Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары кезінде министр бірқатар кәсіпорындарды аралап, «Ақтөбе рельс -арқалық зауыты» ЖШС-ның бірінші рельстерін шығару салтанатына қатысқан. Инвестиция министрі сондай-ақ «Қазхром» компаниясының ферроқорытпа зауытының жұмысымен де танысты.
«Ферроқорытпа зауытында арнайы бағдарламамен білім алған мамандар жұмыс істейді. 2015 жылдың қаңтар-тамыз айларында зауыттың №4 цехы 56 мың тонна феррохром алған. Жалпы, 2015 жылдың жоспарына сай, зауыт 439 мың тонна, соның ішінде, №4 цех 74 мың тонна өнім өндіруі керек»,-делінген баспасөз қызметтің таратқан ақпаратта.
Жалпы, 2015 жылдың шілдесіндегі жағдайға сүйенсек, Индустрияландыру картасына Ақтөбе облысынан 83 инвестициялық жоба қосылған. Оның ішінде, 74 жоба 2010-2014 жылдар аралығында пайдалануға берілген. Осы кәсіпорындар іске қосылған соң 6,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Қалған 9 жоба индустрияландыру бағдарламасының екінші бес жылдығы аясында жүзеге асырылмақ. Жұмыс отырысы кезінде министр Әсет Исекешев пен әкім Бердібек Сапарбаев аймақ бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің өңір арқылы өтетін аумағын 2016 жылы салып біту мәселесін, сондай-ақ, Орталық-Батыс-Ақтөбе-Атыру-Астрахан бағытындағы тас жолдың құрылысын бастау мәселелерін талқылады. Ә.Исекешев атап өткендей, бірқатар экономикалық қиындықтарға қарамастан, ел бойынша индустрияландыру бағдарламасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу қарқыны бәсеңдеген жоқ»,-деп толықтырған министрліктің баспасөз қызметі.