9 СӘУІР, СӘРСЕНБІ
Боливия Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Конституция күні. Боливия - Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекет. Ресми астанасы - Сукре қаласы, бірақ Үкіметі Ла-Пас қаласында орналасқан. Ресми тілі - испан тілі, дегенмен тұрғындардың көпшілік бөлігі кечуа, аймара және гурани тілдеріне сөйлейді. Мемлекет Бени, Кочабамба, Ла-Пас, Оруро, Пандо, Потоси, Санта-Круе, Тариха, Чукисака атты 9 департаментке бөлінеді.
Грузияда қаза тапқандарды еске алу күні. Бұл күн елдің жаңа тарихына тәуелсіздікті қалпына келтіру және 1989 жылы Тбилисидегі бейбіт шеруді қуып-тарату барысында қаза тапқандарды еске алу күні ретінде енді.
Финн жазуының негізін қалаушы - Агрикола Микаэль күні (1510-1557). Ол финн әліпбиін жасап, христиандардың діни шығармасы Жаңа өсиетті және Көне өсиеттің кейбір кітаптарын финн тіліне аударған.
Филиппин дегі қайрат күні. Бастапқыда бұл күн Батаан үшін күрес күні болып аталған. Яғни, Батаан мен Коррехидор шайқасында қаза тапқандарды еске алу күні ретінде енген. Баттан үшін шайқас Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Филиппин операциясының шешуші ұрыстарының бірі.
Тунис тегі азапталғандарды еске алу күні. 1938 жылдың 9 сәуірінде қайғылы оқиғаны еске алуды мақсат еткен ресми мемлекеттік еске аоу күні. Бұл күні елде демалыс жарияланған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
14 4 жыл бұрын (1870) Маңғыстаудағы Иса-Досан көтерілісін басып-жаншуға Дағыстаннан жазалаушы отряды келіп жетті. Көтерілісшілер Александровск (қазіргі Форт-Шевченко) бекінісін тастап, кері шегінуге мәжбүр болды.
14 жыл бұрын (2000) ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Баку қаласында өткен «Қорқыт ата кітабы» эпосының 1300 жылдығына арналған мерекелік мәжіліске қатысты.
5 жыл бұрын (2009) Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында битум өндіретін зауыт іске қосылды.
4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Дамушы және нашар дамыған елдерден келетін тауарлардың шыққан жерін анықтау ережелері туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
4 жыл бұрын (2010 ) Мәскеуде Балалардың «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының президенті Сара Назарбаева өскелең ұрпақты адами-рухани тәрбиелеу, ана мен баланы қорғау ісіне қосқан үлесі үшін гуманитарлық қызмет саласындағы «Достастық Жұлдызы» сыйлығымен марапатталды.
Сыйлықты ТМД елдерінің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қоры тағайындады.
«Достастық Жұлдызы» сыйлығы 2008 жылы тағайындалды. Ол жыл сайын үш аталым бойынша: білім және ғылым саласындағы, мәдениет және өнер саласындағы, сондай-ақ гуманитарлық саладағы жетістіктер үшін тоғыз лауреатқа табыс етіледі.
4 жыл бұрын (2010 ) Алматыда №5572 әскери бөлімінде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан ішкі әскер жауынгерлеріне арналған Ескерткіш аллеясы ашылды.
1993-1999 жылдары жедел белгіленген Ішкі әскерлер Қазақстан Республикасының бөлек ерікті атқыштар батальонының құрамымен бірге тәжік-ауған шекарасында екі мыңнан аса жауынгер өздерінің міндеттерін орындаған. 1995 жылғы сәуірдің 7-сі тарихтағы қайғылы күн болды. Сол кезде Тәжікстанның Пшихавр шатқалында іргелес жақтың жауынгерлік күштері басым, тең емес қақтығыс басталды. Төрт сағатқа созылған қақтығыс 17 қазақстандық жауынгердің өмірін жалмады. Олар өздерінің әскери міндеттерін орындады, әскери антқа өз өмірлерінің құнымен сенімді болып қалды.
Бұл күн Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскер бөлімінде батырларды еске алу күні болып саналады.
254 жыл бұрын (1860) француз өнертапқышы Эдуард Леон Скотт де Мартинвилль әлемде бірінші болып өзі ойлап тапқан фоноавтографтың көмегімен дыбыс жазды. 10 секундтық жазба 2008 жылы қойылып, оның француздардың Au clair de la lune атты халық әнінен үзінді екені анықталды.
232 жыл бұрын (1782) Париже королева Мария-Антуанетта «Одеон» театры ашылып, арада екі жыл өткен соң «Фигароның үйленуі» операсы қойылды. . «Одеон» француздардың ұлттық алты театрының бірі, 1990 жылы ол «Еуропа театры» атанған.
