9 млрд теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырмақ болған 59 қылмыскер ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 млрд. теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырмақ болған 59 қылмыскер ұсталды. Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің Алдын алу жұмыстары және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Абзал Байманов мәлім етті.

«Мәселен, Қарағанды облысында азамат Д-ның жетекшілігімен алдын ала сөз байласқан топтың жалған кәсіпкерлікпен айналысуы фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Олар ЖШС-лардың бірінің есепшотынан 423 млн. теңгені қолма-қол ақшаға алмастыру барысында ұсталды. Қазіргі уақытта бұл қылмыстық іс тергелуде», - деді ол.
Оның мәліметтеріне сәйкес, өткен жылдың 12 айында экономикалық тергеу қызметімен еліміз бойынша 3 мыңға жуық жалған кәсіпкерлікке қатысты сот алдындағы тексеру жұмыстары басталған. Тексеру барысында 2 мыңнан астам жалған кәсіпкерлік есептен алынып, 503 заңды тұлғаның тіркелуі заңсыз деп танылған.
«Жедел ақпараттарға сәйкес, Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері 9 млрд. теңгеден астам қаржыны жалған шот-фактуралар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырмақ болған 59 қылмыскерді ұстады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Бұған қоса, салықтан жалтарудың жаңа бағыттарын анықтаумен байланысты қылмыстық істерге мониторинг жүргізу жалғасады», - деді А.Байманов.