Абайдың «толық адам» ілімі бізді аласапыран дүниеде адастырмай, тура жолға бастайды - абайтанушы М.Мырзахметұлы

; АЛМАТЫ. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Тамыздың 10-ы - ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Биыл Ұлтымыздың ұлы перзенті - хакім Абайға 165 жыл толады. Өз заманынан оза туған ойшыл да, шыншыл, данагөй акынның терең ойлары мен асыл сөздері, өлеңдері мен қара сөздері қай заманда

болмасын гауһардай жаркырап, көзі ашык, көкіректерге нұр болып кұйыла берері хақ. Оның мұрасы жаңа ұрпақпен бірге жасай беретініне сенемін деп санайды ширек ғасыр ғұмырын абайтану ғылымына арнап, "абайтану" ілімінің қазіргі көш басында жүрген абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы. Бүгінде 80-нің сеңгіріне келіп отырған әйгілі абайтанушы тұлғаның қазақ елi, түркi дүниесi, жалпы адамзат баласының ақыл-ойы мен дiлiн, кiсiлiк келбетiн Абай iлiмi негiзiнде дамыту жолындағы қызметi көпке мәлiм. Біз бүгін Абайтану ғылымындағы бүгінгі мәселелер төңірегінде және 50 жылдан аса уақытын Ұлы Абайды зерттеуге арнаған қызметі жайында профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлымен әңгімелескен едік.

- Аға, Абайтанумен қай уақыттан бері айналыса бастадыңыз және бұған келуге не себеп болды?

- Абайтанушы болу менің ойымда болған емес. Мектепте мен Абайды нашар біліп шықтым. Институтқа келіп Абайды енді білеміз дегенде, ұстазымыз академик Қ. Жұмалиевті "халық жауы" деп айдауға жіберді де, кафедраны таратып үлгерді. Одан кейін, сырттан оқитын аспиранттар сабақ берді. Түк білім алмай шықтық. Содан мен Абайдан құр алақан шыққан адамдардың бірімін. Ал Абайға келуіме Бауыржан Момышұлы себепкер болды. 1953 жылы институтты бітіріп, Өзбекстан елінде жүрген едім. Мені көрген Бауыржан аға, менен "Өзбек елінде не істеп жүрсің?", деп сұрап, екеуміз бір-бірімізбен жақсы таныстық. Мен елімде аспирантурада оқиын десем оқытпады, сосын Өзбекстанға келдім дедім. Ол кезде Қазақстанда аспирантураға түсу өте қиын болатын. Бауыржан Момышұлы бірден ол кездегі Абай атындағы университеттің ректоры академик Мәлік Ғабдуллинге телефон соғып, «Менің осындай бір інім бар, ол биыл аспирантураға түсуі керек», деп телефонды қоя салды. Содан Алматыға келіп, бізге таудай көрінетін Мәлік ағаның қабылдауында болдым. Мені жылы қабылдады. Мен ол кезде кандидаттық минимумнан екі емтиханды тапсырып қойған едім. Үшінші пәндік емтиханды 5-ке тапсырып, оқуға түскен сон, мен үшін тақырып таңдау қиын болды. Кеңес әдебиетін алғым келіп еді. Ол тақырып та, басқа да менің ойымдағы тақырыптардың барлығы бөлініп қойылған екен. Қажекең маған: "Оқимын десең, Абайды аласың, оқығың келмесе, жол ашық, үш күннен кейін жауабын бер", деді. Содан, жағдайымды айтып, Бауыржан Момышұлы үйіндегі жеңгемнен сұрадым. Ол кісі: «неден қорқасың үш жыл біліміңді ал да, өз таңдауыңмен кете бер», деді. «Қажеке, ұсынысыңыз дұрыс екен», деп, осылайша Абайтануға келдім. Ол кісі маған «Абай мұрасының зерттелу жайы» деген тақырыпты берді, бұл менің Абайды зерттеуімдегі алғашқы тақырыбым болды. Осылайша, 1961 жылы мен аспирантураға оқуға түсіп, «зорлықпен» Абайтанушы болдым.

- Абайды зерттеуге кіріскенде қандай да бір қиыншылықтар болды ма?

- Иә, болды. Өйткені зерттеуге кірісерде қарасам, Абай шығармалары 30-шы жылдарға дейін арабша төте жазумен, 40-шы жылға дейін латынша қаріппен шыққан. Мен ол әріптерді білмейтінмін. Үйренуге мәжбүр болып күніне бір әріптен жаттап меңгеріп шықтым. Қазір жарты ғасыр ғұмырымды ұлы адамды зерттеуге арнағаныма өкінбеймін. Кейіннен, тіпті, сол үшін Қажекеңе алғысымды айттым.

- Абайды ашуда өзіңіз үшін қандай рухани байлық алдыңыз?

- Мен, біріншіден, адамшылық жолына түстім. Мен Абайтанушы болмасам, парақорлардың бірі, не бай адамдардың бірі болып жүрер ме едім. Турашылдығымнан - арым таза, жүзім жарық. Сол үшін де жанымды күйттеп, жақсы өмір сүруге дағдыланбай, ағысқа қарсы келе беремін. Тұрмыс жағынан кедей болғаныммен, рухани жағынан бай адаммын, мен сол үшін өміріме ризамын. Абайдың мені сақтап қалғаны сол. Ол кісі «Пайда ойлама, ар ойла» деді.

- Сіздің пікіріңізше, Абайдың қарасөздері мен өлеңдері әрбір шенеунік пен қазақстандықтың үстелінде жатуы тиіс пе? Мүмкін сонда белең алған жемқорлық пен басқа да кемшіліктеріміз азаяр ма еді?!

- Иә, әрине, жатуы тиіс деп санаймын, тек, Абайды жүрегіне сіңіре алса...Ойлы көзбен оқи алса, онда ол өзін өзі тазалайды. Тазаланған адам жаман іске бара алмайды. Себебі, жүректе, кеудеде тұрған Абайдың ілімі оған жібермейді. Абайдың үлкен ілімі бар «толық адам» деген. Бірақ, біз оны аша алмадық. Ал Әуезов білді оны, ол Абайды толық адам деп айтуға сескенді. Өйткені ол дінге байланысты болды. Кеңес дәуірінде дінге деген көзқарастың қалай болғандығын білесіздер. Мұхтар Әуезовтың жаулары да болды, ұстай алатын. Сондықтан ол Абайдың толық адамын «нравственный, гармонический» тұлға деді. Кейіннен «толық адам» ілімін ғылыми айналымға бірінші рет мен түсірген едім. Әуезовке сүйене отырып бұл ілімді аштым. Негіздерін жасадым, сөйтіп барып, Абайтануда Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген сөзінде, оның жұмбағы жатыр екен.

- Мұхтар Әуезов Абайдың дүниетанымы үш рухани бұлақтан құралған деп көрсеткен еді. Олар - «туған халқының қазынасы, рухани әлемі», «Шығыстың рухани қазыналары», «орыс арқылы Батыстың қазыналары, Батыстың әдеби әлемі». Бүгінгі таңда осы үш саланың барлығы зерттелді ме? Жалпы, қазіргі уақытта Абайтану ғылымы толығымен зерттеліп, ашылды ма?

- Кеңес дәуірінде Әуезов көрсеткен бұл концепция бұзылды. Еуропа, орысқа бар күшімізді салдық. Абайтанудағы барлық зерттеулер орысқа қарай айналып кетті де, қалған екі сала зерттелмей қалып қойды. Абайдың Шығысына мүлдем барғызбай тастады. Өйткені 1949 жылы Мәскеудегі орталық партия комитетінің "космополитизм" туралы қаулысы шықты. Сол қаулыда мұндай ұстаным болды. «Батысқа, шығысқа бас игендерді қиратамыз» деген. Шығыс туралы зерттегендерді атты, қамады, жұмыстан қуды. Тіпті, батысқа бас иген еврейлерді де аямады. Сол жылдардан бастап, орысқа бас иіп, орысшылдықты мадақтау белең алып, бүкіл ғылым соған қарай бұрылды. Сол кезеңдерде Абайдың орыс әдебиетіне қатысы қатты зерттелді. Ал Тәуелсіздік алған жылдан бастап, Абай қайта қаралып жатыр. Академик Қасым Жұмалиев бірінші рет «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» деген тақырыпта таза қазақи рухани қазынамен алып шығып, докторлық диссертацияны қорғады. Содан кейін мұндай терең жұмыстар болған жоқ. Бүгінгі таңда Абайтанудағы бірінші мәселе Абайдың Шығысқа қатысын айқындау болып отыр. Мен 1984 жылы «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» деген тақырып бойынша докторлық диссертация қорғадым. Оның 4-ші тарауы «Абайдың Шығысқа қатысы Әуезовтың зерттеуінде» деп аталған болатын. Қорғау кезінде әдебиетші академиктер Абайдың Шығысын алып тастау керек деп қарсы болды. Оның себебін саясатқа қарсылық деп түсіндірді. Дегенмен, бұл кітаптың шығуына менің ұстазым, Мұхтар Әуезовтың қызы Ләйлә Мұхтарқызы мен сол кездегі қоғамдық ғылымдар бөлімінің бастығы, академик, ғалым, абайтанушы Заки Ахметовтың көмектесуімен тұңғыш рет ғылымда Абайдың Шығысқа қатысы өз көрінісін берді. Бүгінгі таңда Абайтанудың негізгі зерттеу нысанасы Абайдың Шығысы болып отыр.

- Абайдың Шығысына бара алмай отырғандарыңызға бір себептер бар ма?

- Иә, бар. Біз біріншіден, араб, парсы, шағатай (ортағасырлық түркі) тілдерін білмейміз. Екіншіден исламиаттың тарихын білмейміз. Сондықтан біз Абайдың Шығысына кіре алмай отырмыз. Оның Шығысына кіру үшін ұлттық, шығыстық модель арқылы кіру керек. Сонда ғана Абай ашылады. Еуропалық моделмен кіруге болмайды. Осы күнге дейін біздің философтар Абайдың дүниетанымын ашып бере алмай отыр. Оларда жазық жоқ, өйткені олар өз моделіне, Еуропалық моделге салады, сондықтан ашылмай отыр. Кейбірі тіпті, Абайдың дүниетанымын үндінің веда ілімімен ашып әуреленуде, оның бұған ешқандай қатысы болса да. Абай будданы қартайған уақытында ғана оқыған. Оның өзінде "Жас кезімде қолыма түспеген кітап, оқитын кітап екен", деген еді. Ол кезде Абайдың барлық шығармалары жазылып қойған болатын. Абайды тек ұлттық шығыстық модельмен барып ашу керек, оны исламиатты терең танып білген адам, араб, парсы, шағатай тілдерінен хабары бар адам кіргенде ғана аша алмақ. Бүгінгі таңда Абайтанудың басты міндеті осында. Абайтанудың дүниетанымы ашылмайынша, біз Абайға кіре алмаймыз. Бізде осындай мәселелер бар. Бұл мәселемен айналысып жатқан ғалымдар да баршылық, бірақ, қолдарынан келмей жатыр. Сондықтан, толығымен ашылған жоқ, ашылу үстінде деп айта аламын. Бірақ, үлкен үмітіміз де бар. Өйткені, бүгінде көптеген мамандар даярлануда. Олар қазір ағылшын, француз, араб, парсы тілдерінен тікелей аударма жасау арқылы шетелдік ақын-жазушылардың шығармаларын түпнұсқадан аударуда. Сондықтан Абайтануға осы адамдар келген кезде ашыла бастайды. Бұрын біздер не нәрсе болса да бірінші орысшаға аударып, содан аударатынбыз. Бұл мәселеде болашақтан үміт үлкен. Сондықтан түбінде ашылатынына сенемін.

- Елімізде Абайтанумен айналысатын қанша ғалым бар?

- Бүгінде елімізде Абайды зерттеп жүрген 10-нан аса ғылым докторлары, 40-қа жуық ғылым кандидаттары бар. Бұлардың көпшілігі Абайды орыс, Еуропа әдебиеті арқылы жасаған зерттеулері арқылы қорғағандар. Әдебиетшілер де, философтар да осы жағынан қорғады. Мен жаңа жоғарыда айтып кеткендей, Шығысы жөнінен ешкім қорғаған жоқ. Менің қазіргі таңда бір-екі шәкіртім Абайдың Шығысын ашуға ұмтылуда. Алғашқы нәтижелер де бар.

- Шәкәрім Құдайбердіұлы толық ашылса, Абайдың жаңа бейнесі ашылады, сонымен қатар, ол толық ашылмайынша, Абай толық ашылмайды деген пікірге не дейсіз? Бүгінгі күні, Шәкәрім Құдайбердіұлы толық ашылды ма?