25 жыл бұрын (1989) америкалық Дуглас Энгелбарт компьютерлік тышқанды ойлап тапқаны үшін сыйлық алды.
ЕСІМДЕР
15 4 жыл бұрын (1860-1945) халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері БАЙҒАНИН Нұрпейіс дүниеге келді. Ақтөбе облысының Темір ауданында (қазіргі Байғанин ауданы) туған.
Жастайынан домбыра тартуға, жанынан суырып салып, өлең шығаруға талпынған. Көп кешікпей-ақ ол «бала жыршы» деген атқа ие болады. Нұрпейіс өз кезіндегі белгілі ақындардың жырларын тыңдайды, олардың шығармаларын жаттап алады. Жас кезінде-ақ оның репертуарына Батыс Қазақстанның ақындары Абыл Тілеуұлының, Алаша Байтоқтың, Шернияз Жарылғасұлының, Нұрым Шыршығұлұлының өлеңдері мен жырлары енген.
17 жасынан бастап Нұрпейіс маман ақын болып қалыптасады. Белгілі ақындармен айтысқа түсіп, үнемі жеңіске жетіп жүреді. Ол кәдімгі ақындар сияқты ауыл-ауылды аралап, өлең шығарады, ал көп кешікпей оның есімі тек туған жерінде ғана емес, Оңтүстік Орал, Сырдарияның бойында, Қарақалпақстан, Хиуада, Түркменстанда белгілі бола бастайды.
Қазақтың халық эпосын білгені оны жігері жасымайтын ақын етеді. Енді эпикалық поэмаларды жатқа қайталап айтумен шектелмей, оларды өңдейді, толықтырады, байытады, өзінің жанынан шығарған тамаша шумақтармен жандандырады. Осындай жолдармен Нұрпейіс Байғаниннің жырлауында «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Орақ - Мамай», «Қарасай - Қази», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз-жібек», «Айман-Шолпан» нұсқалары туған.
«Қобыланды» эпосының 26 нұсқасының ішіндегі ең көлемдісі де Нұрпейіс Байғаниндікі болып шығады. 9300 жолдан тұратын жырды 1940 жылы оның хатшысы Ахмет Ескендіров жазып алған.
1917 жылы Нұрпейіс Байғанин көтерілісшілердің жалынды ақын-үгітшісі болады. Оның сюжеттік өлеңдерінің тақырыбы мен шығармашылық әдісі де кеңейеді. Ертедегі өткендер енді шындыққа айналады, халық эпосының авторлықпен өңделген қайта жырлаулары күнделікті өмірдегі батырлық жөніндегі шығармаға айналады. «Ақкенже» поэмасында ол жас өмірдің қысым астында қалғаны жөніндегі тарихтың жан тебірентерлік бейнесін жасаған.
30-жылдары Нұрпейіс Байғанин әр түрлі мекемелерде жұмыс жасайды, колхоздарда үгітші және ұйымдастырушы болған. 1938 жылы Нұрпейіс Байғанин алғаш рет Алматыға келіп, Жамбыл Жабаевтың мерейтойына қатысып, «Ақын шабыты», «Жамбылға», «Көрімдік», «Ғасырдың қарт бұлбұлы», тағы басқа жырлар шығарған. Осы кезден бастап Нұрпейіс Байғаниннің барлық шығармалары оның бірінші жеке хатшысы Ахмет Ескендіров арқылы қағазға түсіріліп отырылады, соның арқасында ақынның жақсы шығармалары бізге дейін жеткен. Осы жылы Нұрпейіс Байғанин «Комиссар Пожарский» атты поэма жазады.
1939 жылы ақын Қазақстан Жазушыларының ІІ-съезіне қатысып, Жазушылар одағының мүшесі болған. Нұрпейіс Байғанин ақындардың республикалық слетіне қатысып, топпен бірге Мәскеудің ауыл шаруашылық жетістіктері көрмесіне жіберіледі. Көрме барысында Нұрпейіс Байғанин айтқан жырлар орыс тіліне аударылып, Бүкілодақтық радиодан беріледі.
Осы жылы Нұрпейіс Байғанинге «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» деген атақ беріліп, ақын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бірінші сессиясы Президиумының грамотасымен марапатталады. Ақын өз арнауымен ашқан бірінші облыстық Кеңестің депутаты болып сайланады.
1940 жылы қоғамдық қайраткерлігі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Бұл оқиғаға ол өзінің «Қуаныш жыры» атты өлеңін арнаған.
Әйгілі «Седовшылар» атты өлеңін 812 тәулік бойында мұз құрсауында қалған «Седов» қаһармандарына арнаған.
