- Әміржан Есләмұлы, БҰҰ-дағы дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Еліміз әлемдік ең маңызды саяси органның құрамына кірді. Бұл саяси оқиғаның Қазақстан үшін ең басты сипаты немесе маңызы неде деп ойлайсыз?
- Ең бірінші, бұл саяси оқиға Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдында беделінің зор екенін көрсетеді. Екіншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүше елдер жыл сайын сайланып тұрады ғой. Біздің республикамыз тарихта бірінші болып сайланған Орталық Азияның мемлекеті деген атақ алды. Біле білсеңіз, мұның да маңызы өте үлкен. Қазақстан неге бұл аумақта бірінші болып Қауіпсіздік Кеңесіне кіріп отыр? Себебі, еліміз егемендік алғалы бері - ширек ғасыр бойы әлемдегі бейбітшілікті нығайту, қорғау, соғыс болдырмау саясатын берік ұстанып келеді, әрі ол саясатты батыл да жан-жақты жүргізді. ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып ядролық қарудан бас тартуының өзі еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының нәтижесі деп түсінуге тиістіміз.
- Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға барған сапары ел аузынан әлі де түсер емес. Сол саммит шеңберінде Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жария етілді. Қазақстанның бүгінгі жеңісіне сол оқиғаның қаншалықты қосқан үлесі бар немесе белгілі бір дәрежеде қаншалықты өзінің оңтайлы септігін тигізді?
- Қазақстанның әлем алдындағы саяси белсенді іс-қимылы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сондағы Нью-Йорк мінберлеріндегі сөйлеген уытты сөздері әлем халқының назарынан тыс қалған жоқ. Президентіміздің халықаралық терроризмге қарсы бірлесе күресу туралы нақты талаптары мен ядролық қаруды жер бетінде мүлдем ауыздықтап тастау туралы ұсыныстары мен «Әлем. ХХІ ғасыр» бейбітшілік манифесі Халықаралық құжат болып тіркелуі, бәрі-бәрі сөз жоқ, бүгінгі саяси қадамның лайықты орнығуына алып келді.
- Әлем ендігі жерде Қазақстан тарапынан қандай саяси іс-қимыл күтеді деп ойлайсыз?
- Қазақстанның әлемдік ұйымға уақытша мүше болып кіруі оның осы күнге дейінгі халықаралық дәрежеде көтеріп жүрген барлық көкейкесті мәселелерінің баянды түрде жүзеге асуына кеңінен жол ашады. Қолымыз жете алмай жүрген саяси бағыттағы шараларға қатысты батылырақ әрекет жасауға қолайлы жағдай туғызады. Бұрыннан көздеп жүрген саяси жобалардың біртіндеп іске асуына мүмкіндік береді.
- Қуанышты оқиғаның саяси мәніне тоқталдық. Ал оның халықаралық тәрбиелік мәні туралы не айтуға болады?
- Бұл саяси оқиғаның Қазақстан халқын бір мақсат, бір мүдде үшін бұрынғыдан да жұмылдыра түсері ақиқат. Республикамызда мекендейтін барлық ұлт пен ұлыстың бойындағы патриоттық сезімін бұрынғыдан күшейтеді. «Қазақ» деген ұлт атауы әлемдегі ұлы мемлекеттер халықтарының атауымен қатар аталатын болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Көшбасшылық рөлі мен жеке саяси тұлға ретіндегі халықаралық беделі бұрынғыдан да биіктей түсері хақ. Әрбір қазақстандық осы үшін де қуана білуі керек деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»
***
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы маусымның 28-і тәуелсіз Қазақстан үшін ел өміріндегі ерекше маңызды дата ретінде тарихта қалатыны анық. Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі - Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген болатын.
Айта кетерлігі, 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша мүшесі болу жөніндегі бастама алғаш рет 2013 жылы Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген еді. Елбасының тапсырмасына орай, Қазақстанның БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастары есепке алына келе, сондай-ақ, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы рөлі ескеріле отырып, мемлекет өз алдына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде сайлану міндетін қойған болатын. Мұны Президент Н. Назарбаев: «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруда және халықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде сенімді әріптес болуға ұмтылады. БҰҰ Қауіпсіздігінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынудың негізінде де дәл осы мақсат жатыр», - деп атап өткен еді. Осы уақыттан бері қазақстандық дипломатия алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жан-жақты әрі қызу жұмыстарға кірісті. Беделді Ұйымның құрылымына мүше болу үшін кемінде 193 мемлекеттің 129-ының сенімін алу керек болатын.
Ал мұндай мүшеліктен Қазақстан не ұтады дегенге келсек, бұл - ең алдымен, еліміздің халықаралық саяси аренадағы имиджін арттыруға септігін тигізеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бейбіт даму жолын таңдаған Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамаларын әлемдік қауымдастық та мойындап келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік тұғырындағы тұңғыш шешімі - Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы жарлық болды. 2009 жылы, Орталық Азияда Ядролық қарудан еркін аймақ құру туралы келісімге қол қойды. Осы бастамалардың өзі Қазақстанның беделін арттырып, халықаралық қауіпсіздік саласындағы тың бастамаларды одан әрі жүзеге асыруға жол ашты. Ядролық қауіпсіздік бағытындағы қазақстандық бастамалар елімізді сөзсіз көшбасшыға айналдырды. БҰҰ мүше мемлекеттерінің Қазақстан кандидатурасын жақтап дауыс беруі де соның айғағы. Елбасы Н. Назарбаевтың «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ ресми құжаты ретінде тіркелуінің өзі де бұл жеңістің жолын жақындатқаны анық. 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған Қазақстан ендігі кездері осынау көшбасшылық ұстанымын одан сайын белсенді түрде ілгерілететін болады. Яғни, Кеңеске мүшелікті Қазақстанның аймақтық қана емес, ғаламдық қауіпсіздікке қосқан үлесінің тиісінше бағалануы деп қараған жөн. Ал ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ.
Тоқтала кететін жайт, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы соңғы рет 2014 жылдың 16 қазанында жаңартылып, 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелері болып жаңадан 5 мемлекет: Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия және Испания сайланған-ды. Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің жалпы саны - 15. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал қалған он тұрақты емес мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы сайланып отырады. Кеңестің тұрақты емес мүшелері екі жылдық мерзімге тағайындалады. Тұрақты емес мүшелерді сайлау өңірлік принциптер бойынша жүргізіледі. Мәселен, бұған дейінгі сайлауда өз кандидатураларын ұсынған Ангола, Венесуэла және Малайзия сол өңірлердегі бірден-бір үміткерлер болса, қалған екі орын үшін бәсеке қызу өтті. Дауыс берудің бірінші кезеңінде 145 дауыс жинаған Жаңа Зеландия Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына енді. Ал екінші кезеңде негізгі қарсыласы Түркиядан 60 дауыс артық жинап, 132 мемлекеттің сеніміне ие болған Испания ұйым мүшелігіне қабылданған болатын.
БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне бірнеше рет сайланған мемлекеттер де бар. Мәселен, Жапония мен Бразилия Кеңес құрамына тоғыз рет қабылданса, Үндістан алты, Германия үш мәрте мүше болған екен. Есесіне, Қауіпсіздік Кеңесі құрылған 1946 жылдан бері оның мүшелігіне мүлдем қабылданбаған 60 мемлекет бар. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңа тәуелсіз мемлекеттерден Украина, Белоруссия мен Әзербайжан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болды. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылып отыр. Айта кетейік, Қазақстан Азия елдері тобынан бұған дейін сайланған Малайзияны алмастыратын болады.