9 тамыз, СЕНБІ Сингапур Республикасының Ұлттық мейрамы - Республика күні. 1965 жылғы тамыздың 9-ында Малайзия Федерациясынан Сингапур бөлініп шықты. Сингапур - Азияның оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекет. Астанасы - Сингапур қаласы. Мемлекет тілі - ағылшын, қытай және малай тілдері. Ақша бірлігі - сингапур доллары. Қазақстан Республикасы мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы наурыздың 30-ында орнатылды. Нагасаки күні. 1945 жылғы тамыздың 9-ында американ авиациясы Жапонияның 253 мың тұрғыны бар Нагасаки қаласына атом бомбасын тастады. Жоспар бойынша бұл атом бомбасын Жапонияның Кокуру қаласына тастау керек болатын. Бірақ ауа райының қолайсыздығына және әуеге көтерілгеннен кейін пайда болған ұшақ ақауына байланысты ұшқыштың бомба тастау бағытын өзгертуіне тура келген. Нагасакиде 80 мыңға жуық адам қайтыс болған. Әлемнің тұрғылықты халықтарының халықаралық күні. БҰҰ Бас Ассамлеясының шешімімен жарияланған. БҰҰ мәліметтері бойынша бүгінгі таңда 5 құрлықтағы 70 елде 5000-нан астам жергілікті халықтар тұрады. АҚШ-та орманды өрттен қорғау күні. Орман шаруашылығы қызметі 1905 жылы құрылды және ол АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігінің бөлімі болып саналады. Олар 193 миллион акр жерді алып жатқан ормандағы қоғамдық, шалғын және жайыс жерлерді бақылайды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 20 жыл бұрын (1994) Алматыда ҚР Ұлттық банктің мемлекеттік қоймасының іргетасы қаланды. 19 жыл бұрын (1995) Иранда «Абай шығармашылығына көзқарас» атты кітап жарық көрді. 14 жыл бұрын (2000) Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы достастық жөніндегі Меморандумға Қазақстан Реcпубликасының вице-премьері И.Тасмағамбетов және Ф.Майор қол қойды. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Үндістанды зерттеу орталығы ашылды. Жаңа орталық Қазақстан мен Үндістан арасындағы қарым-қатынасты, әсіресе, мәдениет пен білім саласын дамытуға бағытталды. Орталықта DVD, CD-R және Интернет арқылы Үндістан туралы мәлімет алатын, пікір алысатын мүмкіндіктер туады. Ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасындағы Үндістан елшілігінің жанындағы Үндістан мәдениет орталығы және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы. 7 жыл бұрын (2007) Астанада Ресейдің ғылым және мәдениет орталығында Борис Резванцевтің «Тропами Шамбалы. От Алтая и Урала» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл кітапта Қазақстанның жер қойнауындағы байлықтары, экологиясы, табиғаты туралы жазылған. Борис Резванцев - экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, экономика-математика пішіндеуі бойынша үш ғылыми монографияның авторы, Ленин орденімен марапатталған. Кітаптың бірлескен авторы - оның ұлы Борис, Орыс географиялық қоғамының нақты мүшесі, Ресей фотосуретшілер одағының мүшесі, автотуризм бойынша спорт шеберi, Мәскеуде тұрады. Соңғы он жылда Резванцевтардың Қазақстанның және Ресейдің баспаханаларынан «Подкова счастья», «Сердцевина Евразии» және «Тропами Шамбалы» атты үш кітабы басып шығарылды. 7 жыл бұрын (2007) Семейде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Жәнібек Кәрібжанов «Өндіріс» бизнесті дамыту аумағында құрылыс іргетасына капсула қалау рәсіміне қатысты. Бизнесті дамыту аумағының жалпы ауданы 85 гектар, ол қаланың оңтүстік-батыс аумағында орналасқан. Индустриялық-инновациялық аймақтың ашылуы сол жерге инвесторларды тарту, оларға инженерлiк-коммуникациялық және ақпараттық қызметтердiң кешенi кiретiн толық дамыған инфрақұрылымы бар жер телiмдерін беруді қамтиды. 110 жыл бұрын (1904) Парижде Шахтерлердің халықаралық конгресі барлық елдердің тау-кен саласында 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу туралы талап қойды. 