Абайды білмей тұрып та, Президенттіктен үміттенгендер болды

АНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның өкілдері осы күндері қызу жұмыс жасауда.

3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысқысы келетін үміткерлердің саны да күн сайын көбейіп келеді. Сайлау тәртібіне сәйкес, Президенттіктен үміткерлер Орталық сайлау комиссиясына өтініш беріп, тиісті құжаттарын тапсырған соң ең алдымен лингвистикалық комиссияның сынынан өтуі тиіс. Бұған дейін болған сайлаулардағыдай емес, осы жолы аталмыш комиссияның үміткерлерге қоятын талаптары қатаңдай түскен. Содан болса керек, өзін-өзі ұсыну жолымен Президенттік сайлауға өтініш берген кандидаттардың ішінен екеуі, атап айтқанда «Кенесары хан» қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсаров және Астана қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз Қанат Есжанов мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмады. Басты себеп - бұл азаматтар қазақ тілін жетік меңгермеген. Осы себепті ОСК оларды ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тіркеуден бас тартып, тиісті қаулы қабылдады. Сонымен қатар үміткерлердің арасында уақыты алдын ала белгілегеніне және ескертілгендігіне қарамастан, лингвистикалық комиссияның емтиханына келмей жатқан кандидат та бар. Ол - «Аттан Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек. Бұл кандидат өтініш беруін беріп алып, қатарынан екі рет белгіленген уақытта емтихан тапсыруға келмеді.

Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың сөзіне қарағанда, Амантай қажы Асылбектің емтиханға екінші мәрте келмегені аса дұрыс болмады. «Президент болам деген адамның жалпыға бірдей тәртіпке, комиссия мүшелеріне, заңға деген құрметі болуы керек. Қалай дегенмен де бұл Орталық сайлау комиссиясы. Жалпы қажы деген біздің ұғымымызда халық сыйлайтын қасиетті адам. Ал біз болсақ, комиссия отырысы өтеді екен деп екінші рет келіп отырмыз. Заң бар, тәртіп бар. Оның бәрін қойғанда, адамгершілік деген бар емес пе ?. Егер ол шын мәнінде Алланың жолында жүрген адам болса, адамды, заңды сыйлауы керек еді. Мен бұл үміткердің әрекетіне таң қалып отырмын», - дейді комиссия төрағасы.

М. Жолдасбеков сайлауға өресі биік адамдар түсуі тиіс деп есептейді. «Мен өресі биік, қолынан іс келетін, мемлекет басқара алатын адамдар сайлауға түссе деген ойдамын. Осы тұрғыдан алғанда Орталық сайлау комиссиясына Президенттіккке кандидат ретінде өтініш түсіріп жатқан азаматтардың көпшілігі көңілден шықпай жатыр. Қазір Президенттік cайлауға қатысуға ұмтылып жатқандардың басым көпшілігі өздерін-өзі ұсынғандар. Мен осыны түсінбеймін. Күні кеше ғана елдегі саяси мәселелерге мүлдем қатысы болмаған, тіпті елдегі болып жатқан үдерістерге қатысуға ұмтылып көрмеген адамның бір-ақ күннің ішінде «мен Президенттік сайлауға түсуім керек» деп өзін-өзі ұсынуын қалай түсінуге болады?. Меніңше, саяси партиялар мен түрлі қозғалыстар, үлкен бірлестіктер, халыққа қызмет етіп отырған ұжымдар «осының қолынан келеді, ел басқаратын мүмкіндігі бар» деген азаматтарды ұсынып жатса құба-құп болар еді. Ал Президенттікке өзін-өзі ұсынды деген мәселе менің миыма сыймайды», - дейді М. Жолдасбеков.

М. Жолдасбеков Президенттікке кандидаттардың медициналық анықтама тапсыру мәселесін қайтадан жолға қою қажет деп есептейді. «Екіншіден кез-келген азамат қандай да бір жұмысқа орналасарда медициналық анықтама тапсыратыны белгілі. Ал Президенттікке таласам деген адам бүкіл елдің қамын мойнына артып отыр. Сондықтан оған қойылатын талап ерекше болуы керек. Жалпы медициналық анықтама тапсыру мәселесі бұрын болған еді, қазір ол міндетті емес көрінеді. Бұл ойланатын мәселе. Еліміз өсіп-өркендеп келе жатқан әлемге танымал мемлекет. Кеше ғана Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитін өткіздік. Осындай мемлекеттің тағдырын ақылы асқан, дарыны тасып тұрған, халқын жанындай сүйетін адамдарға тапсыруымыз керек сияқты. Ал комиссияға емтихан тапсырған азаматтардың кейбірі Абайдың кім екенін білмейді. Абай, оның ақындығы мен даналығын былай қойғанда, қазақ халқының рухани көсемі емес пе?. Сондықтан Абайды білмеген адамнан не үміт, не қайыр?. Осылайша емтихандардан алған әсерім онша болмай тұр», - деді лингвистикалық комиссияның төрағасы.

Оның пікірінше, бұрын сайлау десе ішкен асын жерге қойып, құрақ ұшып жүгіретін көптеген партиялардың белсенділері бүгінде үнсіз отыр. «Әрине сайлауға түсе ме, жоқ па олардың жеке бастарының шаруасы. Дегенмен, меніңше, олардың көпшілігі «мемлекеттік тілге келгенде әлсіздік танытамын ба» деп қорқақтайтын сияқты. Ал тіл - ұттың жаны. Оны түсінбеген адам елді қалай басқармақ?. Осының барлығын жүйелеп, бір мақала жазудың қажеттілігі туындап тұр. Менде бұл мәселені лингвистикалық комиссияның атынан хат түрінде Мемлекет басшысына жазсам ба деген ой туып отыр», - деді М.Жолдасбеков.