Жергілікті әкімдік, ақсақалдар кеңесі, ауыл имамы, полицейлер мен тұрғындардың қатысуымен өткен жиналыста ішімдіктен түбегейлі бас тарту туралы шешім қабылданды.
- Бұл салауатты өмір салтын ұстанып, тұрақтылық пен тәртіпті күшейте түсу үшін жасалып отыр. Бірақ онсыз да Қожакелді ауылында соңғы бес жыл ішінде алкогольді ішімдіктерді ішіп барып жасалған бірде-бір қылмыс немесе құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Бұл тұрғындардың жауапкершілігін көрсетеді, - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінен.
Ауыл жұртшылығы ішімдіктен бас тарту отбасылық құндылықтарды нығайтып, жастарға үлгі болатынына сенімді.
- Ішімдік ішілмейтін шаңырақта қуаныш, шаттық көбірек. Көшелерде де тыныштық орнай түседі, - дейді ақсақалдар.
Осыған дейін өңір бойынша Кеңгірбай би, Бөкенші және Кіндікті ауылдарының тұрғындары да ішімдіктен бас тартқан.
Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстанда тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартқаны хабарланған.