Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында «Таңбалы петроглифтері» фотокөрмесі ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 желтоқсанда Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында «Таңбалы петроглифтері» фотокөрмесінің ашылу салтанаты болады. Фотокөрме Қазақстанның ғана емес, Бүкіл Орта Азияның да жартастағы өнерінің керемет ескерткішіне арналған. Ескерткіш 2004 жылдан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасына енгізілген, деп хабарлады мұражайдың баспасөз қызметі.

Таңбалы сайы - петроглифтері магиялық-театралдық көрініске декорациясымен ғана алға шығып қоймай, өзіне ежелгі адамдар әлемі суретінің кілтін де ұстап тұрған ашық аспан астындағы бірегей ғибадат орны. Ғибадатхана қола дәуірінде арий тайпаларының қолымен салынған. Біздің көзқарасымызша, петроглифтер Индра құдайының өмірді құруы және оның әзәзіл-жылан Вритраны жеңуі туралы Ригведадан алынған мифті бейнелейді.

Табиғат ландшафтындағы өзінше «амфитеатр» құрған жартастар - ғибадатхананың аса маңызды бөлігі. Баспалдақты жартастардың тотыққан жылтыр-қара беттері жартастағы суреттер үшін таптырмас жер. Таңбалы ғибадатханасының петроглифтерін 1957 жылы А.Г. Максимова бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы ашты. А.Н. Берштам мен А.Д. Грачтың еңбектеріне сүйенген Максимова ескерткішті қола және ерте темір дәуіріне (б.д.д. ІІ-І мыңжылдық), орта ғасырларға (VI-VII ғғ. түркі заманы) және жаңа заманға (түрлі таңбалар мен сакралдық мәтіндер) жатқызды. Кейіннен бұл мерзімдік белгілеулер қайта талданып, нақтыланды, алайда тұтастай алғанда Қазақстан петроглифтері үшін негіз болып қала берді.

70-жылдары зерттеуші А.Г. Медоев қола дәуіріндегі петроглифтерді белгілеу үшін «таңбалы дәстүрі» терминін кіргізді, ол мұнымен қоса «жартастар архитектурасымен» келісім тапқан, петроглифтер ырғағына бағынған жартастағы суреттердің бейнелеу қатары деген ұғымды да енгізді.

Таңбалы ғибадатханасының бейнелі қатары ежелгі адамның Әлем және оның құрылысы туралы пұтқа табынушылық ұғымын білдіреді. Жартастағы суреттердің кейбір желілері бізді зерттеушілерге әлі де толықтай қайта қарастыруға  тиіс ежелгі мифтерге жетелейді. Көптеген зерттеушілер Таңбалы ғибадатханасы - құрбан шалу, абыздар мен бөгде біреулердің киімін киген адамдардың діни көрініс жасауы сияқты ұжымдық ғұрыптық әрекеттер өтетін орын болған деп топшылайды.

Таңбалы петроглифтерінің өзіндік ерекшелігі мен тұтастығы, осы көрнекті ескерткішті басқалардан оқшау етіп көрсетеді, сөйтіп оны Қазақстан мен Орта Азиядағы көне діни және мәдени орталықтардың бірі болған деп қарауға мүмкіндік береді.