9 МАМЫР, ЖҰМА
Кеңестер Одағы халқының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен күні. 600 мыңнан астам қазақстандық бұл соғыстан оралмады.
Соғыс кезінде көптеген ғылыми-зерттеу орталықтары мен Мәскеу, Ленинград, Киев және басқа да қалалардың оқу орындары Қазақстанға қоныс аударды. Олардың ішінде физиология, микробиология, биохимия, шығыстану институттары болды.
Бүкіл соғысты басынан өткерген қазақстандық 12 дивизия құрметті атақтар алды. Олардың бесеуі - бір, төртеуі - екі, екеуі - үш орденмен марапатталды. Бес дивизия гвардиялық аталды, олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов атындағы атақты 8-гвардиялық дивизия бар. Жалпы Ұлы Отан соғысында 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 1990 жылы 11 желтоқсанда соңғы Кеңес Одағының Батыры атағы қолбасшы Бауыржан Момышұлына берілді. 1941 жылы аға лейтенант Б.Момышұлы басқарған атқыштар батальоны мен И.В.Карпов басқарған 1075-атқыштар полкі Мәскеу түбінде ай бойы үздіксіз ұрыстар жүргізе отырып, өз позицияларын сақтап қана қоймай, сонымен қатар дұшпанға қарсы пәрменді шабуылға шығып отырды. Төрт қазақстандық Т.Ж.Бигелдинов, Л.И.Беда, И.Ф.Павлов және С.Д.Луганский 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Ұрыс кезінде қаза тапқан пулеметші М.Мәметова және мерген Ә.Молдағұлова Батыр атағын алды. Батыр атағын алғандар қатарында атқыштар Т.Тоқтаров, С.Баймағамбетов, С.Лутфиллин, Мин Сен Юр, артиллеристер С.Мүткенов, И.К.Новиков, ұшқыш Н.Әбдіров, минометші Қ.Сыпатаев, атты әскер М.М.Қаратаев, сапер П.И.Гончаров, политрук М.Ғабдулин, торпедалық катер командирі Б.П.Ущев және басқалар бар. 110 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері болды. Рейхстагқа шешуші шабуылға шыққан және Жеңіс туын тіккендердің ішінде қазақстандық Р.Қошқарбаев, капитан Б.В.Чупрета, минометші А.Бақтыгереев, пулеметші П.Е.Вицько, байланысшы К.М.Волочаевтар болды.
Дүниежүзілік әділетті сауда күні. Жыл сайын мамырдың екінші сенбісінде атап өтіледі, ал мамыр айы әділетті сауда айы деп есептеледі.
Бұл күн Дүниежүзілік әділетті сауда ұйымының (World Fair Trade Organization) басқаруымен өткізіледі, онда 70 мемлекеттен 350 өндіруші ұжымы әділетті сауда ұйымына қатысқаны туралы жариялайды.
Әділетті сауда - бұл таңбасы бар және таңбасы жоқ тауарларға байланысты халықаралық стандарттар мен қоғамдық саясатты пайдалануды жақтайтын қоғамдық қозғалыс. Дамымаған елдерден дамыған елдерге экспортталған тауарларға көп көңіл бөлінеді. Әділетті сауданың тауарлары мыналар: шәй, кофе, какао, банан, және де қол-өнер туындылары мен киім-кешек. Ең бастысы олар құлдық пен балалар еңбегін пайдаланбай өндірілуі керек.
Еуропа күні. 1950 жылы мамырдың 9-ында Парижде Франция сыртқы істер министрі Робер Шуман Франция, Германия және басқа еуропа елдерінің көмір және болат құятын өнеркәсіп салаларын (әскери техника өндіру негіздерін) біріктіріп, оны жаңа ұлттық құрылым басқармасына беруге шақырды. 1985 жылы Милан саммитінде Еуроодақ көшбасшылары Шуман Декларациясын мәңгі есте сақтауға шешім шығарып, жыл сайын мамырдың 9-ын «Еуропа күні» деп бекітті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
17 4 жыл бұрын (1840) Аякөз өңіріне метеорит құлады. Түскен жеріне байланысты «Қарақол» аталған ол метеориттің сынығы алдымен Семейге, артынша Петербургке жеткізілді.
2 2 жыл бұрын (1992) Петропавл қаласындағы Коммунистік көшесіне Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді.
1 3 жыл бұрын (2001) Астана қаласында «Отан ана» Отан қорғаушылар монументі ашылды.
7 жыл бұрын (2007) Жеңіс күні Семейден 70 шақырым жерде орналасқан Шаған стансасында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ескерткіш ашылды.
Монумент екі метрлік тақтадан жасалған, онда майданға атанғандардың аты және әскери тақырыптағы сурет қашаланып жазылған. Ұлы Отан соғысына осы бекеттің 90 тұрғыны қатысқан.
6 жыл бұрын (2008) Петропавлда дарынды балаларға арналған облыстық арнайы интернат-гимназияның аумағында Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовтың мүсінтасының салтанатты ашылу рәсімі болды.
Петропавлда Әбу Досмұхамбетовтың атындағы көше бар, дарынды балаларға арналған арнайы интернат-гимназиясы да батырдың атында. Әбу Досмұхамбетов майданға 21 жасында аттанып, 1943 жылы Чернобыль маңында қаза тапқан.
6 жыл бұрын (2008) Павлодар облысының Лебяжі ауданындағы Аққу ауылында интернационал-жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылды.
Обелиск-тас Ауғанстанда ерлікпен қаза тапқан, мерт болғаннан кейін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған Серік Хамзиннің құрметіне аталған көшеде орнатылып отыр. С. Хамзин осы Аққу ауылында туып өскен. Осында достарымен Ертістің суына шомылған, мектепте оқыған, кәсіптік училищеге түскен. Бейбіт өмірден ауған соғысына тап болған Серік жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезіндегі ерліктері үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен де марапатталған. Ескерткіштің ашылу рәсіміне жауынгердің анасы - Дәметкен Хамзина, оның туған-туыстары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, әскердегі қызметтестері қатысты.
5 жыл бұрын (2009) Қазақстан, Қытай Халық Республикасы, Ресей және Тәжікстанның ең ірі жастар ұйымдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Жастар кеңесі құрылтайының конференциясына қатысты.
Конференцияның қорытындысы бойынша ШЫҰ Жастар кеңесiн құру туралы декларацияға қол қойылды және 2009-2010 жылдардағы жұмыс жоспарлары бекітілді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесiн құру туралы шешiм қатысушы-елдердің жастар ұйымдарының кезектi кездесуiнде Санкт-Петерборда 2008 жылдың қазанында қабылданды.
Оның мақсаты Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердiң жас буын өкiлдерi арасындағы жан-жақты ынтымақтастыққа қолдау көрсету.
5 жыл бұрын (2009) Қарағандыда жаңа Жеңіс саябағы ашылды. Бұл саябақ Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұсынысы бойынша құрылды.
ЕСІМДЕР
6 8 жыл бұрын (1946) «Мысль» журналының бас редакторы, техника ғылымының кандидаты, доцент, Қазақстанның құрметті журналисі ҚҰТТЫҚАДАМ Сейдахмет Рысқожаұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында туған. Қазақ химия-технология институтын бітірген. 1969-1975 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының Мұнай химиясы және табиғи тұздар институтының инженері, кіші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, 1975-1976 жылдары - Қазақ ғылыми-зерттеу және мемлекеттік фосфор өнеркәсібін жобалау институтының аға ғылыми қызметкері, 1976-1978 жылдары - Қазақ химия-технология институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, оқытушысы, 1978-1986 жылдары - Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының сырттай оқу факультетінің аға оқытушысы, доценті, деканы, 1986-1991 жылдары - Арқалық педагогикалық институтының химия және биология кафедрасының меңгерушісі, 1991 жылы - «Арай-Заря» журналы бас редакторының орынбасары, 1991-1993 жылдары -экспорттық-талдау қызметі бас басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасының Баспа және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, 1993-1994 жылдары - «Дәyip-Время» газетінің бас редакторы, 1994-1995 жылдары - «Арай-Заря» журналының бас редакторы, 1995-1999 жылдары - «Аргументы и факты Казахстан» газетінің шолушысы, 1999 жылдың қаңтарынан - «Өрлеу» қоғамдық қозғалысының төрағасы, 2002-2003 жылдары - «Эпоха» газетінің бас редакторы, 2004-2005 жылдары - «Начнем с понедельника» газетінің шолушысы қызметтерін атқарған. 2006 жылдың қаңтар айынан бастап «Мысль» журналының бас редакторы болып қызмет атқарады.
«Вызов времени», «Миражи и реалии», «Служение нации» атты кітаптарының авторы.
