Бұл туралы лицейдің ашылу салтанаты рәсімі барысында Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Эльмира Суxанбердиева мәлім етті.
«Жалпы, 1200 балаға арналған лицей дарынды балаларды жинайды. Оқушыларды үш ай бойы конкурстық негізде іріктеп алдық. Мектеп күні бойы жұмыс істейді, мемлекеттік стандартқа сай білім береді және химия, математика, биология мен ағылшын тілін тереңдетіп оқытады. Бір ерекшелігі, бұл мектеп балаларды алты жасынан бастап қабылдайды. Себебі, балалар лицейдің бағдарламасын іліп әкету үшін оқушыларды осы мектеп дайындық тобынан өткізгені дұрыс. Болашақта мектеп ішінен бір-екі топ болатын балабақша ашуды жоспарлап отырмыз. Бірақ, бұл әзірге жоспар ғана. Бұл жоспардың мақсаты - балалар ерте жастан лицейдің тереңдетілген бағдарламасын үйренуі керек»,-деді білім басқармасының басшысы.
Жалпы, лицей қазақ және ағылшын тілдерінде сабақ береді. Қазір 700-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Э. Суxанбердиеваның айтуынша, бұл мектептің негізгі міндеті сан емес, сапаға көңіл бөлу. Сондықтан, оқушылар саны мың баладан аспайды деп күтілуде. Биыл қабылданған 700 оқушының арасында 200 бала - 1-сыныпқа аяқ басқан.
«Оқушылардың саны қазіргі таңда 700 бала. Жалпы, қаламыздағы ең дарынды балалар осы мектепте білім алады деп ойлаймын. Ата-аналарға, мұғалімдерге, балаларға сәттілік тілегім келеді»,-дейді Э.Суxанбердиева.