлер мені полиция бекетіне апарып, қол жұмсады. Бірақ артынан менің сапарым ресми түрде келісілгенін біліп, кешірім сұрап, қайта жіберді»,- дейді жасы келген велоспортшы.
Кеңесбек Сейдімбеков кез-келген ұзақ сапарға аттанарда қай мемлекеттерден өтетінін, ол елдердің мәдениеті мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қалай екенін біліп аламын дейді.
«Үйдегі әйелім, балаларым да үйреніп кеткен. Жалпы жолға шыққанда мен 10 күнге дейін ешкім іздемейді (күлді). Басты мақсатым - Қазақстанның, байтақ даламыздың атын шығару. Соны шетелдіктерге таныстырсам деймін. Жас кезімде бүкіл Еуропа елдерін араладым. Ресейдің 40 қаласын, Кубада, Араб елдерінде болғанмын. Біраз мемлекеттердің әдет-ғұрпы, мәдениетін біліп қалғанмын. Қай жерде қандай аңдар болады, қандай жәндіктер тіршілік етеді, сол жөнінде танысып аламын. Өйткені оны білу де маңызды. Мысалы, Меккеге кетіп бара жатқанда Түрікменстанда 300 шақырым құм жол бар. Сол жерде бір кісі құмда шибөрілер көп, абайлаңыз деді. Оның үстіне құмда шаян, жылан сияқты улы жәндіктер бар. Содан мен үстіме бар киімімді киіп алып, түнде далаға қондым. От жағып қойып, біраз үрейленгенім бар»,-дейді қария.
Жасы сексенге таяған ел ағасы әлі де күш-қуаты жетерлік екенін айтады. Тынбай спортпен шұғылданудың арқасында осы дәрежеге жетіп отырмын дейді. Ол сондай-ақ адам ағзасының мүшелері қызметін біліп, дұрыс жаттығу жасау да маңызды екенін айтады. Мысалы күнделікті велосипедімен таңертең 15-20 және кешкісін де сонша жол жүріп келеді екен. Бастапқы кезде баяу жүріп, денені қыздырып, кейін жылдамдық қосады. Бүгін де Астанаға жол тартып бара жатып дайындығым жақсы деп отыр.
«Велосипедке, үстімдегі киіміме барған қалаларымның атын жазып алып, Астанаға жол жүріп барамын. Елордаға 5-6 күнде барамын деп жоспарлап отырмын. Негізінен жолда көп тамақтанбауға тырысамын. Аш жүрсем жақсы жүремін. Ал, былайша тамақ таңдамаймын. Жолға шығарда балаларым көмектесіп тұрады, өзімнің зейнетақымды жинап, сол қаражаттарды жаратамын»,- дейді ақсақал.
Осылайша қарт велоспортшы Тараз, Шу арқылы Балқашқа жетіп, елордаға жетемін деп жолға аттанып кетті.