40 жыл бұрын (1974) АҚШ-тың 37-ші президенті Ричард Никсон өз еркімен орнынан түсті. Ол бұндай әрекетке барған тұңғыш президент болатын (Уолтергейт жанжалынан кейін осылай етуге мәжбүр болды). ЕСІМДЕР 135 жыл бұрын (1879-1963) 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысушы, көтеріліс жаршысы, Қазақ КСР-інің халық ақыны ШИПИН Омар дүниеге келді. Қостанай облысының Қостанай ауданында туған. Ол «Амангелдінің айбаты», «Арман», 1916 жылғы», «Торғай соғысы» толғауларынан «Амангелді батыр» дастанына дейінгі көптеген шығармаларын халықтың патша үкіметіне қарсы күресіне арнаған. «Патша тақтан түскенде», «Октябрь түні», «Ақын үні», тағы басқа жырларымен жаңа заманды қарсы алды. Отан қорғау, бейбітшілік, тың игеру тақырыбына талантты жырлармен үн қосқан. «Масаты қыз», «Қойшы Күлен», «Жеткіншек», «Сыбызғы үні» дастандарында қазақ халқының өткендеріндегі күрделі тағдырын суреттеді. Шығармаларының 10 жинағы жарияланды. 1954 жылы орыс тілінде «Стихи и песни» атты жыр жинағы басылып шыққан. «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 101 жыл бұрын (1913-1988) театр суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері БАЛЬХОЗИН Игорь Борисович дүниеге келді. Ресейде туған. Арнаулы суретшілік білім алмаған қылқалам шебері Вятка, Вологда қалаларының театрларында суретші-көшірмеші болып істеген. 1934 жылы Алматыға қоныс аударып, Орыс академиялық драма театрында суретші-орындаушы, театрдың бас суретшісі, қоюшы суретші қызметтерін атқарған. Осы театр сахнасында қойылған А.Чеховтың «Ваня ағай», М.Горькийдің «Күн балалары», М.Әуезовтің «Түнгі сарын», У.Шекспирдің «Король Лир» т.б. спектакльдерді көркемдеген. Қазақ академиялық драма театрында Ә.Әбішевтің «Достық пен махаббат», «Кім менің әкем», М.Иманжановтың «Менің махаббатым», Қ.Бекхожиннің «Ұлан асу», М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» сияқты спектакльдерінің декорациясын жасаған. 81 жыл бұрын (1933) геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, минералдық ресурстар академиясының академигі ДИАРОВ Муфтах Диарұлы дүниеге келді. Атырау облысында туған. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. 1955-1964 жылдары - Индер геологиялық барлау экспедициясының геологы, партия комитетінің бастығы, бас геологы. 1964-1978 жылдары - Қазақ мұнай геологиялық баралу ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі. 1978-1992 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының Мұнай химиясы және табиғи тұздар институты директорының орынбасары, директоры, зертхана меңгерушісі. 1992-1997 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының Батыс бөлімшесі академик хатшысының орынбасары. 1997 жылдан «Атырау-ғылым» акционерлік қоғамының вице-президенті болған. Ғалым Каспий маңы ойпатында бор, борлы-калийлі тұздар іздеу, барлау мәселелерімен шұғылданған. Минералдық тұздарды барлаудың жаңа тәсілдерін жасап, пайдаланған. 70 жыл бұрын (1944) Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ кинодраматургі ЕРҒАЛИЕВА Зәуреш Әбдешқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген (1967). Көптеген көркем фильмдер мен деректі фильмдер сценарийлерінің авторы, халықаралық кинофестивальдарда сыйлық алғандары: «Шөптің ішкі тәтті шырыны» (БКФ әділқазыларының сыйлығы, Минск қаласы , 1985; Екінші сыйлық, Португалия), «Мутанттар», «Соның ішінде» (2000), «Тұрмағанбет ақын» (1989), «Періште» (2004). Қазақстанның алағшқы «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясының бас редакторы және сценарий авторы (1999). «Шегіртке» танымал телесериалының сюжеттік желілері мен сценарийлерінің авторы (2000). 70-тен аса фильмдердің авторы. Қазақстанның бірінші «Тағдыр ұршығы» атты мерзімді баспасөз әдеби сериалының авторы (Малика Саид бүркеншік атымен). Кино туралы мақалалардың, сонымен қатар көркем әңгімелердің тұрақты авторы. 1972 жылдан - Одесса киностудиясында бас редактордың орынбасары. 1977-2010 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының жетекші редакторы. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Бағындыру» картинасының редакторы (2010). КСРО Кинематографистері одағының мүшесі (1985). ҚР Кинематографистері одағы басқармасының мүшесі (1995- 2005). «Тың жерлерді игергені үшін» (1966) медалімен, «Социалистік жарыс жеңімпазы» (1976) белгісімен, ҚР Құрмет грамотасымен (2005) марапатталған. Халықаралық кинофестивальдің лауреаты (Томар, 1986). 