95 жылдағы ел шежіресі - ҚазАқпарат (ҚазТАГ) таспасында (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігіне 95 жыл толып отыр. Бір ғасырға жуық ғұмыры бар бұл бұқаралық ақпарат құралының әр күні тарих, әр жазбасы қатталған ел шежіресінің болашақ қазынасы.

«ҚазАқпарат» - қоғамның әр саласында қызмет ететін сан түрлі мамандық иесі үшін де іздегенін табатын, көргенін алатын ашық алаң. Ол тарихшыға дерек берсе, қаламгердің қажетіне жарап, саясаткердің сөзі бола білді. ҚазАқпаратта ауқымды тілшілер желісі бар. Әсіресе, Ресей, Қытай, Түркия, БАӘ, Бельгия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі тілшілер жұмысын атап айту керек. Демек, елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды on-line режимінде жедел әрі шынайы таратып қана қоймай, ҚазАқпарат бейбіт Қазақстанның өз ақпарат кеңістігін көрсете білді.

Тәуелсіздікке дейінгі де, бүгінгі жаңа тарихтың да куәгері болып келе жатқан ақпарат көздерінің бірі - «ҚазАқпарат». Онда еліміздің тыныс тіршілігіндегі әр сәт сол қалпында дереу, минут сайын жаңалық болып, бірнеше тілде бар жаһанға тарап келеді.

Аңсаған арманымыз тәуелсіздікке қол жетіп, Қазақстан Республикасы құтты қадамын жасағанда да ҚазАқпарат алғашқы болып, тарихи жаңалықтардың жаршысына айналды. Қазіргі ақпараттық дәуірде БАҚ-тың саны қаншалықты көп болса, соншалықты ҚазАқпараттың беделі үстем. Себебі, ол - сенімді ақпарат көзі. Өйткені, еліміздің барлық жетістігі, тыныс тіршілігі оның назарынан тыс қалып көрген емес. Қазақстанның жүрегі, бар қазақтың мақтанышы аяулы Астана да «ҚазАқпараттың» көз алдында көркейді. Елбасы өз қолымен тұрғызған ажарлы Астанамыздың әр көшесіндегі қалт еткен өзгерісті мүлт жібермей дүйім жұртқа, тіпті жер жаһанға қуана жар салып, жақсылықты жария етуге асығатын да осы - ҚазАқпарат.

95 жыл - үлкен тарих. Осы жылдары талай тарихи оқиға орын алды. Қазақ елі Тәуелсіз мемлекет атанды, Сарыарқаның төрінде жаңа астанасы бой көтерді. Алаш ұлдары жеңіс тұғырына көтеріліп, көк байрағымыз желбіреді. Оның барлығынан агенттік тілшілері елден сүйіншісін сұрап, тікелей хабар таратты. Әлі де Қазақ еліндегі жеңістердің жақсы жаңалықтардың жаршысы болуға жазсын.

***

Осы мерейлі датаға орай ҚазАқпараттың 95 жылдағы шартарапқа таратқан ең маңызды оқиғаларының шежіресін ұсынамыз.

1920 - Қазақ ақпарат агенттігі РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі ретінде ашылды

1921 - Верный қаласының атауы Алматы болып өзгерді

1922 - Ә.Жангелдин бастаған «Қызыл керуен» экспедициясы жүзеге асырылды

1923 - Мәскеуге Әміре Қашаубаев, Иса Байзаков, Елубай Өмірзақов, Қали Байжанов, Құрманбек Жандарбеков, т.б. қазақ әншілері мен музыканттары шақырылып, концерт қойды.

1924 - Қазақ АКСР-і астанасы Орынбордан Қызылордаға ауысты

1925 - Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде Әміре Қашаубаев қазақ ән өнерін Еуропада шарықтатты

1926 - Қызылордада қазақ театры ашылып, Қазақстанның музыкалық орталығына айналды

1927 - Түркістан-Сібір (Түрксіб) магистралінің құрылысы басталды

1928 - Алматыда Қазақ педагогикалық институты ашылды

1929 - Астана Кызылордадан Алматыға көшірілді

1930 - Қазақ АКСР ОАК мен ХКК жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы қаулы қабылдады

1931 - Түркістан-Сібір темір жол құрылысы пайдалануға берілді.

1932 - Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының негізі қаланды

1933 - Қазақ опера және балет театры мен Суретшілер одағы құрылды.

1934 - Алматыда Қазақ мемлекеттік университеті ашылды

1935 - «Қазақстандағы Кеңес өкіметіне 15 жыл» көрмесінің базасында Қазақ мемлекеттік Көркем өнер галереясы құрылды.

1936 - Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітоваға КСРО халық әртісі атағы берілді

1937 - 26 наурызда Қазақ АКСР-і одақтас республика болып қайта құрылды.

1938 - Қазақтың көрнекті ақын-жазушылары Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин «халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесілді

1939 - Тұңғыш қазақстандық «Амангелді» көркем фильмі экранға шықты 1940 - Орыс графикасы негізінде жаңа қазақ әліпбиі қолданысқа енді

1941 - Ұлы Отан соғысы басталды. Қазақстан аумағында ірі әскери құрылымдар құрылып, соғыс майданында ерлікпен шайқасты

1942 - Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші томы жарыққа шықты

1943 - Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өрендерім» толғауы қала көшелеріне плакат түрінде ілінді

1944 - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты ашылды

1945 - Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс

1946 - «Қазақ КСР Ғылым академиясын құру туралы» қаулы қабылданды

1947 - Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында алғашқы өнімі өндірілді

1948 - Қазақстан кәсіподақтарының республикалық І конференциясы өтті

1949 - Семей ядролық сынақ полигонында алғашқы кеңестік атом бомбасы «РДС-1» сыналды

1950 - Ұзындығы 438 км Мойынты-Шу темір жол төсемін салу аяқталды

1951 - КСРО Жоғарғы Кеңесі бейбітшілікті қорғау туралы Заң қабылдады

1952 - Тарихшы-ғалым Ермахан Бекмаханов өз кітабында Кенесары Қасымұлын ұлт азаттығы үшін күрескен батыр ретінде сипаттағаны үшін 25 жылға сотталды

1953 - Семей полигонында термоядролық жабдықты сынақтан өткізді

1954 - Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру басталды

1955 - Қарағанды металлургиялық комбинаты алғашқы өнімі өндірілді

1956 - Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру нәтижесінде алғашқы 1 миллиард пұт астық жиналды

1957 - Байқоңыр ғарыш айлағынан алғашқы жасанды Жер серігі ұшырылды

1958 - Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаев Лениндік сыйлыққа ие болды

1959 - Шымкентте гидролиз зауыты іске қосылды

1960 - Дінмұхамед Қонаев республика коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып сайланды

1961 - Юрий Гагарин Байқоңыр айлағынан алғаш рет ғарышқа ұшты

1962 - Қарағанды ГРЭС-2 алғашқы турбоагрегаторы іске қосылды

1963 - Ақтөбе хром қоспалары зауытының екінші кезегі іске қосылып, кәсіпорынның қуаты үш есе артты

1964 - Павлодар алюминий зауытынан алғашқы өнімі Новокузнецк қаласына жөнелтілді

1965 - «Өзен» кен орнынан алғашқы мұнай өндірілді

1966 - Бұқтырма гидроэлектр стансасы толық қуатына көшірілді

1967 - Жамбыл ГРЭС-нің алғашқы блогы іске қосылды

1968 - Ермаков ферроқорытпа зауытында өнімнің алғашқы тоннасы балқытылды

1969 - Есік қорғанынан алтын киімді сақ жауынгері табылды

1970 - Торғай облысының негізі қаланды

1971 - Шұбартау ауданынының комсомол-жастар бригадалары мал өсіру еңбегінің жаңа формасын игерді

1972 - Қапшағай электр станциясы салынды.

