9 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 9 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

9 ақпан, ЖЕКСЕНБІ

Халықаралық стоматологтар күні. Александрияда III ғасырда өмір сүрген Әулие Аполлонияны еске алу құрметіне бекітілген. Аполлония - Христосқа сенген көрнекті александрлық шенеуніктің қызы. Аполлонияны христиандықтан бас тартуын талап етіп, қатаң жазаға тартады. Аполлония өлім алдында шімірікпеген. Қиналуы мен өжеттігі сол кездегі замандастарын қатты толқытқан, кейін Аполлония есімі естілсе не оған сыйынса - тіс ауруы қоя салады деген аңыз шыққан. Орыс жазушысы Федор Достоевскийді еске алу күні (1821-1881). Әлем әдебиетіне елеулі ықпал еткен ұлы орыс жазушысы Федор Михаилович Достоевскийді еске алу күні. Ол қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановты аса жоғары бағалап, дос тұтқан. Сонымен бірге «Жазушы күнделігінде» отар ұлттардың болашақтағы тағдыры туралы қайшылықты пікірлері де бар. Қытайдың Жаңа жылы немесе Көктем мерекесі. Қытай Жаңа жылы немесе ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл - Көктем мерекесі ол қысқы маусымның соңында бүкіл елде үш күн бойы аталып өтіледі. Көктем мерекесі күндерінде жаппай ойын-сауық басталады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

89 жыл бұрын (1925) Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілді. 79 жыл бұрын (1935) Қазақ АССР Орталық Атқару комитеті төралқасы Республиканың негізгі ұлтының атауын орыс тілінде «казахи», ал республика атауын «Казахстан» деп жазу жөнінде қаулы етті. Мұнан бұрын «казаки», «Казакстан» деп жазылатын. 29 жыл бұрын (1985) Қазақстан жазушылар одағы Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықты бекітті. 21 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды. 20 жыл бұрын (1994) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін және ғалымдарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы» Жарлығы жарық көрді. 14 жыл бұрын (2000) Мұқағали Мақатаевтың «Аманат» таңдаулы өлеңдер жинағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. 12 жыл бұрын (2002) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әкімшілік және мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құру туралы» Жарлығы жарық көрді. 12 жыл бұрын (2002) ҚР Президенті Үндістанға ресми сапар жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сапары барысында Дели қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы атындағы көше ашылды. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының концерт залында Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының «Қысқы пейзаж» атты концерті өтті. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов жетекшілік ететін хор капелласы Сыдық Мұхамеджановтың Абайдың «Жыл мезгілдері» өлеңдеріне жазылған «Қыс» сюитасын және Н.Седельниковтың, В.Шебалиннің, Г.Свиридов пен К.Дебюссидің шығармаларын орындады. 8 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Үндістанды зерттеу орталығы ашылды. Орталықта Үндістан туралы толық ақпаратты кітаптардан, ағылшын, орыс, қазақ, және хинди тіліндегі аудио- және бейнекассеталардан алуға болады, сонымен қатар үнді телебағдарламаларын көруге болады. 6 жыл бұрын (2008) Семейдегі №6 мектеп-гимназияның тарихи-өлкетану мұражайы тағы бір қызықты жәдігермен толықты. Жас тарихшыларға Геннадий Толмачевтің «Олжас туралы сөз» биографиялық кітабы тарту етілді. 5 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. 4 жыл бұрын (2010) Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік униерситетінде өңірлік Диссертациялық кеңестің тұсауы кесілді. Жаңадан ұйымдастырылған кеңес құрамына Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент, Жезқазған, Орал, Ташкент қалаларындағы жоғары оқу орындарының белгілі ғалымдары енгізілді. Кеңестің маңызды міндеттерінің бірі оқу орнында ғылыми жұмысқа жастарды кеңінен тарту, кадрлық мүмкіндікті арттыру болып табылады. 110 жыл бұрын (1904) II Николай патшаның Жапониямен соғыс туралы манифесі жарияланды. Осы соғыста 500 мың орыс солдаты қаза тапқан. Ресейдің Тынық мұхиты бойындағы флоты түгел қирады. Ресейдің тұралаған экономикасы АҚШ пен Ұлыбритания қолдаған жапон күшіне төтеп бере алмады. Екі мемлекет арасындағы 1905-1907 жылдардағы соғыс алғашқы орыс төңкерісіне алып келді.