62 жыл бұрын (1952) Ш.Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің әртісі ШОЙЫНБАЕВ Құрманбай Алтайұлы дүниеге келді. ОҚО Сайрам ауданы Қызылту ауылылында туған. Қазақстан Республикасының халық артисі (1992). 1973 жылы Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы мәдениет институтын бітіріп, музыка теориясы мен вокал кафедрасында жұмысқа қалады. 1977 жылында Жетісай мәдениет техникумында, 1981 - 1986 жылдарында әл-Фараби атындағы мәдениет институтында ұстаздық қызмет атқарады. 1986-1991 жылдары Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіреді. 1972 жылында облысы «Достық» ансамблінің құрамына алынды. 1973 жылы республикалық «Саяси әндер» байқауының лауреаты, 1991 жылы 5-ші республикалық әншілер байқауының жүлдегері болды, Халықаралық Ш.Қалдаяқов атындағы ән-фестивалінің бас жүлдесін алды. М.Әуезов атындағы облысы мемлекеттік университетінің Музыкалық әдістемелік және хор дирижері кафедрасында қызмет етеді. 2007 жылдан бері - Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің әртісі. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1992). 55 жыл бұрын (1959) Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акдемиясының аға оқытушысы, доцент, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақтың балалар мен жасөспірімдер академиялық театрының актрисасы МӘМБЕТОВА Әсел Иманғалиқызы дүниеге келді. Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Ақжайық көнтінде туған. Алматы мемлекеттік көркем театр институтының театр факультетін бітірген (1984), музыкалық драма актері. Қалалық және аудандық шаралар сценарийлерінің авторы. 1984 жылдан -Алматы қаласының жасөсіпірмдер театрының актері. 2000 жылдан бері Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, аға оқытушысы. 2010 жылдан бері Ғ .Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған театрдың актері. Ә.Әбішевтің «Мәди» (Ділдар), У. Шекспирдің «Жазғы түндегі түс» (Гермия), А.П. Чөховтың «Чайка» (Нина Заречная), Ф.Оңғарсынованың «Бақыт пен қайғы» (Ақынқыз), С. Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» (Гүлбаршын), С.Асылбековтың «Рабиғының махаббаты» (Роза); I.Жансүгіровтың «Исатай-Махамбет», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» (Күнікей) және басқа спектакльдерде ойнады. «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1994). «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған (2001). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2009). 31 жыл бұрын (1983) еркін күрестен қазақ палуаны ШАБАНБАЙ Дәулет Еркінұлы дүниеге келді. 96 келі салмақта Азия чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері. Лондондағы 2012 жылғы ХХХ Олимпиада ойындарына қатысушы. Жаттықтырушысы - Алексей Сергеев. 119 жыл бұрын (1895-1967) тарихшы, профессор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР және Қырғыз КСР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі ВЯТКИН Михаил Порфирьевич дүниеге келді. Орынборда туған. Томбы университетін бітірген. 1934-1945 жылдары М.Покровский атындағы Ленинград педагогикалық институтының аға ғылыми қызметкері, 1945-1957 жылдары КСРО тарихы кафедрасының меңгерушісі болған. 1957 жылдан өмірінің соңына дейін КСРО Ғылым академиясы Тарих институтының Ленинград бөлімшесін басқарды. 1935 жылдан бастап, Қазақстан мен Қырғызстанның тарихын зерттеумен шұғылданған. 70-тен аса ғылыми еңбектерінің көбі Қазақстан тарихына арналған. 1941 жылы Алматыға қоныс аударып, Қазақ КСР тарихы 1-томының очеркін жазды. 1943-1949 жылдары жарық көрген Қазақ КСР тарихының бірнеше тарауының авторы және редакциялық мүшесі. Ол 1947 жылы шыққан «Сырым батыр» монографиясы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Онда ол Сырым Датұлы бастаған Кіші жүз халқының ұлт-азаттық көтерілісіне жан-жақты талдау жасайды. Ол Сырымның қайраткерлігіне жоғары баға берген. Екі орденмен және медальдармен марапатталған. 51 жыл бұрын (1963) американдық эстрада әншісі, актриса, продюсер Уитни Элизабет ХЬЮСТОН дүниеге келді.