9 қыркүйек. Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.



ЕСІМДЕР

85 жыл бұрын (1933) жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты ӘШІМОВ Әкім Үртайұлы (Әкім Тарази) дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін, Мәскеудегі сценаристердің жоғары курсын бітірген. Еңбек жолын орта мектеп мұғалімі болып бастаған. 1956-1958 жылдары - «Ара» журналының әдеби қызметкері. 1958-1959 жылдары - «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің жауапты хатшысы. 1962-1970 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясы редакциялық алқасының мүшесі, бас редакторы. 1970-1971 жылдары - «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша меншікті тілшісі. 1971-1980 жылдары Кинематографистер одағы басқармасының бірінші хатшысы. 1986-1998 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған. 

Жазушының алғашқы кітабы «Құйрықты жұлдыз» повесі 1966 жылы жарық көрді. Одан бері «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Қиян-соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қыз махаббаты», «Гнездо на облаках», «Журавли-журавушки», «Басынан Қаратаудың...», «Кен», «Тәж» повестері, әңгімелері, романдары жарияланды. Сондай-ақ «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ», т.б. пьесалардың, «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», т.б. кинофильм сценарийлерінің авторы. Бірқатар кітаптары шет ел тілдеріне аударылған.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

76 жыл бұрын (1942-2013) жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ДОСЖАН Дүкенбай дүниеге келді.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Құланшы ауылында туған. 1964 жылы  ҚазМУ-ды (ҚазҰУ) бітірген. 1963 - 1966 жылдары «Жетісу» газетінде әдеби қызметкер,1966 - 1975 жылдары «Жазушы» баспасында аға редактор, 1976 - 1984 жылдары Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Кейін Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі болған. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1964 жылы жарық көрді. Дүкенбай Досжан проза саласында өнімді еңбек етіп, 8 роман, 18 повесть, 100-ден астам әңгіме жазды. Досжанның көркем шығармалары мен зерттеу еңбектерінің тақырып аясы кең. «Отырар» (1965), «Фараби» (1965), «Жібек жолы» (1973) хикаяттары мен романдарына тарихи оқиғалар арқау болса, Зауал» (1970), «Кісі ақысы» (1978], «Дария» (1975), «Табалдырығыңа табын» (1980), «Жолбарыстың сүрлеуі» (1984) атты шығармалары бүгінгі заман тақырыбына арналған. Ұлы адамдар өмірін көркем тілмен сөйлеткен «Мұхтар жолы» (1998), «Абай айнасы» (1994),«Алыптың азабы» (1997) романдары өз алдына бөлек топтама құрайды.

Жазушы кейіпкердің жан толғанысын сезім шырғалаңы, ой ағыны арқылы суреттеуге машық. Оның «Екі дүние есігі» (1998) атты зерттеу еңбегі - Түркістан қаласының тарихын, сондағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің салыну жай-жапсарын мейлінше мол қамтыған дерекнама. Досжанның шығармалары әлемнің 19 тілінде жеке кітап болып шыққан. Екі томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді (1990). «Құм кітабы» үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған (1996). Түркістан қаласының, Жаңақорған, Созақ, Отырар аудандарының құрметті азаматы. ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1996), М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты (1987). «Құрмет» (2001), «Парасат» (2008) ордендерімен марапатталған. Қаламгер 1974 жылы «Зауал» кітабы үшін «Молодая гвардия» баспасының «Қазіргі заманғы үздік роман» сыйлығын, 1988 жылы Украинаның «Днепро» баспасынан шыққан «Жібек жолы» романы үшін «Тарихи тақырыптағы үздік кітап» сыйлығын алған. Жазушының есімі АҚШ-тың «Әдебиет және өнер адамдары» энциклопедиясының 2-ші томына, «Ұлттық энциклопедияның» 3-ші томына,«Абай энциклопедиясына», Қазақстан Президенті жанындағы даму институтының «Элита Казахстана» (2008) анықтамалығына кірген. 

68 жыл бұрын (1950) экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, қаржы және бюджет комитетінің төрайымы ҚАРАҚҰСОВА Гүлжан Жанпейісқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1972-1994 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, профессоры. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық реформалар жөніндегі көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Экономикалық консультанттар кеңесінің басшысы. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Құнды қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы. 1996-1997 жылдары - «Қаржы нарығы институты» қоғамдық қорының президенті. 1997-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің төрайымы. 2001-2007 жылдары Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметтерін атқарған. 2007 жылдан Мәжілісте.

«Общественные фонды потребления» (бірлесіп шығарған), «Новые формы соревнования в системе хозяйственного механизма» (бірлесіп шығарған), «Живое творчество масс», «Соревнование и перестройка», «Налоги: сущность и практика использования», «Проблемы борьбы с экономической преступностью в Казахстане» (бірлесіп шығарған), «Что нужно знать о ценных бумагах», «Теневая экономика: тенденции развития» атты кітаптардың авторы.

«Парасат», «Содружество», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.

