А.Есімов алматылық жастардың Мемлекеттік рәміздер күніне арналған акциясына қатысты

АЛМАТЫ. 5 маусым. ҚазАқпарат - «Менің Қазақстаным» Әнұранымыз әрбір қазақстандыққа бірлік пен татулықтың үніндей болсын.

Бұл туралы кеше «Мемлекеттік рәміздер кемел келешектің берік тұғыры» атты жастар акциясында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов айтты.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «мемлекеттік рәміздер халқымыздың рухын, озық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін білдіретін ерекше құнды белгілер». Қазіргі таңда қасиетті көк Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз халықаралық кеңістікте кеңінен танылып, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың символына айналғаны сөзсіз», - деді А.Есімов.

Шаһар басшысының айтуынша, тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болу үшін біз өз елімізді, туған жеріміз бен отанымызды ардақ тұтуымыз қажет. Оның ең алғашқы қадамы мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Бүгінгі «Мемлекеттік рәміздер кемел келешектің берік тұғыры» атты жастар акциясы Мемлекеттік рәміздерге деген үлкен құрметтің белгісі. Сондықтан елдікті, жасампаздықты танытатын көк Тумыз халықаралық үлкен додаларда талай рет шарықтап, рухымызды көтеріп, желбірей берсін.