8 шілде. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 8 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 8 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

8 шілде, ЖЕКСЕНБІ

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

18 жыл бұрын (1994) Алматыда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Президенттері кездесіп, көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Ортаазиялық ытымақтастық және даму банкін құру туралы келісімге қол қойды.

12 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі мемлекеттік мекемесін құру туралы» қаулысы қабылданды. Сонымен қатар ҚР Төтенше жағдайлар агенттігінің Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік аймақтық аэроұтқыр жедел-құтқару отрядтары құрылды.

9 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Орман кодексіне» қол қойды.

18 жыл бұрын (1994) Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен Ақмола облысының Бурабай курортты аймағында Абылай хан ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.

13 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Парламенті кезекті сайлауының мерзімін тағайындау туралы» Жарлығы жарық көрді.

7 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңы қабылданды.

68 жыл бұрын (1944) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Ардақты ана» және «Ана даңқы» ордендерін белгілеу туралы Жарлығы жарияланды.

157 жыл бұрын (1855) Есет батыр жасақтары А.Жантөрин сұлтанның лагеріне шабуыл жасап, оны өлтірді. Бұл көтерілістің шығуына Арал теңізінің батыс жағындағы Үлкен және Кіші Борсықты, Сам құмын, Сағыз, Жем өзендері бойын мекендеген шекті руына түтін салығын салу, әскери мақсат үшін күш-көлік алу, бекініс салынуы салдарынан мал жайылымының тарылуы себеп болды. 1858 жылы қыркүйекте Сам құмында жеңілген Есет батыр көтерілістен бас тартып, патша үкіметіне адал қызмет етуге уәде берді.

92 жыл бұрын (1920) Семей уезінің Долонская станциясы мен Канонерское селосында революцияға қарсы шыққан кулактар бүлік бастады. Оларды азық-түлік салғыртына наразы болған орта шаруалардың біразы қолдады. Бүлік бастағандар «Коммунистерсіз советтер үшін!», «Еркін сауда үшін» деген ұрандар көтерген.

7 жыл бұрын (2005) Астанада Сыртқы істер министрлігінде «ХХІ ғасыр: Әлем саясаткерлері Н.Ә.Назарбаев туралы» кітаптың таныстырылымы болды.

Бұл кітапта мемлекет басшылары мен саясаткерлердің, дін қайраткерлерінің, зияткерлік және іскерлік әлемнің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірлері жинақталған.

3 жыл бұрын (2009) Ұлттық банктің Астанадағы орталық филиалына «OLУMPIC GAMES 2010», «Ежелгі қорған қазыналары. Берел қорғаны» сериясынан - «Жыртқыш пен бұғы» және «Жалаулы көмбесі» коллекциялық шақалары келіп түсті.

«Жалаулы көмбесі» шақалары 999/1000 сынамалы, «proof» сапалы алтыннан жасалған, салмақтары 0,5 және 1,24 грамм. Олардың ішіндегі үлкенінің құны - 8500 теңге, кішісінің құны - 4500 теңге. «Жыртқыш пен бұғы» шақасы да осы сынамадан жасалған, құны да осындай.

«OLУMPIC GAMES 2010» шақасы 925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм.

3 жыл бұрын (2009) Павлодар облысының Ақсу қаласында салтанатты жағдайда Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш ашылды.

Ғалымның мүсіні қаланың басты көшесіне орнатылды. Ескерткіш авторы павлодарлық мүсінші Игорь Соболев мүсіндік портретте атақты жерлесін барынша шынайы көрсетуге тырысқан.

18 жыл бұрын (1994) қазақстандық кинематография тарихында алғаш рет «Территория жизни» сериалының ресми тұсаукесер рәсімі өтті. «Мастерс медиа» тәуелсіз телевизиялық продюсерлік орталығы түсірген экшн жанрындағы сериал әрқайсысы 30 минуттық 8 сериядан тұрады.

1061 жыл бұрын (951) Францияның қазіргі астанасы Париж қаласының іргетасы қаланды. Бүгінгі таңда Париж әлемдік сән орталығы, дүние жүзіндегі ең ірі және көрікті қалалардың бірі.

ЕСІМДЕР

64 жыл бұрын (1948) физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академияларының академигі, Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі ОМАРОВ Еренғайып Сәліпұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Павлодар облыстық индустриалдық институтының ассистенті болып бастаған. ҚазМУ-дың оқытушысы, Қазақ мемлекеттік қыздар институтының доценті, 1991 жылдан «Қайнар» университетінің ректоры болды. 1995 жылдан - ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті. 2000 жылдан «Қайнар» университеті жанындағы Қазақ өркениеті институтының директоры. «Қазақ өркениеті» журналының редакция алқасының мүшесі.

Ресей Жаратылыстану ғылмдары академиясының П.Капица атындағы медалімен марапатталған. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі. «Қазақ өркениетінің қысқаша тарихы» кітаының, 70-тен астам ғылыми жарияланымдардың авторы.

54 жыл бұрын (1958) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі, филология ғылымының кандидаты, профессор, 1-ші сыныпты Төтенше және Өкілетті Елші ТҮЙМЕБАЕВ Жансейіт Қансейітұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетінің зан факультетін бітірген. 1980-1993 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің ассистенті, аға оқытушысы, доценті. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, бөлім бастығы. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті протокол қызметінің бас сарапшысы, Қазақстан Республикасының Стамбул қаласындағы Бас консулы, 1999-2004 жылдары - ҚР Президенті протоколының бастығы, 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті протоколының бастығы - Қазақстан Респубилкасы Президентінің кеңесшісі. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді. «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы», «Қазақ тілі», «Қазақ тілі: Грамматикалық анықтамалық», т.б. кітаптардың авторы.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

113 жыл бұрын (1899-1969) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері ОЧКУР Петр Павлович дүниеге келді.

Украинада туған. Киев медицина институтын бітірген. 1938-1961 жылдары Қазақ медицина институты патологиялық анатомия кафедрасының меңгерушісі, оқу ісі және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері патологиялық анатомия мәселелеріне арналған. П.Очкур ағзадағы жүрек-қантамыр аурулары, бруцеллез салдарынан туатын патоморфологиялық өзгерістерге сипаттама беріп, ондағы заңдылықтарды ашты.

Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.     

73 жыл бұрын (1939) актер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі РАҚЫМОВ Ошат дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы опера және балет театры студиясын бітірген. 1960-1962 жылдары М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында қызмет етті. 1962 жылдан Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық драма театрының актері болды.

О.Рақымов театр сахнасында 200-ге тарта рөлде ойнады. Олардың қатарында Нарша, Көбей, Еспембет, Қозы Көрпеш, Бекежан, Әсет, Капулетти, т.б. бейнелері бар. «Өмірім - өнерім» атты жыр жинағы жарық көрген.

173 жыл бұрын (1839-1937) американдық кәсіпкер, адамзат тарихындағы алғашқы «доллар» миллиардері РОКФЕЛЛЕР Джон Дэвисон дүниеге келді.

Нью-Йорк штатының Ричфорд қаласында туған. 1863 жылы Рокфеллер әріптестерімен бірге Кливлендке тақау жерден өзінің алғашқы мұнай айдау зауытын  салды. 1870 жылы «Стандарт Ойл Компани» компаниясының негізін қалады. Ол досы әрі бизнестегі әріптесі Генри Флаглермен бірге жекеленген мұнай шығаратын және мұнай өңдейтін кәсіпорындарды біртұтас қуатты мұнай тресінің астына топтастырды. Аталған компанияға Америкада өндірілетін мұнайдың 95 пайызы тиесілі болды.

1897 жылдан бастап Рокфеллер компанияның басқару тетіктерін біртіндеп қабілетті әріптестеріне беріп, өзі қайырымдылық шараларымен айналыса бастады. Ол 1892 жылы Чикаго университетінің, 1901 жылы Рокфеллер атындағы медицина институтының (кейінірек Рокфеллер атындағы университет) негізін қалады. 1902 жылы Жалпы білім беру кеңесін, ал 1913 Рокфеллер қорын құрды.

122 жыл бұрын (1890-1974) суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1960) ГОВОРОВА Елизавета Антоновна дүниеге келді.

Ресей Федерациясында туған. 1907-1915 жылдары Санкт-Петербордағы Өнер тарихы интернатында оқыған.

Говорованың шығармашылық қызметі Қазақстанмен тығыз байланысты болды. Негізінен көп қырлы пейзажшы ретінде танылды. Оның қаламұшпен, тушьпен, сангинамен, қорғасынды қарындашпен әсем табиғат көріністерін салған суреттері бояулардың үйлесімділігімен, сызбалары мен штрихтарының ойнақылығымен ерекшеленеді.