- Абайдың ой танымындағы бірегей шәкіртті Шәкәрім. Ол Абайды ең терең түсінген, сөзін тыңдап, өнегесін алған, данагөй сөзін жаттаған. Абай толық адам ілімін айтып, ар ғылымы оқылса, деп армандады. Ар ғылымы оқылса, адамдарды тәрбиелеп, дұрыс жолға түсіре алар еді, деді және дін туралы қатты ізденді. Шәкәрімнің дүниетанымы мүлде тереңде жатыр. Біздер оны әлі аша алғанымыз жоқ. Мысалға "Жаралыс басы қозғалыс, Қозғауға керек қолғабыс, Жан де мейлі бір мәнде, Сол қуатпен бол таныс, Дүниені сол жаратқан", деп кім жайында айтып отыр, оны қалай түсінеміз, оны ешкім ашып берген жоқ әлі. Оның бір жаман жері, шығармаларының текстологиясы адамды адастырады. Егер, Шәкәрім Құдайбердіұлы толық ашылса, Абайдың жаңа бейнесі ашылады. Екеуінің суфизмге қатысы терең ашылады және олардың дүниетанымы да терең ашыла түспек. Шәкәрімнің бір жақсы жері ол оқыған кітаптарының бәрін жазып отырған. Оның ақындық кітапханасы даяр, ал, Абай жазып қалдырмаған. Абайды екі жолмен - бірі Абайдың өзі атап өтетін деректермен және Абайдың дүниетаным жүйесіне сәйкес келетін еңбектерімен салыстыра отырып табудамыз.

- Абайтану қай жылдан бастап зерттеле бастады?

- Абай 1889 жылдан бастап зерттеле бастады. Сол кезде Абай туралы жап-жақсы пікірлер айтылды. Кейін Кеңес одағы келген кезде оған деген көзқарас таптық тұрғыда болып, Абайды аша алмай қалдық. Абайтану дәрісі 1942 жылдан бастап Мұхтар Әуезов арнаулы курс оқи бастаған жылдан бастап жүрді. Уақыт өзгерді, сондықтан бүгінгі таңда Абай барлық жағынан қайта қаралып жатыр.

- Абайды алғаш таныған кімдер, Алаш зиялылары деп жүрміз ғой, осы қаншалықты ақиқат?

- Иә, Абайды алғаш таныған Алаш зиялылары. Олар: Әлихан Бөкейхан, Мыржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай. Абайдың қолжазбалары туралы Ахмет Байтұрсынұлы "Қазақтың бас ақыны" деп аталатын мақаласында "Мен Абайдың шығармаларын әрең оқыдым, кідіріп, түсіне алмадым, ол басқа ақындардай емес екен. Оның кейбір сөздерін білетін адам түсіндіріп бермесе, мың рет оқысаң да түсінбейсің" делінген. Біз қазір осыған орай, "Абай ұлағаты" деп аталатын Абайдың түсіндірме сөздігін жасап жатырмыз.

- Абай өлеңдерін алғаш жинап, әзірлеген кім? Кәкітай Ысқақұлы мен Әлихан Бөкейхан деп оқыған едік, соны өз аузыңыздан естісем.

- Алғаш жинаған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл. Оны біз көпке шейін айта алмай келдік, халық жауы болғандықтан. Ал, Әлихан Бөкейхан жинауға көмектесіп, басы-қасында өзі жүріп, басылымға даярлауға тікелей араласқан болатын.

- Қазіргі уақытта Абайтану пәні қанша жоғары оқу орындарында оқытылуда?

- Абайды оқуды ең алдымен Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет бастады. Оның ішінде біздің Абай орталығы жұмыс істеуде. Орталық бұл пәннің оқулығын жазды, бағдарламасын жасады. Бүгінгі таңда осы ордада Абайтану пәнін барлық орыс, қазақ факультеттері түгел оқып жатыр. Енгізгенімізге бір жыл болды. Енді Шымкент қаласындағы Әуезов атындағы университет қабылдап, оқыту үстінде. Семей мен Өскемен қалаларындағы университеттерге ұсындық. Негізінен біз емес, Абайдың туған жерлері бірінші бастауы керек еді. Менің ойымша, болашақта саналы, ұлтжанды ректорлары бар жоғары оқу орындары түбінде қабылдайтын шығар.

