А.Мамытбеков: Соңғы үш жылда майлы дақылдардың алқабы 2 есеге, жабық топырақтан алынатын көкөніс көлемі 3 есеге артты

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен жылы елімізде жылыжайлар құрылысы қарқынды жүріп, жабық топырақтан алынған көкөністің жалпы жиынтығы 28 мың тоннаны құрады.

Бұл 2010 жылдың көрсеткіштерінен 53 есеге көп. Аталған мәліметтерді бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Асылжан Мамытбеков жария етті.

Оның деректеріне қарағанда, өткен жылы өсімдік өсіру оның құрылымдық және технологиялық диверсификациясы бойынша жүргізілді.

«Нәтижесінде соңғы үш жылда майлы дақылдардың алқабын екі есеге, жабық топырақтан алынатын көкөніс көлемін 3 есеге арттыруға мүмкіндік туды. Сөйтіп, елде жыл бойына 1,1 миллион тонна майлы дақылдар жиналды. Бұл майлы дақылға деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етеді және мұндай жағдай елімізде алғаш рет қалыптасып отыр», - деді министр.