«Абай - біздің рухани тірегіміз. Менің көргенім - моңғол ұлтының өкілдері Абайды оқыған кезде оң қолын жүрегіне салады, оған әулие ретінде қарайды. Шыңжандағы қазақтар «Абай - біз үшін Күн, Ай, Дария. Қазақтардың үйінде Абайдың шығармасы болса, сол үй сәулелі болады. Ал қазақтың үйінде Абайдың бірде-бір кітабы жоқ болса, ол қазақ емес», - деседі. Өз ақындарына бұндай құрмет басқа елдерде көп емес», - деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстанда Абайды жиі Пушкинмен, Лермонтовпен салыстырады. «Абай оларға ұқсас емес, ол тек қана ақын емес, басқа да жан-жақты салалардың ғұламасы: саясатшы, ойшыл, философ, педагог-ағартушы. Ол - «поэзия әулиесі», себебі оның барлық ойы өлеңдерінен өріліп шығады. Сондықтан, Абайды тек Пушкин мен Лермонтовпен салыстырмайық. Үндістанда Рабиндранат Тагор деген ақын бар, Чжунгода (Қытайда) - Ду Фу. Олар да «поэзия әулиесі» атағына ие болды. Осындай адамдар әлемде көп емес», - деді ақсақал.
Ха Хуанчжан қазақтар арасында Қабай деген атпен танымал. ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Іле-Қазақ автономиялық облысынан Бейжіңнің әдебиет институтына оқу курстарына келген «Іле кеші» газеті қазақ редакциясының әдеби редакторы, «Жарыққа ғашық осы адам», «Ауаға жазылған жыр», «Сәулем маған шөлдесе» тәрізді жыр жинақтарының авторы Нұрболат Әбдіқадыр Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толуына орай «Қабай» деген кітаптың басылуы туралы әңгімеледі.
«Сол кісіге қазақтардың рахметі ретінде жазылған кітабымыз, осы жолы Бейжіңде өткізілген Абай оқуларына сауғамыз. Бұл кітап Қазақстанда 170-жылдығына үлгеріп, басылып жатса, онда бұл нұр үстіне нұр болайын деп тұр. Себебі бұл жаңа дүние, себебі тұтас миллиард халыққа Абайды осылайша танытқан Қабай деген ақсақалымыз, қазір тоқсанға келді», - деді ол.
Xа Xуанчжан (Қабай) жастайынан ақынның өлеңдерін жаттап өскен. 1950-ші жылдардан бастап Абай шығармаларын зерттеу, аудару және баспадан шығару ісімен айналысып келеді. Оның «Қазақтың ұлы ақыны - Абай» деген көлемді ғылыми мақаласы 1958 жылы «Тянь-Шань» журналының 8-ші санында жарияланды. 1983 жылы Бейжіңдегі «Шыңжан» баспасынан арнайы алғы сөз жазып, «Абай өлеңдерінен таңдамалылар» атты кітапты шығарды.
1987 жылы Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан Қабайдың «Абай және Абай шығармашылығы» деген монографиялық еңбегі жарық көрді. Ғалымның бұл кітабында ақынның өнер, поэзия, мақал-мәтелдер туралы айтқандары, демократтық, философиялық көзқарастары, дінге қатысы, аудармалары, дастандары және ғақлия сөздері жеке-жеке талданады. Осы еңбегі үшін Қабайға Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілген.
Абай салған сөз өнерінің сара жолына ғашық болған Қабай Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» да аударып бастырған. «Қазақ ақындары» атты қытай тіліндегі кітабы да бар. Мұнда айтыс өнерінің тек бізге ғана тән екені жазылған және Бұхар жыраудың, жыр алыбы Жамбыл мен Айкүмістің, Біржан сал мен Сараның айтыстары аударылған. Ол Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданының құрметті азаматы.
Авторы Садық Әкіжанов