- Абайтануға байланысты елімізде қандай шаралар атқарылуда және бұл тұрғыда Абайтану орталығы қандай жұмыстар атқаруда. Ұлы Абайдың 165 жылдығына орай қандай да бір шараларды өткізуді жоспарлап жатырсыздар ма?

- Біз биыл Ұлы Абайдың 165 жылдығына орай, "Абай мұрасының өзекті мәселелері" деп аталатын монографияны бердік. Абай туралы қазір мен 10 томдық шығармаларымды бастырып жатырмын. Ол "Абайтану" деп аталады. Биыл менің 80 жылдығыма орай, 5 кітапты шығарудамын. Оның біріншісі "Өмір-өзен ағысында" деп аталатын кітап, содан кейінгі "Абай термесі" және "Насихат қазақия" деп аталатын кітаптар қазір басылып шықты. Менің 75-пен 80 жас аралығындағы мақалалар жиынтығым жинақталып кітап болып басылуда. Ол кітап "Сеңгірінде сексеннің ой түлеткен" деп аталады. Сонымен қатар, "Абайтану" оқулығы дайындалуда. Сондай-ақ "Абайтанудың өзекті мәселелері және абайтанушы М.Мырзахметұлының 80 жылдығы" деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференция өтілмек.

- Елімізде Абайдың туған күнінің аталып өтілуіне көңіліңіз тола ма? «Абайдай ұлы, дана тұлғаны дүркіретіп, ат шаптырып, үлкен той жасап өткізу керек» деген пікірлерге қалай қарайсыз?

- Дүркіретіп, ат шаптырудың керегі жоқ. Абайдың рухани қазынасын терең түсіндіріп, халықтың қолына беру керек. Тойдың үлкені осы. Одан кейін басқасын жасауға болады. Той жасау дәстүрлі шара, ондай шаралар еске алу сияқты болып қалады. Ең алдымен Абайды ғылыми негізде насихаттау керек. Мектептегі оқытып жатқан Абай туралы мәліметтер ескірді, сондықтан енді біз жаңа дүниені алып, оны жаңартуымыз керек. Жаңа танымдағы дүниені алып келуіміз үшін Абайдың Шығысына, өзінің туған ел қазынасына мықтап кірісу керек. Сонда ғана бұл мәселе жөніне түседі. Біз Абайдың өлеңдерін жаттап өскенімізбенен, оның түп мағынасын түсіне бермейміз. Жылда "Абай оқуларын" өткізгенде, оның мәнін терең ашып барып түсіну орынды болмақ.

- Аға, 2002 жылдан бері Абайтану пәнін мектепке ұсыну жөнінде пікір айтылып келеді. Бұл жайында көзқарасыңыз қалай?

- Абайтану пәнін баяғыдан ұсыну керек еді. Жақында біздің орталықтың қызметкері Нұрқанат Керімбеков, менің идеям бойынша оқулық жасап шығарды. Ол "Абайтану әліппесі" деп аталатын электрондық әліппе. Ол қазір соның 750 данасын Жапон елінен жасатып, бітіріп алып келе жатыр. Оны Білім және ғылым министрлігі қолдаса, мектептерге даярланатын болады. Ол әліппеге ресейліктер көңіл аударып, жапондар да қызығуда. Нүктелерін басып қалсаң болғаны, сөйлеп жөнеледі. Абайдың өмірі керек пе, өлеңі керек пе, бәрі даяр. Бұйырса, биыл көпшілікке ұсынып, оның тұсаукесерін жасаймыз. Бұл әліппенің ерекшелігі сол, ол Абай туралы жаңа танымды насихаттайды. Жаңа таным деп отырғаным, Абайдың шығысқа қатысы. Әліппе ғылыми тілмен, қарапайым сөзбен оқушыларға түсінікті етіп айтып береді. Бұл Абайдың ілімін жас ұрпақ санасына сіңірудің бір жолы деп те айтуға болар. Ол әліппенің жас өскінге "рухани жол" табуына көмектесері сөзсіз. Бүгінде батыстың әсері біздің жастардың мінез-құлқына әсер етіп жатқаны өтірік емес, шындық. Осы кері құбылыстан құтылудың рухани жолы Абайдың әдеби мұрасы деп білемін. Өйткені қазақ халқының ой-санасының, дүниетанымының шыңы Абайдың әдеби мұрасында жатыр.

