А. Жайылғанова Конституциялық Кеңес мүшелігінен шығып, «Нұр Отан» партиясының қатарына өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары Конституциялық Кеңес мүшесі Анар Жайылғанованың өкілеттігін тоқтатты. Бұған себеп - А. Жайылғанова саяси партия қатарына өту туралы таңдау жасаған.

Парламент Сенаты 2014 жылы Конституциялық Кеңес мүшесі лауазымына тағайындаған болатын. «Анар Нұралықызы «Нұр Отан» саяси партиясының құрамына кіріуіне байланысты Конституциялық Кеңестің мүшесі ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы өтініш берді. Конституциялық Кеңес туралы заңға сәйкес, оның мүшелігі өкілеттігі саяси партияға кіруі жағдайында тоқтатылады. Ол бойынша шешімді тағайындаған мемлекеттік орган қабылдайды. Сенат Бюросының шешіміне сәйкес, бұл мәселе комитетте алдын ала талқыланды», - деді спикер Қ. Тоқаев.

Ал Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов Кеңес мүшесі ретінде А. Жайылғанова өз міндетін абыроймен атқарғанын, ендігі күні өзінің саяси таңдауын жасағанын атап өтті. «Біз әріптесіміздің бұл таңдауына сыйластықпен қараймыз», - деді И. Рогов.