А. СМАЙЫЛ: Нәубетті жылдардағы адам шығыны - 3 млн. 200 мың немесе 3 млн. 700 мың

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - ХХ ғасыр басында қазақ халқы өз тарихындағы аса ауыр трагедияға толы, алапатты аштықты басынан кешті. Ұлт санының тең жартысына жуығын жалмап кеткен осынау нәубет туралы талай шындық та, талай сұмдық та айтылды. Әлі де айтылып жатыр. Бұл жылдардағы ұлт басына түскен нәубетті қазақ «ұлы жұт» деп атап кеткені де ақиқат.

Расында, 1920 жылдары сол кездегі биліктің солақай саясатынан бастау алып, кейіннен қолдан ұйымдастырылған ашаршылық салдарынан болған экономикалық, демографиялық зардаптардың аса ауырлығын дәлелдеп жату артықтау. Тарихшылар мәліметі бойынша, ашаршылық апаты Алтайдан Атырауға дейінгі аумақты тұтастай шарпып, қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кетудің сәл-ақ алдында қалды.  Осынау қасаң жылдардағы қасіретті кезеңнің 1932 жылы шарықтау шегіне жеткені де шындық. Сондықтан да, Елбасы Н. Назарбаев ұлт басындағы қасіретті жылды ерекше атап өту қажеттігін айтып, Қазақстандағы жаппай ашаршылықтың 80 жылдығына назар аудартқан болатын. Осы жайында ҚазАқпарат тілшісі Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайылмен  сұхбаттасқан еді.

- Алдан Зейноллаұлы, биылғы жылы ашаршылыққа 80 жыл толып отыр. Ерекше аталып өтіп жатқан осы нәубетті кезең туралы айтып өтсеңіз?

- Расында, биыл 1932 жылғы алапат аштыққа, халықтың тең жарымын қырып салған, есеңгіретіп кеткен зұлматқа сексен жыл. Арғы-бергі қазақтың алыс-жақын тарихында бұрын соңды дәл осындай нәубет болған емес. Көрген қорлық, шеккен бейнет, азынаған азаптың ащылығы мен құрбандығының көптігі жағынан атышулы «Ақтабан - шұбырындыдан» асып түскен апат бұл. Ақтабан кезеңнің ақыны: «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді»- деп шерленсе, аш өзегі аш бөрідей ұлыған жылдардың шайыры үдере көшер ел таппай, ел асатын бел таппай, көшке еретін төл таппай сенделген-ді. Көктемде көл-көсір көсілетін, жазда жағалай жайқалатын ұлан дала тулаққа, ұранды ер аруаққа айналған-ды. Содан бері сағымдай сабылып сан жыл өтті. Төрелігін өзге айтқан, төрі бұйырмаған өгей жылдар еді, қаралы кезең жайлы жақ аштырмады.

Енді міне, сансыз боздақтың рухына Алты Алаш түгел тағзым етіп отырмыз.Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен ашаршылық құрбандарын еске алу шаралары бүкіл ел аумағында, облыстар мен қараларда, аудандар мен ауылдарда кеңінен өткізіліп те жатыр.  Астанада сол нәубетте көз жұмғандарға арналған ескерткіш-монумент ашылды. Тарих түгенделіп, аталған зұлматтың себеп-салдары туралы кеңінен сөз қозғалды. Ал жалпы бұл апат жайлы айту оңай емес. Большевиктік Ресейдің аз ұлттарға қолданған саяси шаралары туралы деректер мен құжаттарға қарап отырып, қазақ халқына қарсы қысымның небір қиянперен түрлері ашықтан-ашық қолданылғанын көресің. Қызыл империя, бұл орайда патшалық Ресейден де асып түсті. Ұлы державалық шовинизм барынша асқынды, халық миллиондап атылды, миллиондап ашықты, миллиондап жер аударылды.

Осы жойқын қатыгездік қазақ халқын қанқақсатты. Оның алдында түп-тұқиянымен жойылып кету қатері тұрды. Кейбір коммунист көсемсымақтар соны мақсат етті. Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқаев «Туркестан под властью Советов» деген еңбегінде Жетісу қазақтарының аштан қырыла бастағанын, большевиктердің оларға қол ұшын берудің орнына солай болғанын қалағанын айта келіп, қызылдар басшыларының бірі - Тоболин дегеннің сөзін келтіреді. Ол ашықтан ашық былай дейді: «Киргизы (казахи), как экономические слабые ... все равно должны будут вымереть. Поэтому для революции важнее тратить средства не на борьбу с голодом, а лучше на поддержку фронтов». Бұдан өткен нендей жауыздық болуы мүмкін. Осыдан соң 1918-1919, 1921-1922, 1932  жылдардағы ашаршылықта большевиктердің идеологиясы қандай болғанын білу қиын емес. Бұны батыстың бірқатар ғалымдары мен тарихшыларының жазған деректерінен білуге болады.

