962 грамм мефедрон: Жетісудағы қылмыстық іс қайта қаралады

АСТАНА. KAZINFORM - Жетісу облысында әйелдің автокөлігінен 962 грамм мефедрон табылған. Психотроптық заттың тағы бір аз мөлшері оның жеке заттарының арасынан анықталған, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Фото: Polisia.kz.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, әйел психотроптық затты өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған.

Алайда істің жекелеген материалдары, оның ішінде электрондық хат алмасу деректері мен психотроптық затты тасымалдау мән-жайлары оны өткізу мақсатының болуы тұрғысынан қосымша бағалауды талап еткен.

Бұдан бөлек, тәркіленген заттың мөлшері 1 кг жуық болып, аса ірі мөлшерге жатқызылған. Бұл мән-жай да оны иемдену мен тасымалдау мақсатын айқындау кезінде ескерілуге тиіс еді.

-Прокурордың наразылығы бойынша кассациялық сот үкімнің күшін жойып, қылмыстық істі жаңа сот талқылауына жіберді,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, осыған дейін Талдықорғанда 4,5 келі мефедронмен ұсталған азамат 10 жылға сотталғаны туралы жаздық.