Оның соғыс жылдарындағы шығармашылығы табысты болды. Бұл кезеңдегі ақынның шығармалары еркін әрі тамаша өмір үшін күреске арналған. Ол эпостардағы халықтық қаһармандықты көрсете отырып, жеке батырлар мен майдандағы оқиғалар жөнінде өлеңдер мен дастандар шығарады. Бұл кезеңдегі шығармаларының белгілілері - «Батыр туралы жыр», «Батыр ұлға», «Жеңіс үшін», «Қазақстан - майданға»және басқалар.
Нұрпейіс Байғанин қиын кезеңде халықты тек жырымен демеп қоймай, үгіт бригадасының құрамында республиканы аралап, елдегі еңбекшілердің жауынгерлік рухын көтерген. 1944 жылы маусымда өзінің еңбектегі ерліктерімен белгілі болған Шығанақ Берсиевке қоштасу әнұранын арнаған.
Ақынның шығармаларын Мәриям Хакімжанова, Қуандық Шаңғытбаев, Ержан Ахметов, тағы басқа ақындар ұқыпты түрде қағазға түсіріп отырған.
Ақтөбе облысындағы ауданға, туған ауылына, Ақтөбе қаласындағы көшеге Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілген.
91 жыл бұрын (1923-2005) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты НИ Леонид Павлович дүниеге келді.
Ресейдің Владивосток қаласында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын және аспирантурасын бітірген. 1951 жылдан Металлургия және кен байыту институтының ғылыми қызметкері, директордың орынбасары болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері алюминий тотығының физика-химиясы мен технологиясын зерттеуге арналған. Ғалым Павлодар алюминий зауытында төменгі сапалы бокситтерді өңдеудің жаңа тәсілін жасап, өндіріске енгізген. Сондай-ақ кеңқұрамды глиноземі бар жүйелердің құрылымдық және фазалық ауысуларын, алюминий ерітінділеріндегі күрделі зат алмасуларын, қатты фазалардың кристалдану процестерін, олардың метатұрақты және нағыз тепе-теңдік жағдайындағы құрылымдық түрлендіру тәсілдерін зерттеген. Академиктің 700-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 15 монографиясы 100-ден аса патенті мен авторлық куәлігі бар.
«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
7 9 жыл бұрын (1935) жазушы-сатирик, Қазақстанның құрметті журналисті, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты ҚАБЫШҰЛЫ Ғаббас дүниеге келді.
Шығыс Қазақтан облысының Ұлан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1956-1966 жылдары - «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінің корректоры, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редакторы. 1966-1974 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, редакторы. 1974-1983 жылдары - КСРО Әдебиет қоры Қазақ бөлімшесінің директоры. 1983-1988 жылдары - «Ара» - «Шмель» әзіл-сықақ журналының бас редакторы. 1989-1991 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағының Көркем аударма және әдеби байланыс бас редакциясы алқасының бөлім меңгерушісі, төрағасы. 1991-1995 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, 1995-1996 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы қызметтерін атқарған.
Алғашқы әзіл-сықақ әңгімелері 1966 жылы «Шұғыла» жас жазушылар жинағында жарық көрген. 1970 жылы жазушының алғаш рет «Мінездеме» атты жинағы шыққан. «Мысықта неге сақал жоқ?», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Тарихта қалғың келе ме?», «Бұл әлгі кім..», «Халіңіз қалай?», «Кадр мәселесін ... мәселе шешеді», «Жетім жиналыс», «Смех и слезы», «Адамның кейбір кездері» атты кітаптардың авторы.
А.Чеховтың, О.Вишнянның, И.Друцэнің, А.Несиннің, А.Бусуйоктың, Б.Нушичтың, Д.Ленчтің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.
7 3 жыл бұрын (1941) эстрада және цирк әртісі, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ҚАБИҒОЖИНА Сара Оқапқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы эстрада-цирк студиясын, Мәскеу эстрада өнерінің бүкілодақтық шығармашылық шеберханасын бітірген. Өнер жолын Қазақконцертте көркемсөз оқудан бастаған. Кейінірек жұбайы Сұлтанғали Шүкіровпен бірге көзбайлаушы-иллюзионистік жанрды меңгеріп, шеберлігін арттыра түскен. 1978 жылы Карловы-Вари мен Парижде, Брюссельде өткен бүкілдүниежүзі көзбайлаушы-иллюзионистерінің байқауларында «Неткен ғажап бұл әлем» атты (музыкасы Давид Тухмановтікі) эстрадалық-цирк композициясымен Бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ 1978 жылы Гаванада өткен Жастар мен студенттердің бүкіл дүниежүзілік 11-фестивалінің және Бүкілодақтық Ленин Комсомолы сыйлығының иегері атанды
5 6 жыл бұрын (1958) Қазақстан Респуликасының Бас әскери прокуроры МЕРЗАДИНОВ Ерғали Серікбайұлы дүниеге келді.
Шымкент облысы Киров ауданының Абай ауылында дүниеге келген. 1975 жылы орта мектепті тәмамдаған. 1975 және 1977 жылдар аралығында Киров ауданының шарап зауытында жұмысшы болып еңбек еткен. 1977 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне 1 курсқа қабылданып, 1978 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқуын жалғастырды. Аталған университетті 1982 жылы үздік аяқтағаннан кейін Алматы қаласының Калинин аудандық прокуратурасында тағылымдамадан өтуші ретінде, одан әрі осы прокуратурада прокурордың көмекшісі, аға тергеуші болып қызмет атқарды. 1986 жылдан бастап Қазақ ССР прокуратурасында тергеу басқармасының прокуроры, аса қауіпті қылмыстарды тергеу бөлімі бастығының орынбасары, кейіннен Қазақ көлік прокуратурасының тергеу, анықтауды қадағалау бөлімінің бастығы, Совет ауданының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары лауазымдарында болды. 1996 жылдың наурызы мен 2002 жылдың ақпан айы аралығында Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы және Қарағанды облысының прокуроры қызметін атқарды. 2002 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасының ішкі істер вице-министрі болып тағайындалды. 2004 жылдың мамырынан 2005 жылдың маусымына дейін Астана қаласының прокуроры лауазымында болған. 2005 жылдың 30 маусымында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары болып тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен Бас Прокурордың 2009 жылдың 6 мамырындағы Бұйрығымен Бас әскери прокурор болып тағайындалды.
Әскери және қызметтік міндетін үлгілі орындағаны, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі, конституциялық құқық пен еркіндікті қорғаудағы үлесі үшін Е.С.Мерзадинов 2 дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Сондай-ақ оның еңбегі «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен ескерілді.
2001 жылы заң ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алды.
3 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені бар.
4 3 жыл бұрын (1971) ҚР мұнай және газ вице-министрі АҚШОЛАҚОВ Болат Оралұлы дүниеге келді.
1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, экономист. 1993 жылдан - Alem Bank Kazakhstan филиалдары қызметтерін бақылдау департаментінің экономисі, бас экономисі. 1995 жылдан - Орталық-Азиялық ынтымақтастық және даму банкінің бағалы қағаздар бөлімінің, дилинг операциялары бөлімінің бастығы, активтерді басқару департаментінің директоры. 1997 жылдан - «Қазақойл» ҰМК» ЖАҚ аға сарапшысы, менеджері, бас менеджері, ТШО департаменті директорының орынбасары. 2001 жылдан - «ҚазмұнайГаз» ҰК» АҚ бизнес талдамашысы, стратегиялық жоспарлау менеджері, бірлескен кәсіпорындарының үлестерін басқару жөніндегі қаржы директоры. 2006 жылдан - ҚР энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі. 2008-2010 жылдары - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма мүшесі. 2010 жылдан - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарушы директоры. 2010 жылғы шілдеден - Өнімдерді бөлу жөніндегі келісім бойынша уәкілетті орган - "PSA" ЖШС бас директоры. 2011 жылғы қазан-желтоқсан айларында - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ президенті. 2012 жылғы қаңтардан - ҚР Мұнай және газ вице-министрі.
13 1 жыл бұрын (1883-1933) Ауғанстан королі НАДИР ШАХ Мұхаммед дүниеге келді.
1919 жылы Ауғанстанда болған ұлт-азаттық қозғалыста көрнекті рөл атқарған. 1919 жылы Аманулла хан Ауғанстанның тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Надир Шах Ауғанстанның әскери министрі, Париждегі елшісі қызметтерін атқарған. 1926 жылы қызметтен кетіп, Францияда тұрған. 1929 жылы Отанына қайта оралғаннан кейін Бачаи Сакаоға қарсы күресті басқарған. Сол жылы қараша айында Ауғанстанның королі болып жарияланған. Ол қастандық құрбаны болған.
8 1 жыл бұрын (1933) француз киноактері Жан-Поль БЕЛЬМОНДО дүниеге келді.
5 6 жыл бұрын (1958) кеңестік және ресейлік театр және кино актрисасы, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Елена КОНДУЛАЙНЕН дүниеге келді.
30 жыл бұрын (1984) теннисші ДОСКАРАЕВ Диас Бауржанұлы дүниеге келген.
Ол Шымкентте туған) - теннисші, 2012 жылдың наурызынан Қазақстан ерлер құрамасы капитаны. Диас 3 дүркін Қазақстан чемпионы, 18 жасқа дейінгілер арасында Азияның 2 ракеткасы болған. Ал 18 жасқа дейінгілер арасында әлемнің үздік 50 теннисшісінің қатарына кірген. АҚШ-та оқыған. Мұхиттың арғы жағында теннис бапкері болып қызмет атқарған.