- Ендеше сол батыс тарихшыларының бірлі-екілі мәліметтеріне тоқталып өтсеңіз?

- Мәселен, ағылшын профессоры В.Конолли «Уралдың арғы бетінде. Кеңес Азиясындағы экономикалық даму» деген еңбегінде: «Қазақ көшпелілерін отырықшылыққа ауыстыру процесі  мен колхоздастыру барысындағы дөрекі әдістер бүкіл Қазақстан бойынша адамдардың қырғынға ұшырауына, мал басының күрт азаюына душар етті. Өкімет саясаты қазақтардың табанды қарсылығына ұшырады, олар малдарын жаппай сойып тастады, аштан өлді не Қытайға қашып құтылды», - деп жазады. Сөйтіп, тарихшы дерегіне сүйенсек, 1928 жылы Қазақстан мен Қырғызстанда бүкіл Кеңес одағындағы қой мен ешкінің 20 проценті болатын, кейінгі бес жыл ішінде осы екі республикадағы осынау мал басының саны 80-85 процентке кеміді. «Көшпелі өмірге лағнет айтқан большевиктер шаруашылық түрін, топырақ-климат жағдайын ескерместен отырықшы ауыл шаруашылығын қоғамның экономикалық ұйымдасуының жоғарғы сатысы деп түсінді. Қазақ даласының жағдайында қысқа мерзім ішінде мал шаруашылығымен айналысудың дәстүрлі әдістерін отырықшы  шаруашылыққа ауыстыру әрекеті экономикалық ессіздік еді»  деп жазады тарихшы. Бұл пікір-байламға толық қосыласың. Қосыла отырып, сол «экономикалық ессіздіктің» сұрқия есебі бар зұлымдық екенін аңғарасың. Расында қызылдарға ел емес, иесіз жер керек еді. Ал Канада тарихшысы Р.Пирс «1867-1917 жылдардағы орыстардың Орталық Азиядағы отаршылдық саясаты» еңбегінде осындай ойды аңғартады. Аштықтан қаза тапқандардың санын келтіреді. «1917 жылға дейін басталған кейбір «прогресшіл тенденцияларды» күштеп жылдамдату көптеген адам құрбандығына ұшыратты. Мысалы коллективтендіру барысында қолданылған зорлық пен отырықшыландыру ашаршылыққа әкеліп, бір миллионнан астам қазақтар қырылды» - дейді де қазақ жерін орыстардың отарлауы толассыз жүріп жатқанын атап көрсетеді.  Біздің ойымызша Р.Пирс 1921-1922 жылдардағы ашаршылық туралы айтып отыр. Бір миллионнан астам боздақ осы кезеңдегі зұлматтың құрбандары.

- Ал осы кезеңдегі ашаршылық қырғыны жайлы мәлімет өзімізде қаншалықты аршылды?

- Бұндай мәліметтер бізде әлі күнге тапшы. Оның басым бөлігі Кеңес одағы тұсында жойылды. «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының» өзінде жүгірте айтылады. Онда: «Республикада 1920 және 1923 жылдары жүргізілген ауыл шаруашылығы санақтарының және Қазақстандағы жерге орналастыру мөлшерін белгілеген экспедицияны басқарған профессор С.П. Швецовтың мәліметтері бойынша 1921 жылы ашаршылықта Қазақстан халқы 30 пайызға дейін азайған.  Кейбір елді мекендерде нәубет халықтың 100 пайызын қамтып, олар түгелдей дерлік босап, жолда, біразы атамекенінде қырылып қалды» , -делінеді. Ал жаңағы С.П. Швецовтың дерегіндегі 30 пайыз адам санына шаққанда қанша болатынын 1917 жылғы халық санағының мәліметтері бойынша болжап қана көрсете аламыз. Санақ қорытындысы «Количество киргиз-казахов на 1917 год. По родам и уездам» деген атпен басылып шығарылған. Ұлы жүздің дерегі: дулат -460 мың, албан -80 мың, суан -40 мың, сары үйсін -10 мың, шапырашты -70 мың, ысты -50 мың, ошақты -70 мың, сіргелі -70 мың, қаңлы және шанышқылы -190 мың, жалайыр - 130 мың. Барлығы - 1 миллион 170 мың. Орта жүз: арғын -850 мың, найман - 530 мың, қыпшақ -160 мың, керей - 160 мың, уақ - 70 мың, қоңырат - 210 мың. Барлығы - 2 миллион 080 мың.        Кіші жүз: байұлы - 880 мың, әлімұлы - 530 мың, жетіру - 350 мың. Барлығы - 1 миллион 790 мың. Үш жүзді қосқанда - 4 миллион 980 мың.  Егер қазақтардың балаларды санақтан жасырып қалуға тырысатынын және елдің есебін алушылар жердің шалғайлығынан кейбір алыс ауылдарға бармай қалуы әбден мүмкін екендігін ескерсек, 1917 жылы атамекенінде кемінде 5 миллион қазақ болды деп айта алатын секілдіміз. Оның жоғарыда келтірілген 30 пайызы - 1 миллион 500 мың адам. Есептесек, осынша жан 1921-1922 жылдардағы аштықта көз жұмған деп кесіп айтуға болады.