«Қазақстанның таулы пейзажы» суреттер топтамасының («Шоқыдағы шыршалы орман», «Сарқырама жартасы», «Тас құрсаудағы бәйтерек», «Жар шетіндегі шыршалар»), «Қазақстанның шөптері» топтамасының («Ошаған ханзада», «Серуен», «Музыкант шегіртке», «Шөптер шілтері», «Таудағы тұман», «Ежелгі Каллиералар орны», «Көкек айы», Қашу») авторы.

42 жыл бұрын (1970) Қостанай облысы Жетіқара ауданының әкімі ИСПЕРГЕНОВ Қуандық Хайдарұлы дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Рудный индустриалдық институтын, Қостанай әлеуметтік академиясын бітірген.

Жетіқара ауданы халық шаруашылық объектілерінің қызмет үйлестіруші бойынша қалалық басқармасының бас маманы, Жетіқара аудандық пошта торабы байланысының бастығы, аудан әкімінің орынбасары, Жетіқара политехникалық колледжінің сауда директоры, Қостанай облысы Жетіқара аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2008 жылдың қарашасынан.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

51 жыл бұрын (1961) экономика ғылымының кандидаты ӘБДІРАХМАНОВ Марат Мәулетжанұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1990-1992 жылдары - Батыс Қазақстан облысының Бөрілі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары. 1992-1993 жылдары - Бөрілі аудандық әкімдігі басшысының орынбасары - Салық инспекциясының бастығы. 1993-1997 жылдары - Орал қалалық салық инспекциясының бастығы. 1997-1998 жылдары - «Қазагропромбанк» Ашық акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан аумақтық басқармасы бастығының орынбасары, «Оралагромашжөндеу» Акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті. 1998-1999 жылдары - «Батыс Қазақстан АЭК» Акционерлік қоғамының вице-президенті. 1999-2002 жылдары - Батыс Қазақстан облыстық Салық комитетінің бастығы. 2002-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының орынбасары. 2003-2004 жылдары - Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2005-2006 жылдары - «Қазақстан инвестициялық қоры» Акционерлік қоғамы басқармасының мүшесі. 2006-2008 жылдары - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары. 2007 жылдың қазанынан - «Каспий» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

41 жыл бұрын (1971) палуан, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақша күрестен спорт шебері САЛЫҚБАЕВ Қуаныш Жұмабекұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында туған. Алғашқы бапкерлері - Т.Шәкенов, А.Теміржанов. Самбодан Қазақстанның бес дүркін чемпионы (1996, 1999, 2000, 2001, 2002) және Азия чемпионатының күміс (2000, Орал) және алтын жүлдегері (2001, Ташкент), Әлем чемпионы (2006, Ташкент). Қазақша күрестен Қазақстанның үш дүркін чемпионы (2002, 2005, 2007) және Азия чемпионатының үздік чемпионы (2007, Қарағанды).

62 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы  АДЫРБЕКОВ Икрам дүниеге келді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған.

Алматы зооветеринарлық институтын, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Зоотехник ғалым, экономист, мемлекеттік және муниципалдық басқару менеджері, э.ғ.д. Дипломаттық дәрежесі - Төтенше және Өкiлеттi Елші.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қызылорда облысының әкімі, Литва, Малайзия және Қытай Халық Республикасында Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкiлеттi Елшісі болып қызмет істеген.

«Құрмет», «Парасат», шетел ордендерімен, бес медальмен марапатталған.

48 жыл бұрын (1964) Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары родилась ДОСМҰХАМБЕТОВА Балжан Ибатқызы дүниеге келді.

1988 жылы Г.В. Плеханов атындағы Мәскеу Еңбек Қызыл Ту Орденінің халық шаруашылығы институтын «Қаржы және кредит» мамандығы бойынша, 2001 жылы - «Юриспруденция» мамандығы бойынша қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын, 2011 жылы - Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей Мемлекеттік қызмет академиясын экономика магистрі дәрежесімен және «Бизнес және мемлекет» мамандығымен «Іскери әкімшіліктендіру шебері (МВА)» біліктілігімен «Экономика» мамандығы бойынша аяқтады. Еңбек жолын 1988 жылы бастады. 1993-1994 жылдар аралығында Гурьев облыстық әкімшілігінің баға белгілеу бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды, 1995 жылы Атырау облысы бойынша баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі Атырау облыстық басқармасы бастығының орынбасары болды. 1999 жылғы сәуірден бастап Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша төрағасы болып тағайындалды. 1999 жылғы желтоқсаннан - Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің директоры болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 10 қазандағы қаулысымен Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды.