А/Н1N1 індетінің жаппай таралуына жол берілген жоқ, бірақ қауіп әлі де бар

АНА. Тамыздың  6-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Доңыз десе ойымызға көрнекті жазушы Ғ.Мүсіреповтің «Талпақ танау» әңгімесі түседі. Оқиға желісі бойынша қазақ ауылына әкелінген бесінші түлікке ауыл адамдарының шошына, жиіркене қарауы езуге еріксіз күлкі үйіретін еді. Енді ше? Содан 70 жылдан астам уақыттан кейін  пайда болған доңыз тұмауы вирусы шағын қазақ ауылы тұрмақ, бүкіл әлем жұртшылығын тіксіндіріп отыр.

2009 жылдың басынан әлем бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтыла бастаған H1N1 тұмауы соңғы бір ғасырдың ішінде бірнеше мәрте бой көтерген екен. Алғаш 1918-1919 жылдары таралған вирус испандық тұмау немесе «испанка» деп аталған. Бұл кезеңдегі індет адамзат тарихындағы болмаған үлкен нәубет әкеліп, шамамен 50-100 миллион адамның ажал құшуына себепкер болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңғы айларының бірінде басталған ауру ғаламшар тұрғындарының 21,5 пайызына немесе 400 миллионға жуық адамға жұққан екен. Бұдан кейін 1976, 1988 және 2007 жылдары H1N1 тұмауы оқиғалары тіркелген.

 

Ал ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында тұмау вирусының жаңа штаммы Мексика мен АҚШ-та белең алып, осыған орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы аталған індеттің адамнан адамға жұғатынына, Мексикада өлімнің жоғары болып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Маусымның 11-інде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ғаламшарға тараған доңыз тұмауы қаупінің деңгейін 6-шы дәрежеге (ДДҰ-ның жіктелімі бойынша індет қауіптілігіне байланысты 6 дәрежеге бөлінеді) көтерілгенін ресми жариялады. Аталған ұйымның мәліметтеріне қарағанда, қазіргі уақытта әлемде А(H1N1) тұмау вирусын жұқтырудың 184500-дей оқиғасы анықталып, 1250 адам індет салдарынан көз жұмған. Ғаламтордағы соңғы мәліметтерге қарағанда АҚШ-та 400 адам, Аргентинада 337 адам A (H1N1) тұмауының құрбаны болыпты. Қазір Дүниежүзілік  денсаулық сақтау  ұйымы бұған дейін балалар мен қарттарға A(H1N1) тұмауға қарсы вакцина егуге кеңес берсе, енді оған жүкті  әйелдерді қосып отыр. Жалпы, аталған ұйымның Канада, Чили, Жапония, Ұлыбритания және АҚШ-тан алған мәліметтеріне қарағанда, індет әсіресе 12-17 жастағы жасөспірімдер арасында көп таралады екен.

 

Доңыз тұмауы әлемде алғаш тіркелген кезден бастап елімізде алдын алу шаралары қолға алынған болатын. Мемлекет шекараларында сақтық шараларын күшейтуге арнайы қаулы қабылданып, халықаралық әуежайларда, теміржол және көлік бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау жұмыстары қатаң жүргізілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Америка құрлығының Мексика, АҚШ, Колумбия, Куба, Панама сияқты 11 мемлекетінен шошқа етін және одан жасалған тамақ өнімдерін импорттауға тыйым салды. Ал Сыртқы істер министрлігі болса, қазақстандықтарға індет өршіп тұрған елдерге сапарға шықпауға кеңес беретіндігін мәлімдеді. Дей тұрғанмен, қазақ жеріне доңыз тұмауы Лондондағы оқуларынан кейін Астанаға оралған балалармен жетті. Бұдан кейін Испаниядан Алматыға оралған 14 жасар оқушыдан тұмау белгісі анықталса, шілденің 25-інде Астанаға келген 21 жасар неміс әйелінен де А/H1N1 тұмауымен ауыру белгілері байқалды. Ал атыраулық екі балаға қойылған осы диагноз расталмады. Бүгін ғана Петропавлда А/Н1N1 тұмауын жұқтырудың алғашқы фактісі анықталғаны мәлім болды. Ұлыбританияда тіл курсынан өткен үш жасөспірім тамыздың 3-інде Петропавлға Ресейдің Омбы қаласы арқылы ұшақпен оралған. Жасөспірімдердің бірі келгеннен кейін, жөтел мен әлсіздікке шағымданып қалалық ауруханаға барған екен. Алматыдағы републикалық СЭС референс-зертханасына жіберілген материалында А /H1N1 вирусы  бар екендігі расталып отыр.

 

Осылайша ел аумағына кірген індет аннан-мыннан қылаң бере бастады. Әйтеуір, абыржыған көңілді басатын бір үміт  - жедел алдын алу шараларын дер кезінде қолға алуымыздың арқасында індеттің жаппай таралуына жол берілмегені. Бірақ күз айларында тұмаудың өршитінін ескерсек, бейқамдыққа салынудың еш реті жоқ. Осы орайда, Республикада А/Н1N1 тұмауы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың қиындағанын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі орта мектептерде жаңа оқу жылының басталуын сәл шегеру туралы шаралардың қабылдану мүмкіндігін жоққа шығармай отырғаны да орынды. Себебі, жоғарыда 12-17 жастағы балалар арасында тұмаудың жылдам таралатынын атап өткен болатынбыз.

 

Өткен аптада Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев журналистерді жинап өткізген баспасөз мәслихатында «тамыздың 3-інен бастап Астанадағы карантиндік жағдай толығымен алып тасталынады. Осы кезде елорда тұрғындары масканы шеше алады. Ал Алматыдағы оның мерзімі тағы 7 күнге созылады», деген болатын. Сонымен, жоғарыда айтып өткен соңғы деректерді қосқанда, бүгінге дейін  республикада аталған вирусқа шалдыққан 15 адам тіркеліп отыр. Бұған дейін олардың 8-і карантиннен толығымен шығарылса, 5 сырқатты өткен аптаның аяғына қарай ауруханадан шығару жоспарланған болатын.

 

Осы орайда, азаматтардың өз ісіне немқұрайлы қарайтыны қынжылтады. Тұмау туралы хабар тарасымен елордадағы қалалық қоғамдық көліктердің кондукторларына, ірі сауда орталықтарының сатушыларына медициналық маска тағу міндеттелген болатын. Бірақ қоғамдық көлік кондукторларының масканы мұрын мен ауызына емес, иегіне тағып жүргенін көз көрді.

 

Сонымен «ауру айтып келмейді» демекші, Қазақстанға тосыннан келген індетке қарсы тұра алдық. Бірақ  қарапайым тұмауға қарсы қолданылатын бір жапырақ медициналық маска мен «Оксолин» майының өзін тыстан тасымалдап отырғанымыз ұят болды. Денсаулыққа жауапты министрліктің берген мәліметіне қарағанда, бұған дейін сатылымға шығарылып келген медициналық масканың 90 пайызын шет елден алып келіппіз. Өзімізден шығатыны не бары - 10-ақ пайыз. «Доңыз тұмауы Қазақстанға келіпті» деген суыт хабар тарасымен дәріхана дүңгіршіктерінен аталған екі затты таппай қала халқы әуре-сарсаңға бір түсіп алды. Тапқан адам медициналық масканы 2-3 есе қымбат бағаға сатып алуына тура келді. Тіпті «Думан» ойын-сауық кешені мен Мемлекеттік цирк маңында жас балалардың аталған масканы қымбат бағаға сатып жүрген оқиғалары да кездесті.

Осындайда «бір жамандықтың бір жақсылығы» болады демекші, таяу арада жоғарыдағы екі заттың енді өз елімізде шығарыла бастайтындығы көңілге медеу. Өткен шілденің 29-ында болған баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Ж. Досқалиев: «Жақында отандық өнім өндірушілердің қатысуымен өткен кеңесте біз осы мәселені талқылап, алдағы күзгі тұмаудың белең алар шағы - қазан-қараша айларына дейін медициналық маскалардың 70 пайызын өзімізде шығаруды ұйғардық. Ал тамыз айынан бастап «Химфарм» АҚ «Оксолин» майын  шығаратын болады», - деген еді. Осылайша доңыз тұмауы да отандық медициналық тауарлар өндірісіне қозғау салып отыр. Әйтпесе «баяғы жартас - сол жартас» болып, әлі де шеттен жәшіктеп медициналық маска, қораптап «Оксолин» майын тасып жүре беруіміз мүмкін бе еді, кім білсін?!