ЕСІМДЕР

111 жыл бұрын (1903-1972) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері КОЗЛОВСКИЙ Михаил Тихонович дүниеге келді. Одесса химия-технология институтын бітірген. 1926-1939 жылдары - Одесса сот сараптамасы институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1939-1971 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры. Сонымен қатар 1964 жылдан Қазақстан Ғылым академиясы төралқасының мүшесі және химия-технология ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы болған. ғалымның негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары сынап катодын электролизде пайдалануға, күшәла қосылыстарын сынап катодында тотықсыздандыруға арналған. Ол сынап және амальгама электродтарын қоспадағы металдарды бір-бірінен ажыратуға пайдаланды. 1950 жылдан амальгама химиясы мен амальгамалық металлургия деген жаңа ғылыми бағыттарды зерттеп, оның негізін қалады. Кейін амальгамалық металлургия әдісі тазалығы жоғары металдар алуға қолданылды. Бұл жұмыстары өндірістік сынақтан өтіп, Шымкент қорғасын зауытына енгізілді. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 89 жыл бұрын (1925-1994) актер, Қазақстанның халық әртісі КОРНИЕНКО Василий Федорович дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Петропавл қаласында туған. 1947-1972 жылдары Семей, Өскемен облыстық орыс драма театрларында қызмет атқарған. 1972 жылдан - К.С.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театрының актері болған. Театр сахналарында Белугин, Николай, Вожеватов, Несчастливцев, Бессудный (А.Островский «Белугиннің үйленуі», «Кешіккен махаббат», «Жасаусыз қалыңдық», «Орман», «Қарбалас орын»), Ақан (Ш.Мұртаза «Қара маржан»), Қарабай (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Егор Булычев (М.Горький «Егор Булычев»), Бороздин (В.Розов «Мәңгі тірілер»), Рахметов (А.Шолохов «Көтерілген тың») рөлдерін сомдаған. 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған. 83 жыл бұрын (1931-1976) ақын, аудармашы, драматург, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ғасыр ақыны» атағының иегері МАҚАТАЕВ Мұқағали дүниеге келді. Алматы облысы Райымбек ауданында туған. М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1952-1969 жылдары Қарасаз бастауыш мектебінде орыс тілінің мұғалімі, Қазақ радиосының дикторы, Шалкөдеде Қызыл отау меңгерушісі, Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хантәңірі») газетінің жауапты хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, Жазушылар одағы поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. 1973-1974 жылдары Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқыған. Ақынның тырнақалды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде 1948 жылы жарияланған. Оның «Ақ қайың әні», «Аққулар ұйықтағанда», «Арман», «Шолпан», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт. Жан азасы» атты поэма толғаулары мен 650-ден астам лирикалық өлеңдері бар. Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлендіріп, интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Мұқағали Мақатаев поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Оның «Қош, махаббат» жинағына әр жылдар жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. Аударма саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын», Е.Евтушенко, А.Акопян, Ф.Моргун, У.Уитмен, Р.Бернс, Ф.Ансаридің өлеңдерін тәржімалаған. Оның өлеңдеріне Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Бейбіт Оралұлы, Алтынбек Қоразбаев тағы басқа сазгерлер ән жазды. Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында ескерткіші бар. Туған ауылы Қарасазда мұражайы ашылды. Қазақстан Жазушылар одағы 1985 жылдан бері үздік әдеби шығарма авторларына берілетін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындаған. 79 жыл бұрын (1935) әнші, Қазақстанның халық әртісі ВОЙНАРОВСКАЯ Нина Ивановна дүниеге келді. Ресей Федерациясының Хабаровск қаласында туған. 1973 жылдан Қарағанды музыкалық комедия театрында жеке дауыстағы әнші болып қызмет атқарған. Әншінің орындауындағы таңдаулы партиялар қатарында Маркиза (И.Дунаевскийдің «Еркін желінде»), Манефа мен Бәйбіше (А.Исакованың «Байқоңыр», «Алдар Көсесінде»), Дина апай (К.Листовтың «Севастополь вальсінде»), Адель (И.Штраустың «Жарқанатында») бар. 75 жыл бұрын (1939) техника ғылымының докторы, профессор ТӘЖІБАЙ Санатбек дүниеге келді. Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. Мәскеу инженер-құрылыс институтын, Мәскеу электрондық машина жасау институтының аспирантурасын бітірген. Қазақ политехникалық институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, декан қызметтерін атқарды. С.Тәжібайдың ғылыми еңбектері машина жасау өнеркәсібінің мәселелеріне арналған. Ол механизмдер мен машиналардың ғарышта жұмыс істеу қабілеттілігін зерттеді. Осы зерттеу нәтижелері Ай бетінде еркін қозғалған «Луноход» аппаратының ішпектерін (подшипниктерін) жасауға негіз болды. Ғалымның 120 ғылыми мақаласы, 8 оқу құралы, 1 монографиясы, «Машина бөлшектері», «Қолданбалы механика» атты кітаптары жарық көрген. 61 жыл бұрын (1953) Шығыс Қазақстан облысының әкімі САПАРБАЕВ Бердібек Мәшбекұлы дүниеге келді. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының Бесарық ауылының тумасы, білімі жоғары. 1977 жылы жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық-техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша бітірді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор. Еңбек жолын Қызылорда облысының Задарьинский совхозының жұмысшысынан бастады (1969-1971 ж.ж.); әскери қызметін өткерді (1971-1973 жж.). Институтты бітірісімен Республикалық мемлекеттік еңбек жинақтау кассалары (гострудсберкассы) басқармасында экономист (1977 ж.); ҚазСРО Қаржыминінде экономист, аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары (1977-1988 жж.); жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы, Бас экономика басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары (1988-1993 жж.); Президент Аппараты Бөлімі мен Қазақстан Республикасы Министрлері кабинеті меңгерушісінің орынбасары (1993 ж.); Қазақстан Республикасы Министрлері кабинетінің Істер басқармасының Қаржы, еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі (1994-1995 жж.) болды. Қазақстан Республикасы Министрлері кабинеті Аппаратының басшысы (1995 ж.); Қызылорда облысының әкімі (1995-1999 жж.); Оңтүстік-Қазақстан облысының әкімі (1999-2002 жж.) қызметтерін атқарды; Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Вице-Министрі - Кедендік бақылау комитетінің төрағасы (2002 ж.- 2006 ж.); Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары - Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Үкіметтің Өкілі (2006 ж. - 2007 ж.); Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау Вице-министрі (2007 жылдың 9 ақпаны - 2007 жылдың 27 тамызы). 2007 жылдың 27 тамызынан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымында болған. «Құрмет» орденімен (1999 ж.), «Астана» (1998 ж.), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.) медальдарымен марапатталған.

