9 шілде, СӘРСЕНБІ Аргентинаның Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. Аргентина - Оңтүстік Американың оңтүстік-шығыс бөлігін толығымен алып жатқан мемлекет. Оңтүстігінде және батысында Чилимен, солтүстігінде Боливия, Парагваймен, солтүстік-шығыс және шығысында Бразилия, Уругваймен шектеседі. Әкімшілік жағынан 22 провинцияға, 1 ұлттық территорияға және 1 федералды астаналық округке бөлінеді. Астанасы - Буэнос-Айрес қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - песо. Аргентина конституциясы бойынша - Федеративтік Республика. Ал басқару формасы бойынша - парламентаризм элементтері бар Президенттік Республика. Мемлекет және үкімет басшысы - Президент. Сонымен қатар елдің қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып саналады. Жоғары заң шығарушы органы - Сенат және Депутаттар палатасынан тұратын Ұлттық конгресс. Қазақстан Республикасы мен Аргентина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы маусымның 25-де орнатылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 108 жыл бұрын (1906) Ресейдің Выборг қаласында бірінші Мемлекеттік думаның таралуын заңсыз деп таныған депутаттар халыққа үндеу жолдады. Бұл үндеу тарихта Выборг үндеуі деген атпен қалған. Думаны тарату туралы патша жарлығына қарсы халықты салық төлеуден, әскери міндеткерлікті өтеуден бас тартып, наразылық білдіруге шақырған бұл үндеуге қол қойған 200-ге жуық депутаттың басым көпшілігін кадеттер партиясының өкілдері құрады. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов пен Сәлімгерей Жантөрин де болды. 1907 жылы желтоқсанда үндеуге қол қоюшылар сотқа тартылып, олардың ішінде 167 адам 3 ай мерзімге абақтыға жабылып, ендігі жерде Думаға мүше болу құқығынан айырылды. 23 жыл бұрын (1991) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік салық қызметі құрылды. 13 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы жарық көрді. 7 жыл бұрын (2007) Атырау мемлекеттік университеті жанындағы археологиялық-этнографиялық орталықтың кезекті экспедициясының мүшелері сармат дәуірінен жеткен алты обаны тапты. Сармат дәуіріне қатысты бірнеше көне құмыра, ежелгі халықтың басқа да тұтынған ыдыс-аяқтары Атырау облысының Қызылқоға ауданынан табылды. 5 жыл бұрын (2009) Астанада ТМД-да автомобильдің тозған шиналарын өңдейтін алғашқы зауыт іске қосылды. Зауыттың қуаты - жылына 21 мың тонна резеңке үгінділерін өңдеу. Зауыттан шыққан резеңке үгінділері спорт, балалар алаңдары, стадион беттерін жабуға, жол үсті белгілерін, жаяу жүргіншілер жолдарының жабындысын, теміржолдарды, жол жиектемелері және құдықтардың қақпақтарын жасап шығаруға пайдаланылады. Германия технологиялары қолданылған жобаны Қазақстан Даму банкі қаржыландырды. 5 жыл бұрын (2009) «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасының аумағында «Ежелгі Қазақстанның қаруы және қару-жарағы» топтамасының көркемдік маркасын айналымға енгізді. Маркада XVIII ғасырдағы батырдың қалқаны бір топ жауынгердің бейнесінде бейнеленген. Марка төрт бояуда офсет, бұрғылап тесу әдiсi бойынша орындалған, өлшемі - 50х38 мм, таралымы - 30 мың дана. Суретшiсі - Данияр Мұхамеджанов. Маркалар Бейжіңнің (ҚХР) пошталық таңбалар фабрикасында басып шығарылған. ЕСІМДЕР 86 жыл бұрын (1928) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты УСТИМЕНКО Борислав Петрович дүниеге келді. Өскемен қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1951-1975 жылдары - Қазақ энергетикалық ғылыми-зерттеу институтының аспиранты, кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1975 жылдан осы институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, 1988-1992 жылдары директоры болып қызмет атқарған. 1992 жылдан зертхана меңгерушісі болып жұмыс істеген. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері жылу энергетикасы, жылу физикасы, қолданбалы газ динамикасы мәселелеріне және бу генераторының оттығы мен жанарғысын модельдеуге арналған. Жылу энергетикасы және өндірістің басқа да салаларында кеңінен қолданылып жүрген гидромеханика және сұйықтық пен газдың турбуленттік ағысында айналатын жылу алмасуға, баяу және ағыстың басқа да күрделі түрлерінің аэродинамикасына теориялық негіз жасап, терең зерттеулер жүргізді. Қазіргі кезде оның басшылығымен қуатты энергетикалық блоктың қазан агрегаттары габаритін елеулі азайтатын және олардың тиімділігін арттыратын жаңа, жоғары тиімділікті оттықты және жанарғылы құрылғылар зерттеліп жасалды. 