52 жыл бұрын (1966) Каспий қоғамдық университетінің ректоры, заң ғылымдарының кандидаты, әділет полковнигі НҮСЕНОВ Жолдасбек Мүслімұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 1990-1995 жылдары - Еңбекші ауданы прокуратурасының тергеушісі, Оңтүстік Қазақстан облысы Прокуратурасының маңызды істер жөніндегі тергеушісі, аға тергеушісі. 1995-1996 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік тергеу комитеті басқармасы бастығының орынбасары, бөлім бастығы, аса маңызды істер жөніндегі тергеуші. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитеті төрағасы хатшылығының басшысы, көмекшісі. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас әскери прокурорының аға көмекшісі. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас әскери прокуратурасы Ұйымдастыру бөлімінің бастығы. 1999 жылы - Қазақстан Республикасы Ішкі әскері әскери прокуроры. 1999-2000 жылдары аралығында - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының кеңесшісі. 2000-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасы хатшылығының меңгерушісі. 2005-2008 жылдары - Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы орталық аппаратының басшысы. 2008-2013 жылдары -  Халықаралық бизнес академиясының проректоры. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы қарашадан бері.

Медальдармен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

50 жыл бұрын (1968) «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі АҚ басқарма басшысының орынбасары АТАМҚҰЛОВА Гүлназ Төреханқызы дүниеге келді.

Ол Алматы облысында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, философия (1991); Еуразия нарық институтын, экономист (1998); Қазақ гуманитарлық-заң университетін, іскерлік басқару магистрі (2014) тамамдаған.

Еңбек жолы: «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары (2007-2010); «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрайымы (2010-2012); «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржылық департаментідің директоры (06.2013-08.2013); «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі (2013-2014); «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары (2014-2015); «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы (2015-2017). Қазіргі лауазымында 2017 жылдың мамырынан бастап істеп келеді.

48 жыл бұрын (1970) ҚР Әділет министрінің орынбасары ЕШМАҒАМБЕТОВ Жанат Болатұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Қарағанды политехникалық институтының тау-кен факультетін бітірген, кен инженері-технолог. 1993 жылдан ҚР ҰҚК-да жедел уәкілден бөлім бастығына дейінгі жолдан өтті. 2006 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығында бас сарапшы, бас инспектор. 2008 жылдан - ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) Қарағанды облысы бойынша департаментінің бастығы. 2010 жылғы қыркүйектен - ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) Солтүстік Қазақстан облысы облысы бойынша департаментінің бастығы. 2014-2016 жылдары ҚР Әділет министрлігінің сот актілерін орындау жөніндегі департаментінің директоры. Қазіргі қызметінде - 2016 жылғы сәуірден бері.

«Парасат», «Достастық» ордендерімен, «Астананың 10 жылдығы» (2008) «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

190 жыл бұрын ұлы орыс жазушысы, драматург ТОЛСТОЙ Лев Николаевич (1828-1910) дүниеге келді.

Ресейдің Тула облысында туған. Қазан университетінің әуелі шығыстану, кейін заң факультеттерінде оқыған. Түрік, татар тілдерінен сынаққа дайындаған түркітанушы ғалым Қазембек оның лингвист қабілетін жоғары бағалаған. Ол ағылшын, француз, неміс тілдерін еркін меңгеріп, чех, поляк, серб, итальян, грек, латын, украин, татар тілдерін білген, қосымша ежелгі еврей, түрік, голланд, болгар тілдерін оқыған. 1851-1853 жылдары Кавказ соғысына қатысып, 1856 жылға дейін сонда әскери қызмет атқарады. Қызметінен босаған соң Германия, Франция, Швейцария елдерін аралайды. 1859 жылы Ясная Полянада қарапайым шаруалардың балаларына арнап мектеп ашып, сонымен қатар сол маңайдағы жиырма шақты мектептің ашылуына көмектесті. 1862 жылы «Ясная Поляна» атты педагогикалық журнал шығара бастайды.

«Кешегі күннің тарихы», «Помещиктің таңғы тірлігі» әңгімелерінің, «Балалық», «Ересектік», «Севастополь әңгімелері» автобиографиялық трилогияның, «Казактар», «Альберт», «Тәубаға келу», «Мен дінге қалай сенемін?», «Иван Ильичтің өлімі», «Крейцер сонатасы», «Пері», «Қажымұрат», «Жалған қағаз», «Балдан кейін» повестерінің, «Отбасы бақыты», «Орыс помещигінің таңғы тірлігі», «Арылу» романдарының, «Соғыс және бейбітшілік», «Мың сегіз жүз бесінші жыл» роман-эпопеяларының, «Әліппе», «Жаңа әліппе» еңбектерінің, «Анна Каренина» психологиялық романының, «Қараңғылықтың өкімі», «Тірі өлік» драмасының, «Тәрбие жемістері» комедиясының авторы.

Т.Манн ол туралы «Гете және Толстой» атты көлемді зерттеу еңбек жазған. М.Горький «Лев Толстой» очеркінде Толстой өмірін жан-жақты суреттеген. Толстой еңбектері Абай мен Шәкәрім шығармашылықтарына әсер еткен. Шәкәрім Толстойдың «Ассирия патшасы Асархадон», «Үш сауал» шығармаларын қазақ тіліне еркін аударған. Қазақ тілінде Толстойдың «Анна Каренина», «Арылу», «Соғыс пен бейбітшілік» шығармалары жарық көрген.

«Анна» орденімен, медальдармен марапатталған.