59 жыл бұрын (1955) V шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі КАДРАЛИЕВА Светлана Хайдарқызы дүниеге келді.

1955 жылы Омбы қаласында туған, Ресей Федерациясы. Қарағанды кооперативтік институтын бітірген, экономист. 1977 - 1983 жж. - «Кооператор» дүкенінің экономисі, тауар маманы, директоры; 1983 - 1984 жж. - № 34 шарушылық есеп дүкенінің тауар маманы; 1984 - 1992 жж. - «Заря» көтерме - бөлшек сауда бірлестігінің тауар маманы, директорының орынбасары; 1992 - 1996 жж. - Сыртқы экономикалық байланыс министірлігі жанындағы сауда үйінің жетекші маманы, бас директоры; 1996 - 1998 жж. - «Береке» Мемлекеттік Акционерлік Компаниясының ет-сүт саудасы маманы, президенті. 1993 жылы «Торговый дом Казрос» ЖШС Компаниясын құрды. 2013 жылғы маусымнан бастап - қазіргі қызметте.

2009 жылғы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. 56 жыл бұрын (1958) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Түркияның Сапанша қаласында өткен халықаралық жыр мерекесінің «Ақшам жұлдызы» арнайы сыйлығының иегері ЖАЙЛЫБАЙ Ғалым дүниеге келді. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. Қазақ менеджмент, экономика және болжау институтын бітірген. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде, түрлі басылымдарда қызмет атқарған. Ақынның «Жанымның жапырақтары», «Жүрегімнің жұлдызы», «Құс қанаты» атты жыр жинақтары жарық көрген. Шығармалары орыс, украин, түрік, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған. 53 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы ӘМІРИН Ғұсман Кәрімұлы дүниеге келді. Торғай облысы (Ақмола облысы) Жақсы ауданында туған. Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтын, Ф.Дзержинский атындағы КСРО Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жоғары мектебін бітірген. Еңбек жолын 1982 жылы Торғай облыстық білім бөлімінің инспекторы болып бастаған. 1982-1984 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болған. 1984-1985 жылдары - Торғай облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының физика кабинетінің меңгерушісі. 1985-1987 жылдары - Ф.Дзержинский атындағы КСРО Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жоғары мектебінің тыңдаушысы. 1987-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық (Мемлекеттік) қауіпсіздік комитеттерінде қызметтер атқарған. 1993-1995 жылдары - Қазақстандағы «Renault» мен «Sodechanges» фирмалары өкілдіктерінің директоры, директордың орынбасары. 1995-1996 жылдары - «Альдос» компаниясы» ЖШС-нің атқарушы директоры. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңесі хатшылығының сектор меңгерушісі. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігі Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлаужәне реформалар агенттігінің Стратегиялық талдау департаментінің директоры, бюджеттік бағдарламалар департаментінің директоры. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрінің бірінші орынбасары. 2003-2004 жылдары - «Технология трансферт және инжиниринг орталығы» АҚ («Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ) президенті, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрінің бірінші орынбасары. 2004-2006 жылдары - «Ұлттық Инновациалық қоры» АҚ басқармасының төрағасы. 2006-2007 жылдары - «Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасының кеңесшісі. 2007-2009 жылдары - «Кіші кәсіпкерлікті дамыту қоры» («Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ) АҚ басқармасының төрағасы. 2009-2010 жылдары - «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 2010 жылдан - 2013 жылға дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болды. 2013 жылдан бастап - қазіргі қызметінде. Медальдармен марапатталған.

45 жыл бұрын (1969) Мемлекеттік тілді дамыту қорының басшысы ШӘУЕЕВ Азат Сәдметұлы дүниеге келді. 1969 жылғы 9 ақпанда Жамбыл облысы Луговое ауданында дүниеге келген. 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолы: 1994 - 1995 - Алматы облыстық Әкімшілігінің Мәдениет басқармасы Халық шығармашылығы Орталығының Бас маманы; 1995 - 1996 - Алматы қалалық Әкімшілігі Тіл басқармасының Ономастика, терминология және тіл мәдениеті бөлімінің Бас маманы;1996 - 1997 - Алматы қаласы Әкімі Орынбасарының көмекшісі; 1997 - 2001 - Алматы қаласы Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің Бас маманы; 2001 - 2002 - Алматы қалалық Ішкі саясат департаменті Қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі;2002 - 2003 - Алматы қаласы Әкімшілігінің Қазақстан халықтары Ассамблеясымен жұмыс бөлімінің меңгерушісі; 2003 - 2005 - ҚР Премьер-Министрі Канцеляриясы Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің Бас сарапшысы; 2005 - 2008 - «Нұр Отан» ХДП Орталық Аппараты Ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі; 2008 - ҚР Мәдениет және Ақпарат Вице-министрінің Кеңесшісі; 2008 - 2010 - Мемлекеттік тілді дамыту қоры Директорының Бірінші орынбасары; 2010 жылдың қаңтарынан - Мемлекеттік тілді дамыту қоры Директорының міндетін атқарушы; 2010 жылдың сәуірінен - қазіргі қызметте.

573 жыл бұрын (1441-1501) өзбек ақыны, ойшылы және мемлекет қайраткері НАУАИ Әлішер дүниеге келді.

168 жыл бұрын (1846-1929) неміс авиаконструкторы және кәсіпкері МАЙБАХ Аугуст Вильгельм дүниеге келді.