350-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 9 монографияның авторы. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. 72 жыл бұрын (1942) М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор БАЙСЕРКЕ Лесхан Әмірбекұлы дүниеге келді. Жамбыл облысының Жамбыл ауданында туған. ҚазПИ-ді (1966, қазіргі ҚазҰПУ) және Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын (1976) бітірген. Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институтында оқытушы, аға оқытушы (1966-1973), кафедра меңгерушісі, декан (1976-1994) қызметтерін атқарды. 1996 жылдан Тараз мемлекеттік университетінің проректоры. 70-ке жуық ғылыми еңбектің, оның ішінде 5 монографияның авторы. 13-сайланған ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 68 жыл бұрын (1946-2008) журналист, саясаттанушы ЕРМЕКБАЕВ Қуаныш Ермекбайұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1971-1973 жылдары - Қазақ радиосының редакторы, аға редакторы. 1973-1975 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің нұсқаушысы. 1975-1976 жылдары - Совет аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1976-1979 жылдары - Қазақ КСР-і Мемлекеттік телерадио бөлімінің меңгерушісі. 1979-1980 жылдары - Қазақ кәсіподақ кеңесінің нұсқаушысы. 1980-1981 жылдары - Алатау аудандық комитетінің нұсқаушысы. 1981-1984 жылдары - Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының аға нұсқаушысы. 1984-1991 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, жалпы бөлім меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті және Президент Аппаратының жалпы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті хатшылығы меңгерушісінің орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Іс басқармасы жалпы бөлім меңгерушісі. 1995-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары. 1997-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесі Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі. «Құрмет» орденімен, медальмен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған. 51 жыл бұрын (1963) М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЛЕБСАК Ирина Маратовна дүниеге келді. Павлодар қаласында туған. Павлодар педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша, Алматы мемлекеттік театр-көркемөнер институтын драма театры мен кино актері мамандығы бойынша бітірген. 1988 жылдан бері М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында актриса. «Ваня ағай» (Елена Андреөвна), «Иванов» (Анна Петровна), «Мужской род, единственное число» (Жасант), «Тұңғиықта» (Василиса Карповна), «Шайтанның тұзағы» (Елена), «Таланттар мен табынушылар» (Александра Николаевна), «Эзоп» (Клея) және басқа спектакльдерде рөлдер орындайды. «Қазақфильм» киностудиясының «Тоғысқан тағдырлар» (Лаура), «Шегіртке» (Евгения Гордейқызы) телесериалдарына түскен. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. ҚР Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 50 жыл бұрын (1964) актер ЖҰМАНОВ Евгений Нұриұлы дүниеге келді. Павлодар қаласында туған. Шығармашылық қызметін Павлодар облыстық драма театрынан бастаған. Орал облыстық орыс драма театрында, Мемлекеттік орыс академиялық драма театрында өнер көрсеткен. 1996 жылдан Республикалық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының актері. Е.Жұманов театр сахнасында Ромео (У.Шекспир «Ромео - Джульетта»), Калигула (А.Камю «Калигула»), Сальери (А.Пушкин «Моцарт пен Сальери»), Хосе (П.Периме «Кармен»), т.б. рөлдерінде ойнаған. «Тоғысқан тағдырлар» телесериалында Шәміл Байжановтың бейнесін сомдаған. Ол сонымен қатар теледидар бағдарламаларының жүргізушісі ретінде де танымал.
06:51, 09 Шілде 2014
9 шілде. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 9 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.