Абайсызда кісі өлтіргені үшін Көкшетаудың тұрғыны қоныс-колонияда жазасын өтеуге 2 жылға сотталды

АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Көкшетау қалалық соты абайсызда кісі өлтіруде күдікті тұрғынның қылмыстық ісін қарады. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарланды.

2012 жылдың шілде айында А.В.Балабанов мас күйінде сыраның бос құтысын 8 қабаттағы балконынан лақтырып жіберген. Бос құты өтіп бар жатқан кәмелеттік жасқа толмаған жігіттің (А.С.Есенжолов) басына құлаған. Соның салдарынан Есенжолов алған дене жарақатына байланысты Ақмола облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, есін жимастан жантәсілім етті.

Сот А.В. Балабановтың әркетін ҚР ҚК-нің 101 бабы, 1 бөлімі бойынша (абайсызда кісі өлтіру) қарастырды. Соттың үкімімен А.В. Балабанов қоныс-колонияда жазасын өтеумен 2 жылға сотталды.

А.В.Балабанов сот үрдісінің барысында марқұм болған жігіттің әкесі С.К.Есенжоловқа 985 803 теңге мөлшерінде материалдық шығынды өтеді. Сондай-ақ сот С.К.Есенжоловтың 5 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу жөнінде арызын ішінара қанағанаттандырды. А.В.Балабановтан С.К.Есенжоловтың пайдасына 1 500 000 теңге өндіруге қаулы шығарды.