Ғалымның айтуынша, Әбекең ұлтымызға ес, сыртымызға сес еді. Еліміз Әбекең сияқты алыптарымен еңселі еді, Әбекеңдей асыл азаматтарымен арлы еді. Әбекеңдей жұмыр жерді жүрегіне сыйдырып, адамзаттың ақыл-ой қазынасын көкірек көзінен өткізген абыз тұлғаларымен парасатты еді. Осындай аяулы тұлғасынан айрылу қара орман халқымыздың арқасына аяздай батып тұр.
«Десек те, қазақтың алтын құрсақты аналары Әбекеңдей асыл ұлдарды дүниеге әкелмей тұрмас-ау. Алайда, Әбекеңнің орны әрқашанда бөлек, әрқашанда дара, ерекше білініп тұрмақ. Қалың қазақ ақыл-ойға сусағанда, тереңдік іздеп сабылғанда, тығырыққа тіреліп, дағдарғанда, биіктік көксеп, көкке ұмтылғанда, таңғы шықтай таза, даладай кең тыныс аңсағанда Әбекеңнің артында қалған телегей-теңіз мұрасы кітаптарына - «Елең алаңына», «Үркеріне», «Шыңырауына», «Күйшісіне», «Ханша дария хикаясына» қайта-қайта айналып соқпақ. Өзекті өртейтін өкініш, қабырға қайыстырар ауыр қаза...», - дейді академик Өмірзақ Айтбайұлы.
«Қара ормандай қалың жұртымызға, Әбекеңнің отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Әбекеңнің алды - пейіш, арты - кеніш болсын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», - деп түйіндеді ол.