-Орынбор қаласының қазақ тарихындағы орны ерекше. Орынбордың ірге көтеруіне байланысты қазақ халқы Ресеймен тығыз қарым-қатынас жасай бастады. Мұнда қазақ тарихының беттері алтын әріппен жазылып қалды. Мұнда елім деп еңіреген талай қазақ зиялылары жемісті еңбек етті. Соның бірегейі - Ахмет Байтұрсынов.
Ахмет Байтұрсыновтың жиырма жылдан астам ғұмыры осы Орынбормен тағыз байланысты болды. Торғай өңірінде туып-өскен болашақ ғалым 1891-1895 жылдары осы Орынборда мұғалімдік мектепте білім алды. Содан кейін Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытқан ойшыл ұстаз сол кездегі қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласады. Бұлай болмауы мүмкін емес те еді. Ақыры полиция тыңшыларының жаласымен 1909 жылы Семей абақтысына қамалып, сегіз ай бойы қорлық көреді.
Түрмеден босатылған Ахмет Байтұрсынов 1910 жылы наурызда Орынборға жол тартады. Сөйтіп оның өміріндегі қазақ елі үшін жасалған істерге толы кезең басталады. Әсіресе, 1913-1918 жылдары Орынборда шығып тұрған «Қазақ» газетінің ел санасын оятудағы маңызы зор болды. І Мемлекеттік Думаның депутаты Әлихан Бөкейхановпен, қайраткер ақын Міржақып Дулатовпен бірге қолға алған басылым алғашқы санынан-ақ қазақ халқының барлық шындығын, көрген қорлығын айтып, ел болудың жолын көрсетіп, білім мен ғылымға үндеді. Патша жандайшаптарының қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде қазақты өз атымен атап, «Қазақ» деген газет шығарып, елдің басы қосылуы керектігін атап көрсеті. «Оян, қазақ!» деп жар салған қазақ басылымы өзінің тарихи міндетін орындады.
Орынборда «Алашорда» атты бірінші толыққанды саяси партияның құрылуы теңдесі жоқ тарихи оқиға болды. Оның да бастауында Ахмет Байтұрсыновтай қазақ зиялылары тұрды. Міне, осы партияның тұғырнамасын жасауға Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтармен бірге Ақаң да өзінің сүбелі үлесін қосты. Аталмыш бағдарлама бүгінгі күн тұрғысынан да маңызын жойған жоқ. Ол елдің даму жолын айқындаумен бірге әлемдік дүниетанымы, келешекті болжау жағынан үлкен-үлкен дамыған елдер саяси ұйымдарының бағдарламасынан кем болған жоқ.
Ахмет Байтұрсынов 1923 жылы елуге толған кезде оның мерейтойы қазақ елінің сол кездегі астанасы Орынборда аталып өтілді. «Осы күнде Ақаң Орынборда» дей отырып, оның бүкіл қызметіне шолу жасаған, қазақ халқының тағы бір ардақты ұлы, кейін ұлы жазушыға айналған Мұхтар Әуезов «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран - «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын», деп атап көрсетті. Өз дәуірінде осылайша ұлт көсеміне айналған Ахмет Байтұрсыновтың елі үшін еткен еңбегін тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та жоғары бағалады.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл ішінде Ахмет Байтұрсынов жаңа қырынан ашылып келеді. Ел де оның бай мұрасымен танысуға, Ақаң тұлғасын өзгелермен салыстыруға мүмкіндік алды. Міне, осы тұста қадап айтар бір жайт, Ахмет Байтұрсыновтың ел үшін еткен еңбегі Үндістандағы Махатма Ганди, Қытайдағы Сун-Ятсен сынды ұлт-азаттық қозғалыс көсемдерінің қызметінен бір де кем емес.
Орынбордың тағы бір ерекшелігі, мұнда Ресей құрамындағы Қазақ үкіметі орын тепті. Ел тарихынан ойып орын алар талай қайраткер еңбек етті. Олардың есімдері де өшпеуі тиіс. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов атындағы алаң ашылса деп жатыр. Осындай бір орталыққа жәдігерлеріміз жинала беруі керек. Өкінішке қарай, мұндағы мұражай, архивтерде Қазақ үкіметіне қатысты мұра-жәдігерлер көп сақталмапты. Мұны іздестіру, басын қосып, көрнекті орынға қою алдағы күндердің еншісінде болса керек»
«Қорыта айтқанда, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тұсында сол азаттық жолында қызмет еткен, тіпті жанын берген қазақ зиялыларының есімдері ардақталуы тиіс. Тәуелсіздік аспаннан жай түсе қалған жоқ. Бұл көптің арманы, қазақтың алдыңғы қатарлы ұлдарының арманы болатын. Ендеше, сол қайраткерлерімізді құрметтей білсек, бұл - елдігіміздің белгісі», - деп түйіндеді ойын К.Сағадиев.