- Дегенмен бұл 1921-1922 жылдары орын алған құрбандық қой. Ал одан кейінгі зұлмат бар емес пе? Жалпы сіздің пікіріңізше сол кезеңде қырылған қазақтар саны қанша?  

- Жаңа жоғарыда келтірілген санақ қорытындысында КСРО-дағы қазақ саны - 5 миллион 180 мың деп көрсетілген. Оған Қытайдағы 450 мың, Бұхарадағы - 400 мың, Хорезмдегі - 100 мың, Ауғанстандағы - 100 мың ағайынды қосады. Сонда жалпы қазақ 6 миллион 230 мыңға жеткен.  Ахмет Байтұрсыновтың «Иншалла 6 миллион қазақпыз» - деуі осыдан. Ал қанша қазақ қырылды дегенге келсек, онда да біршама деректерге тоқтауға тура келеді. Мәселен, өткен ғасырдың  әр мұрағаттан бір төбе көрсетіп қалатын деректеріне жүгінсек, ашаршылық алдымен Батыс Қазақстанды шарпыған. 1922 жылы Орынборда - 437776, Қостанайда - 252816, Ақтөбеде - 359326, Оралда - 277835, Бөкейде - 100 мың, Адай уезінде - 75 мың адам аштан бұратылды. Батыс Қазақстандағы халықтың 31,4 пайызы қырылды. Егер осы өлкедегі бес губернияда сол тұста 2 млн. 653300 адам болса, оның 800 мыңға жуығы көз жұмған. Мүрделер өзен бойында, ауыл араларында, елді мекендердің көшелерінде тарыдай шашылып жатты. Бұл жан түршігетін құбыжық көрініс еді.

Осы қасірет 1921 жылы тарыққан өңірге жәрдем берген, басқа аймақтарға қарағанда ауқатты саналған Ақмолаға да құрық салып, 100 мың адам қайыр сұрап кетеді. Қалған ел әупіріммен күн көріп жатқанда, Челябі және Самар губернияларынан аштықтан құр сүлдері қалған 470 мың орыс шаруалары жеткізілді. Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті осындай шешім қабылдаған. Жағдай енді күрт қиындайды, жергілікті билік онсыз да аз азық-түлікті солардың аузына тосып, үміті үзілген ел Есіл-Нұраны тастап, Әулиеатаға қарай шұбырады. Олардың көбі Таразға жетпей жолда өлген.

Гувер институтының аға ғылыми қызметкері Р.Конквестің «Ресейдегі тәжірибелер. 1931 жыл» еңбегінде: «1930-1933 жылдар аралығында 40 мың кулак шаруашылығы тәркіленді, кейін 15 мың шаруашылық өзін-өзі тәркілеп, беті ауған жақтарға қашып кетті. Басқаша айтқанда, тәркілеу қазақ жерінде жарты миллион адамды қамтыды. 1926 жылғы санақ бойынша Кеңес Одағында 3.963300; 1939 жылғы санақ бойынша (асыра көрсетілген) 3. 100 400 қазақ болды. Сонда халықтың ұлттық өсімін ескерсек, ашаршылықтан, түрлі қуғын-сүргіннен қазақтар бір жарым миллион адамын жоғалтқан» - деп жазады. Р.Конквестің бұл болжамының жаны бар. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, 1917 жылы елде 5 миллион қазақ болса, оның 1 миллион 500 мыңы 1921-1922 жылдардағы аштықта қырылған. Сонда тірі қалғаны - 3 миллион 500 мың. Яғни 1926 жылғы халық санағында 463300 адам ойдан қосылған болып шығады. Осыдан кейін 1939 жылғы санақ мәліметінің мүлде қисынсыз екенін дәлелдеу қиын емес. 1932 жылғы аштықта алғашқы зұлматтан әупіріммен сау қалған 3,5  миллион адамның тең жартысы апат болғаны  дәлелденіп отыр. Ендеше 1939 жылы 1 миллион 750 мың қазақ қана  жер басып жүрген.

