Абай облысындағы түзеу мекемесінде жанжал болып, бір сотталған көз жұмды

Фото: Ирина Адылканова

АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысындағы ерекше режимдегі түзеу мекемесінде сотталған азамат көз жұмды. Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады.

Аталған деректі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады. Комитет мәліметінше, мекемеде бір камерада отырған екі сотталған арасында жанжал шыққан. Төбелес барысында олардың бірі екіншісіне дене жарақатын салып, салдарынан жәбірленуші қайтыс болған.

- Аталған факті бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта тергеу және тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Мекемедегі жағдай тұрақты. Тергеу барысы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басшылығының бақылауында, - делінген ақпаратта.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы қазанда Семей қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтың қайтыс болғаны хабарланған еді.

Сол кезде сотталғандарды жаппай басқа мекемелерге көшіру туралы ақпарат тарағанымен, бұл дерек расталмады.

Айта кетейік, Шымкенттің түзеу мекемесінде азаптау ісінен соң үш қызметкер қамауға алынды.