9 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 9 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 9 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

9 маусым, СЕНБІ

Халықаралық достар күні. Барлық уақытта барлық халық достықты үлкен әлеуметтік және адамгершілік құндылық деп таныса да «шынайы достықты» өте сирек деп санаған, ал кемелденген кезін өткен уақытқа жатқызады. Халықаралық достар күні өмірдегі әртүрлі қиын-қыстау жағдайларға қарамастан досымыздың қаншалықты қымбат екенін айта отырып, оларды қуанту үшін ойлап табылған күн.

Дүниежүзілік аккредитация күні. 2008 жылғы маусымның 9-да құрылды. Мерекені құру негізі жаһандық бастама болды, Халықаралық Аккредитация Форумымен (IAF, International Accreditation Forum) Халықаралық ынтымақтастықтың аккредитация зертханасының (ILAC, International Laboratory Accreditation Cooperation) ортақ шешімімен қолданған, оған аккредитацияға байланысты жұмыстардың назарын аудару мақсатында құрған.

ILAC халықаралық бірлестігі 30 жыл бұрын құрылған, оған 70 елдің аккредитация органдарының өкілдері кіреді. Аккредитация органдарымен дүниежүзілік келісімге қол қойылды, ол шекара сыртында да тауар мен қызметінің кеңейтілуіне жағдай жасайды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1993) Алматыдағы Достық үйінде Каспий теңізі айдынының Қазақстанға қарасты табанында геологиялық барлау бағдарламасы жөнінде Халықаралық мұнай компаниялары консорциумы құрылды. Оның құрамына Қазақстан, Италия, АҚШ, Норвегия, Нидерланды, Англия мұнай компаниялары кірді.

19 жыл бұрын (1993) Алматыда, Кино үйінде «Төле би» деректі фильмінің премьерасы өтті.

17 жыл бұрын (1995) Халықаралық «Дидар - Қазақстан» журналының бірінші нөмірі жарық көрді.

14 жыл бұрын (1998) Астанада «Отан қорғаушыларға» арналған болашақ ескерткіштің орнына белгітас орнатылды.

14 жыл бұрын (1998) Астанада Қырғызстан Республикасының Елшілігі ашылды.

10 жыл бұрын (2002) Астанада Венгрияның мәдени күндері өтті.

9 жыл бұрын (2003) Астанада Халықаралық астаналар мен ірі қалалар ассамблеясының отырысы өтті.

103 жыл бұрын (1909) патша үкіметі «Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстарындағы қоныстандыруға, сондай-ақ, басқа да мемлекеттік қажеттіліктерге Мемлекеттік жер қорын анықтау тәртібі туралы нұсқау» жасады.

78 жыл бұрын (1934) Уолт Дисней қиялынан туған Дональд Дак деген үйрек экранға шықты. Дональд - бұл үйректің дауысын дыбыстаған актердің шын есімі.

 7 жыл бұрын (2005) Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» атты жаңа кітабының таныстырылымы болып өтті.

3 жыл бұрын (2009) Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы Торғай ауылының маңында орналасқан түркі дәуірінің ғұрыптық «Қос батыр» ескерткіші табылды.

Ол ғұрыптық ескерткіш тастан қаланған төрт бұрышты екі қоршаудан тұрады. Екі қоршаудың шығыс жағында тастан қашалған екі батырдың мүсіні бар. Бұл мүсіндер VII-VIII ғасырға жатқызылып отыр.

6 жыл бұрын (2006) Алматыда курорт мәртебесіне ие жаңа «Жайлау» гольф-клубы ашылды. Клубтың ойын алаңдарын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Алматыда ашылған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің XV мәжілісіне қатысушылар алғашқылардың бірі болып сынақтан өткізіп көрді. «Жайлаудың» 18 алаңының жалпы аумағы - 82 гектар. 18 ұясы бар гольф-алаң ТМД аумағындағы үздіктердің бірі болып танылып, гольф-курорт әлемдегі ең үздік клубтардың каталогына енгізіліп отыр. Жобаның авторы - аты аңызға айналған гольф шебері Арнольд Палмер негізін қалаған «Palmer Course Design Co.» компаниясы. Жаңа спорт кешенінің аумағында 38 вилла, 64 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй кешені және 3 теннис корты бар. Жаңа клубтың ашылу рәсімі Қазақстандағы осы спорт түрінің 10 жылдығына және Шетелдік инвесторлар кеңесінің XV мәжілісіне орайластырылды.