Енді осы келтірілген көп деректерден соң аз-кем аялдап алып, әр жылдардағы аштықтың барлық құрбандарын есептеп көрейік. Иманың қасым болатын көрсеткішке тап келесің. Қазақ халқы 3 миллион 250 мың адамнан айырылған. Жанұшырған шындық осындай. Жанталастырған жендет жылдардың ақиқатынан ақылың адасқандай. Біздің осы есебіміздің дұрыс екендігіне шетелдер ғалымдарының деректері де дәлел бола алады. Батыс зерттеушісі Р.Монвест 1931-1932 жылдардағы ашаршылықта 1 миллион, М.Олкотт 1,5 миллионнан астам адам өлді дейді. Осы жерде «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясындағы» аштық құрбандары туралы мәліметтерге де көз салайық. Энциклопедияда 1926, 1937 жылдардағы санақтарда олқылықтар жіберілгендігі, соның салдарынан ашаршылықтағы адам шығынын дәл анықтауға кедергі келтіріп, әртүрлі пікірлердің өрістеуіне себеп болғаны әділ ескертіледі. 1930-1933 жылдардағы аштық құрбандары 2 млн. 200 мың адамнан асып түсті делінеді. Осы 2 млн. 200 мыңға 1921-1922 жылдардағы зұлматтың 1 млн. 500 мың боздағын қоссаңыз, 3 млн. 700 мың болып шығады. Сонымен жыртқыш жылдардың адам шығыны - 3 млн. 200 мың немесе 3 млн. 700 мың. Кейбір тарихшылар шетелдерге ауды деп есептейтін 1 миллион адамды осы көрсеткішке қоссақ та, одан аштықтың қасіреті азаймайды. Дегенмен, бұны соңғы дерек деуден аулақпыз.

- Жалпы осынау алапат аштықтың туындауына кім, әйтпесе не кінәлі?

- Аштық атты осы апаттардың авторы - сол тұста қазақ өлкесін басқарған Ф.И. Голощекин. Сталин Ресейде қаһарланса, ол Қазақстанда бұрқ-сарқ етті. Сәкен Сейфуллин «жүнін жұлған құтырған бураға» теңеген осы жендеттің ел ішіндегі саясатын Л.Троцкий былай сипаттаған: «Голощекин орыс деревняларында әлеуметтік келісімді уағыздап, ал қазақ ауылдарында азаматтық соғысты қоздыруда».  Анығы осы. Қаныпезерлігі ертеден байқалған, Қазақстанға сол «қасиеті» үшін жіберілген ол орыс және украина шаруаларына соншалықты шүйліккен жоқ, олар азық-түліктен тарықпаған. Ал қазақтардан бәрін сыпырып алды. Бұған да талай нақты деректер баршылық.

- Яғни осының бәрі аштықтың қолдан жасалғанын дәлелдеп береді ғой...

- Аштықтың қолдан жасалғаны туралы ойды, Еуропа ғалымдары мен қайраткерлерінің ортақ пікірі дей аламыз. Дегенмен, араға ұзақ уақыт салып, 2010 жылы Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясы Кеңес одағы республикаларында 30-шы жылдары болған аштық құрбандарын еске алу туралы қарар қабылдап, осы ой-тұжырымды жаңғыртты. Қарарда: «Белоруссия, Қазақстан, Молдавия, Ресей мен Украинаның жазықсыз миллиондаған адамы кеңес үкіметінің қасақана қатігез саясаты жасаған жаппай ашаршылықтың салдарынан көз жұмды»- делінген. Қазақстандағы жағдайға айрықша мән беріліп, аштықты кеңес режимінің өз халқына қарсы жасаған қылмысы деп санайды.

Ақиқаты осы. Жендет жылдардың шындығы бұл. Солай десек те, ашаршылыққа кінәлілерді тарихтың қатал жазалағанын ескере отырып, жазықсыз кектенуден аулақпыз. Голощекин секілділердің түбіне ұяласын қасқырша талаудан тайынбаған большевиктік режимнің өзі жетті. Талайы атылды, асылды, НКВД-ның түрмелерінде шіріді. Кеңес одағы аталған, жаһанның жартысын уысында ұстаған империяны концлагерге айналдырған Сталиннің әулеті де оңған жоқ. Бірі абақтыда азап шекті, бірі қияндағы АҚШ-та қарттар үйінде дүниеден озды. Жетпіс жылға жуық ғұмырбаянының бастауын миллиондардың қанымен жазған тұрпайы державаның шаңырағы ортасына түсті.

Ал қазақ халқы талай нәубеттен өтіп, мәңгілігін дәлелдеді. Қайсарлығымен және қуатты рухымен дәлелдеді. Заманның төріне көтерілді. Ол тәуелсіз және бақытты. Сол иманды да ибалы халық ірілігін танытып, көшелі-көргенді екенін паш етіп, тарихи сананың сабақтастығы үшін, мына тоқ ғасырда жүзі жарқын болуы үшін дүниеден күңіреніп көшкен боздақтардың рухына тағзым етуде. Ендеше баршамыздың ілтифат-ниетіміз қабыл болсын!

- Әңгімеңізге рақмет!