- Неміс халқы әлемге өзінің мәдениетін, әдебиетін, дәстүрін «Гете институты» арқылы танытса, Қытай елі «Конфуций институты» арқылы танытып отыр. Біздің елде де қазақ ұлтының мәдениетін, әдебиеті мен дәстүрін әлемге танытатын «Абай институтын» ашудың уақыты жеткен жоқ па?!

- Оған Үкімет қаражат бөліп, көңіл бөлсе, біздің алып кете алатын жағдайымыз бар. Құр сөзбен «Абай, Абай» дей бергеннен ештеңе болмайды. Абайды түсіндіру үшін теориялық ғылыми негіз болу керек. Қытайлар мен немістер сан ғасырлар бұрын ғылыми тұрғыда жүйесін жасап алған. Біз де жасай аламыз. Бізге жағдай жасаса, біздің де қолымыздан келеді. Оны жасай алатын толық негіз де бар. Қазір біз сол институтты құруға талпынудамыз, оның тәжірибесін осы неміс пен қытай институттарынан алудамыз. Біз қазір ғылыми-зерттеу орталығы болсақ, келешекте Абайтану ғылыми институты болсақ деп армандап, соған іс жүзінде әрекет етудеміз. Абайдың "толық адам ілімін" бүкіл қазақ пен түркі халқының санасына сіңдіре алсақ, рухани жағынан мүлде жаңа жолға түсеміз. Тазарамыз. Пайданың емес, ардың жолына түсеміз.

- Бүгінгі замандастарыңыздың Абайды қаншалықты терең біліп, оқитындарына көңіліңіз тола ма?

- Мен олар тұрмақ, абайтанушыларды терең біліп оқиды деп айта алмаймын. Абайдың 38-ші сөзіне жай адам емес, ғалымдардың тісі бата бермейді. Оны түсіндіру керек.

- Абайдың сөзі өмірдің барлық саласында өзекті. Абайдың кереметтілігі неде...?

- Әрбір қазақ Абайды білуі керек. Абайды білсе, күйбең пенделік жолдан қайтады. Қазір пенде болып жатырмыз ғой, тек қарын тойдыру, киім киіну одан басқа ойымыз жоқ. Ал ол тояды, бірақ оның рухани қазынасы болмаса, қуыс кеуде адам болып қалады. Біздің қаупіміз сонда, жастарымыз қуыс кеуде болып қалмауы қажет. Мысалға, кімді көрдің, дүниені өмір бойы жинап ана дүниеге алып кеткенін. Оның бәрі қалады, сондықтан бәрін рухани қазына жағына жұмсау керек. Абайда 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөз бар. Ал оқысаң таусылмайды. Абай бұл шығармаларын ақша үшін жазған жоқ, ол өз жандүниесін жазды. Оның жандүниесі қайырлы. Өзі айтады ғой, "Ыза шығар білімнен, қайғы шығар ілімнен. Ыза мен қайғы қысқан соң, Зар шығады тілімнен". Ол сол кездің шындығын, зарын, өкпесін жазған. Соны поэзиямен жеткізіп, қағазға түсірген. Сондықтан да ол өте терең, өте мәнді. Қазақтар үшін одан өтер дүние жоқ. Сондықтан тағы айтамын, әрбір қазақ Абайды білуі керек. Біз Абайды неге төбемізге көтереміз. Ол біздің рухани қазынамыз және ол бізді аласапыран дүниеде адастырмай, дұрыс, тура жолға бастайтын, бірегей ілімі бар адам. Мұндай ілімі бар адам көп халықта жоқ, Еуропада да жоқ. Абай салған "толық адам" ілімі Тұран жерінде пайда болған. Оның арғы төркінінде "Жәуан мәртілік" жатыр, одан кейін Қожа Ахметтің "Хаг ілімі" жатыр, содан кейін Абай жасаған "Толық адам" ілімі бар. Қазақ руханиятының паспорты саналатын Абайдың бұл ілімі келешек Қазақстанның моральдық кодексінің іргетасын қалайтын ілім болып табылмақ.

- Әңгімеңізге рахмет, аға!