6 7 жыл бұрын (1947) Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының режиссері, ҚР халық әртісі, К.Байсейітова атындағы вокалистер конкурсының, Мәскеудегі М.Глинка атындағы халықаралық конкурстың, Барселонадағы Виньянс атындағы халықаралық конкурстың лауреаты ЕСІМОВ Ғафиз дүниеге келді.
Гурьев облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген, опера әншісі. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры. 1975 жылдан Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі. Қазіргі қызметінде - 2002 жылдан бері. Негізіг партиялары: Абай (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында»), Думан (Е.Брусиловскийдің «Дударайында»), Алпамыс (Е.Рахмадиевтің «Алпамысында»), Құрманғазы (А.Жұбанов пен Ғ.Жұбанованың «Құрманғазысында»), Онегин (П.И.Чайковскийдіәң «Евгений Онегинінде»), Жермон (Дж.Вердидің «Травиатасында»), Дон Жуан (В.Моцарттың «Дон Жуанында»), т.б. Концерттік шығармашылық қызметімен де қазақтың халық әндерін, халық композиторларының әндерін, сондай-ақ қазіргі қазақ композиторларының ән-романстарын насихаттауға елеулі үлес қосты.
60 жыл бұрын (1954) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы МӘМИ Қайрат Әбдіразақұлы дүниеге келді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған. Алматы облысында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Құқықтанушы, з.ғ.д., профессор. Гурьев облыстық соты стажері, мүшесі, төрағасының орынбасары, төрағасы, ҚазССР Жоғары Сотының мүшесі, Алматы қалалық сотының төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғары Соты коллегиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Вице-министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры болып қызмет істеген. 2011-2013 жылдары - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы қазаннан бері. «Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс», «Ұлы Петр» ордендерімен, төрт медальмен марапатталған.
5 2 жыл бұрын (1962) Атырау облысы әкімінің орынбасары ШӘКІМОВ Тимуржан Әдиетұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Куйбышев қаласындағы инженерлік-құрылыс институтын инженер-құрылысшысы мамандығы бойынша тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1984 жылы Орал облысы, Каменский ауданы, Ленин атындағы дән кеңшарының құрылыс учаскесінің шебері болып бастаған. Кейін «Казторгстрой» құрылыс учаскесінің аға прорабы, бас инженері, «Жайыксельстрой» коммуналдық кәсіпорнының жылжымалы механикаландырылған бірінші колоннасы бастығы, «Алтим» құрылыс фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы, Батыс Қазақстан облысының бас сәулетшісі, «Алтим» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Батыс Қазақстан облысы Мемлекеттік сәулет - құрылыс бақылауы басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс iстерi және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі комитетінің басқарма бастығы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып жасады. 2012 жылдың ақпанынан бастап - Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі. 2012 жылғы тамыз айынан бастап Атырау облысы әкімінің орынбасары.
5 1 жыл бұрын (1962) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі НҰРҒАЛИЕВ Жеңіс Мирасұлы дүниеге келді.
Қостанай облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Қостанай облысында туған. Қостанай ауыл шаруашылығы институтын, Орталық - Азия университетінің Қостанайдағы филиалын бітірген. Ғалым агроном, заңгер. Қостанай облысы Қостанай ауданы «Александровский» совхозының агрономы, №2 бөлімшесінің басқарушысы, бас агрономы, Наурызым ауданы «Дәмді» совхозының директоры, Қостанай ауданы «Нива» өндірістік кооперативі баскармасының төрағасы, «Надеждинка» ЖШС директоры, Сарыкөл ауданының әкімі, Қостанай қаласының әкімі, Қостанай облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген. «Құрмет» орденімен, үш медальмен марапатталған.
17 7 жыл бұрын (1837-1895) неміс кәсіпкері, «Opel» компаниясының негізін қалаушы Адам ОПЕЛЬ дүниеге келді.
14 1 жыл бұрын (1873-1939) ағылшын археологы, Тутанхамон перғауынның мәйітін ашқан Говард КАРТЕР дүниеге келді.
8 9 жыл бұрын (1924-1997) ақын, композитор, прозашы және сценарист Булат ОКУДЖАВА дүниеге келді.
4 7 жыл бұрын (1967) ресей актері, режиссер, сценарист, продюсер, тележүргізуші БОНДАРЧУК Федор Сергеевич дүниеге келді.
331 жыл бұрын (1683-1767) орыс әскери және мемлекеттік қайраткері, генерал-фельдмаршал Иоганн Буркхарт Христофор МИНИХ дүниеге келді.