2 жыл бұрын (2010) Алматыда «Алтын қалам» әдеби байқауы жарияланды.

 ЕСІМДЕР

84 жыл бұрын (1928) театр және кино режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері ДҮЙСЕБАЕВ Тұрар Бекжанұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Ташкенттегі театр өнері институтын бітірген. 1953-1983 жылдары Жамбыл облыстық драма театрының директоры әрі режиссері, Атырау облыстық драма театрының бас режиссері, «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері болған. 1983-1988 жылдары Жамбыл облыстық халық шығармашылығы мен мәдени-ағарту жұмыстарының ғылыми-әдістемелік орталығында директор міндетін атқарған. 1992 жылдан «Тараз-Тұрарфильм» жекеменшік киностудиясының директоры. Дүйсебаев - 20-ға тарта деректі және ғылыми-көпшілік фильмдері сценарийлерінің, пьесалардың, инсценировкалардың авторы. Театрда С.Мұқановтың «Ботагөз», Ш.Айтматовтың «Бетпе-бет», т.б. спектакльдерді қойып және бірнеше көркем фильмдер де қоюға қатысқан. Ол «Мұхтар аға», «Бiздiң Күләш» деректi фильмдер мен «Апиын», «Жыртқыштар» сияқты тағы да басқа көркем фильмдердiң режиссерi, «Менiң атым Қожа» көркем фильмiнiң екiншi режиссерi болған.

74 жыл бұрын (1938) жазушы ШОЙБЕКОВ Үсен дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған. Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтының математика факультетін бітірген. Ұзақ жыл мектепте мұғалім, аудандық, облыстық оқу-ағарту бөлімінде жауапты жұмыстар атқарған. Оның «Қаһарман күндер», «Бейбіт күндер», «Парыз» атты бірнеше прозалық кітаптары жарық көрген.

73 жыл бұрын (1939) қобызшы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры КАЛЕНБАЕВА Меруерт Қабыкенқызы дүниеге келді.

Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. 1961-1979 жылдары Қазақ халық аспаптар оркестрі құрамында концертмейстер болды.  1966 жылдан консерваторияның оқытушысы.

Ол Қазақстан өнер шеберлері құрамымен Венгрияда, Польшада, Германияда, Францияда, Жапонияда және Португалияда өткен Кеңес Одағының мәдени күндеріне қатысқан.

КСРО Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

73 жыл бұрын (1939) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қырғыз Ұлттық ғылым академиясының академигі, Тараз қаласының құрметті азаматы ЖОШЫБАЕВ Сейітхан дүниеге келді.

Қырғыз мемлекеттік медицина институтын, КСРО Медицина ғылымдары академиясының А.Бакулев атындағы Жүрек-қан тамырлары ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. 1970-1984 жылдары - Бішкекте хирург, медициналық институтының жалпы хирургия кафедрасының ассистенті, Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық кардиология орталығының меңгерушісі. 1984-1992 жылдары А.Сызғанов атындағы клиникалық және тәжірибелік хирургия ғылыми-зерттеу институты жүрек-қан тамырлары бөлімінің жетекшісі болды. Қазіргі уақытта Тараз қаласындағы Кардиохирургия  орталығының директоры қызметін атқарады.

С.Жошыбаев Кардиология жөніндегі көптеген халықаралық ұйымдар мен одақтардың құрметті мүшесі. 1 ғылым докторын, 9 ғылым кандидатын дайындап шығарған. Ол тәжірибе алмасу мақсатында Моңғолияның, Венгрияның, Германияның, Үндістанның, АҚШ-тың, Англияның, Канаданың, Польшаның, Чехияның, тағы басқа елдердің арнайы мамандандырылған клиникаларында болды.

Қырғызстан мен Қазақстанның бірнеше медальдарымен марапатталған.

68 жыл бұрын (1944) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі КОРОБКОВ Александр Иванович дүниеге келді.

Ресейдің Алтай өлкесінде туған. Ташкент көркемсурет училищесін бітірген. Қылқалам шебері республикалық, облыстық және қалалық көптеген көрмелерге қатысқан. 2005 жылы Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық мұражайда А.Коробковтың жеке көрмесі өтті.

Оның «Үйлену тойы», «Алтай адамдары», «Үлбі құрылысы», «Менің көршім» сияқты 150-ден астам туындылары бар.