1973 - Алматыда Азия және Африка елдері жазушыларының 5-конференциясы өтті

1974 - Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды

1975 - Алматыда Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабы шықты

1976 - Қазақ ұлттық театрының негізін салушылардың бірі Серке Қожамқұловқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді

1977 - КСРО-ның соңғы конституциясы қабылданды

1978 - Қазақтың көрнекті ақыны Жұбан Молдағалиев «Қыран дала» және «Сел» поэмалары үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды

1979 - Целиноград қаласында жастар Неміс автономиясын құруға наразылық шеруіне шықты

1980 - Жақсылық Үшкемпіров қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды

1981 - Жыл сайын жазғы уақытқа көшу ережесі енгізілді

1982 - Қазақ КCP-i Министрлер Кеңесінің жарлығымен республикалық маңызы бар тарих пен мәдениет ескерткiштерiнiң мемлекеттік тiзiмi бекітілді

1983 - Алматы телемұнарасы ашылды

1984 - Шымкент мұнай өңдеу зауыты іске қосылды

1985 - Павлодар облысындағы қоңыр көмірді ашық әдіспен өндіретін «Богатырь» разрезі Гиннестің рекордтар кітабына енді

1986 - Алматыда қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісі болды

1987 - КОКП ОК «Қа­зақ республикалық партия ұйымының ең­бекшілерге интернационалдық және патриот­тық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулы қабылдады

1988 - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев т.б. ақталды

1989 - «Қазақ КСР-індегі Тілдер туралы Қазақ КСР-нің Заңы» қабылданды

1990 - Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды

1991 - Алаш жұртының арманы болған азаттық таңы атқан жыл. 1 желтоқсанда Қазақстан Президентінің бүкілхалықтық сайлауы

1992 - Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ту, Елтаңба және Әнұранның музыкалық редакциясы жөніндегі Заңға қол қойды

1993 - Қазақстан Республикасының алғашқы теңгесі айналымға түсті, 15 қараша «Ұлттық валюта» күні деп аталды

1994 - 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес депутаттары астананы Ақмола қаласына көшіру туралы шешім қабылдады.

1995 - 30 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды

1996 - 30 қыркүйекте Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу (ЯСЖТ) шартына қосылды.

1997 - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық жолдауы жарияланды.

1998 -10 маусымда Қазақстанның жаңа елордасы - Астананың халықаралық тұсаукесері болып өтті

1999 - Ұрпақтар бірлестігі мен сабақтастығы жылы.

2000 - Шежірелі Түркістанға 1500 жыл толды.

2001 - Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымды қалыптастыру және дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске қосылды

2002 - ҚР Президентінің Жарлығымен Денсаулық жылы болып жарияланды.

2003 - Астанада әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің I Съезі өтті

2004 - Парламент Мәжілісінің сайлауы болды.

2005 - Қазақстан мен Ресей арасында тарихи қадам - «Қазақстан-Ресей шекарасы туралы» Заңы бекітілді

2006 - Қазақстан Республикасының Әнұраны өзгерді.

2007 - «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді

2008 - Стратегиялық маңызды заң жобалары - «салық» және «бюджет» Кодекстері, үш жылдық бюджет заң жобалары әзірленді.

2009 - Республикада ислам банкинг жүйесін енгізуге бағытталған заң жобалары қабылданды

2010 - Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. 1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ Саммиті өтті

2011 - Алматы мен Астана қалаларында қысқы Азия ойындары өтті

2012 - Қазақстан құрамасы Лондон Олимпиадасында 7 алтын жүлдемен жалпыкомандалық есепте 12 орынға табан тіреді. Бұл Тәуелсіз ел тарихындағы үздік нәтиже

2013 - Барлық зейнетақы қорлары біріктіріліп, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» құрылды

2014 - Елбасы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

2015 - Қазақ хандығының 550 жылдығы, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агеттігінің 95 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы атап өтілуде. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылды. 26 сәуір күні Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Ұлт жоспары - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам жарияланды.