«777» героинын өткізу арнасын жою жөніндегі операция Жамбыл гарнизонының басшысы полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаевтың жетекшілігімен өтті, деп хабарлады облыстық департаменттің баспасөз қызметінен.
«Вокзал маңындағы автотұрақта таңғы сағат бестерде ұсталған әлгі әйел жүкті екенін, екі жасар баласы тағы бар екенін айтып, тағдырының ауырлығымен полицейлердің жүрегін жібітпек болған. Әйелдің мойындауынша, ол біреулермен алдын-ала келісіп, Шуға жүкті жеткізу үшін 500 АҚШ долларын алған»,- деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі полиция подполковнигі Роза Қалдыбекова.
Тінту кезінде анықталғандай, ол әйел 1 келі 900 грамм «777» героинын алып келген. Бұл аса ірі көлемдегі «ауыр есірткінің» жергілікті қара базардағы нарқы 20 мыңнан астам долларды шамалайды.
Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес жөніндегі бөлімінің бастығы полиция полковнигі Нұржан Қалметовтың айтуынша, бір ай бойы полицияның бақылауында болған есірткі тасымалдаушы әйел бұлтартпас айғақпен ұсталып, абақтыға жабылды. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 259-шы бабы бойынша (есірткіні заңсыз әзірлеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе өткізу) қылмыстық іс қозғалды. Есірткінің қайдан келгені анықталуда.
Соңғы он жылда ТМД елдерінде тамырын кеңге жайған есірткі мафиясы айылын жыяр емес. Бүгінде ауғандық «достар» орталықазиялықтармен белсенді жұмыс істеуде. БҰҰ мәліметтері бойынша, Шығыс Еуропа елдерінде азиялық, ең алдымен -ауғандық героинның үлкен партияларын қабылдай алатын қоймалар жасалуда. Сол жерден героин бүкіл құрлыққа таратылады. Есірткі Ауғанстаннан Ресейге - Тәжікстан мен Түрікменстан арқылы транзитпен жеткізіледі. Ресейде героинның 1 келісі 70 мың доллар тұрады. Ал Қырғызстанда, Қазақстанда немесе Түркіменстанда сол 1 келі героин 10-15 есе арзан. Ал Ауғанстанда 700 доллар ғана, яғни Ресейдегіден 100 есеге арзан тұрады. Қылмыстық есірткі бизнесінің табатын пайдасы шаш-етектен», - дейді Р.Қалдыбекова.