Әбілахат Есбаевтың әш кеші өтеді

АЛМАТЫ. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда наурыздың 27-сі күні Республика сарайында Әбілахат Есбаевтың ән кеші өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шараны әйгілі сазгердің 85 жылдығына орай Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясы ұйымдастырып отыр. Әбілахат Ысмағұлұлы 1925 жылы қарашаның 21-інде Қостанай облысының Амангелді ауданында дүниеге келіп, 1976 жылы мамырдың 10-ында Алматыда дүниеден өткен болатын.

Ә. Есбаев ұстазы А.Сапақовтың өлеңіне жазылған «Туған ел» деп аталатын ең алғашқы туындысын 1942 жылы 17 жасында өмірге әкелді. 1951-1953 жылдары Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясы) жоғары білім алған Әбілахат негізінен ән, романс, хор, баллада жанрларында шығармалар жазды. Оның «Аққуым», «Ақ сәуле», «Әлі есімде», «Батырбала Болатбек», «Бейбітшілік сақталады», «Жайық қызы», «Жастар мерекесі», «Жылқышы», «Қайдасыңдар, достарым», «Қыз қуу», «Маржан қыз», «Орамал», «Ортеке», «Сағыныш екен бала кез», «Шофер келді қырманға», «Ұстазым менің, ұстазым» және тағы басқа әндері халыққа кең тараған. Әйгілі сазгер сондай-ақ, С.Адамбековтің «Күн мен көлеңке», Ә.Тәжібаевтың «Той боларда», Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» қойылымдарына және И.Байзақовтың поэмасы бойынша жасалған радиоқойылымға музыка жазды. Өз өмірінде 200-ге жуық ән жазған Әбілахат Есбаев Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сияқты замандастарымен бірге қайтыс болғаннан кейін ғана ҚР Композиторлар одағына мүшелікке қабылданды.