238 жыл бұрын (1774-1856) австриялық шығысты зерттеуші және елші ГАММЕР-ПУРГШТАЛЬ Иозеф дүниеге келді.

Ол 1847-1849 жылдары Вена Ғылым академиясының президенті болған. Оның әлемге кең тараған 10 томдық «Осман империясының тарихы» атты еңбегі Алтын орда тарихына, оның ішкі, сыртқы саясатына арналған. Олардың ішінде, әсіресе, «Алтын орданың тарихы» атты кітабында Орта Азия халықтары тарихына қатысты мәліметтер көп. Бұл кітапта Дешті Қыпшақ еліне байланысты сол дәуірдегі Жошы ұлысының ішкі, сыртқы өмірі, басқа елмен қатынасы туралы көптеген деректер бар.   

77 жыл бұрын (1935) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі РУЗЫЕВ Рахымжан дүниеге келді.

ҚХР-ның Құлжа қаласында туған. Шынжаң институтының суретшілер факультетін бітірген.

1960 жылы Қазақстанға көшіп келген. Алматы қаласында әр түрлі мекемелерде қызмет атқарған. 1968 жылдан Қазақстан теле-радиохабарлары жөніндегі комитетте жұмыс істеді.

«Жалынды сөз», «Алтын аймақ», «Отты тасқын», «Мың үй», «Сырлы толқындар» атты еңбектері жарық көрген. Көптеген өлеңдері қазақ, орыс, өзбек және қырғыз тілдеріне аударылған.

71 жыл бұрын (1941) тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері ОЗҒАНБАЕВ Өмірзақ дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастап, аудандық, қалалық партия комитеттерінде, облыстық «Білім» қоғамдық ұйымында, Маңғышлақ облыстық кәсіби-техникалық білім беру басқармасында лауазымды қызметтер атқарған. 1988-1990 жылдары - Қазақ КСР Халыққа білім беру министрлігі Республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры. 1990-1994 және 1995-1996 жылдары - Маңғыстау облыстық білім басқармасының бастығы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ғылым, білім және жаңа технологиялар жөніндегі комитетінің мүшесі. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Аймақтық даму және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы, Қазақстан халықтық бірлігі партиясы фракциясы төрағасының орынбасары. 1999-2001 жылдары - Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті. 2002-2004 жылдары - Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінің проректоры. 2004 жылдан - «ҚазМұнайГаз» Кен Барлау» АҚ бас директорының кеңесшісі, «Рауан Медиа Групп» АҚ бас директорының кеңесшісі. 2007 жылдың қазанынан - Маңғыстау облысы әкімі жанындағы Ардагерлер Кеңесінің төрағасы.

50-ден астам ғылыми жарияланымның және бірнеше кітаптың авторы.

«Құрмет» орденімен, 8 медальмен марапатталған.

37 жыл бұрын (1975) Семей қаласы әкімінің орынбасары ГАРИКОВ Димитрий Александрович  дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданында туған. Семей құрылыс техникумын,  Өскемен құрылыс-жол институтын бітірген. 2002 жылдан ШҚО Бородухиха ауданы «Коммуналдық шаруашылық» көпсалалы коммуналдық кәсіпорнының бастығы. 2006 жылдан - ШҚО Бородулиха ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы. 2009 жылдан ШҚО Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары. 2010 жылдан ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басұқармасының бастығы. Қазіргі қызметінде - 2011 жылғы мамырдан бері.

62 жыл бұрын (1950) «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары ӨТЕҒАЛИЕВ Сисенғали Әжіғалиұлы дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Түмен индустриялық институтын бітірген, кен инженері, геолог

1972 жылдан «Маңғышлақмұнай», «Жетібаймұнай» кәсіпорындарында оператор, аға оператор, мастер, цех бастығы, мұнай кәсіпшілігінің инженері, бас инженер.

1995 жылдан - ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің өндірісті дамыту бас басқармасынң бастығы. 1997 жылдан - «Қазақойл» ҰМК өндрісті басқару департаментінің директоры. 2002 жылдан - «ҚазМұнайГаз» АҚ департамент директоры.  2004 жылдан «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру»  бас директорының орынбасары. 2007 жылдан - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өндіру жобаларының бас менеджері. 2012 наурыздан - қазіргі қызметінде.

Бірнеше медальдармен марапатталған.