«Онсыз да мұңға толы жүрегімді шерге толтырып, сіз де мәңгілік сапарыңызға аттанып барасыз. Шығармашылығыңызбен алғаш танысқан күннен бастап сіз менің рухани ұстазыма айналып едіңіз. "Шыңырау", "Бәйгеторы", "Ханша дария хикаясы", "Аңыздың ақыры", "Құсқанаты" шығармаларыңыз әдебиетімізді биік белеске көтеріп тастаған, көркем прозамызға жаңа жол салған қайталанбас туындылар еді. Мен сізбен бірнеше мәрте сырласу бақытына ие болдым. Сонда сіздің данышпандығыңызға, тереңдігіңізге, білімділігіңізге, қарапайымдылығыңызға сүйсініп, талай дүниенің сырына қанығып едім. Осыдан бірнеше жыл бұрын жол түсіп, үйіңізге барып, сізбен сөйлескенімде: - Әбіш, аға! Сіз осы қызметке не үшін бардыңыз, Соншама уақытыңызды қор қылдыңыз. Егер бүкіл ғұмырыңызды шығармашылыққа арнағанда сіздің қаламыңыздан Толстойдың ұлы дүниелеріне пара-пар ұлы романдар туар еді, - деп сұрағанмын. Сонда сіз: -Мені Толстоймен салыстыруға болмайды ғой. Өйткені ол басқа елдерге тырнағын батыра бастаған империялық мемлекетте дүниеге келді. Ал, мен нағыз шығармашылықпен айналысатын уақытта, еліміз тәуелсіздік алды. Мемлекеттігімізді нығайту үшін талай жұмыс істер атқару керек болды. Әлі де оңды-солын айырып үлгермеген еліме пайдамды тигізу үшін қаламгерлікті қойып, қайраткерлікпен айналысуға тура келді, - деп шешіліп біраз сыр ақтарған едіңіз. Сіздің ел үшін істеген ерен еңбегіңізді халқыңыз еш уақытта да ұмытпайды. Қош болыңыз, Әбіш аға!», деп жазады сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы.