Әбу-Дабиде дәстүрлі түйелер фестивалі ашылды

АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірлігінде, Әбу-Дабиге жақын жерде ашылған дәстүрлі түйелер фестиваліне Парсы шығанағындағы барлық елдерден 28 мыңнан астам ойсылқара тұқымдары қатысуда,

деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

Түйе араб елдеріндегі ең қадірлі жануарлардың бірі. Жаһандық дағдарысқа қарамастан фестивальдің жүлделік қоры қомақты - 42 миллион дирхам (11 миллионнан астам доллар). Фестиваль аясында түйе жарыстары өтеді, олардың жеңімпаздары 1 миллион дирхам жүлдеге қоса «Ниссан-Сафари» қымбат көліктеріне ие болады.

Фестивал аясында сондай-ақ «сұлулық» конкурсы, ойсылқараның сұлулығын жырлаған үздік өлеңдердің конкурсы, т.б. іс-шаралар ұйымдастырылады.

«Бәдәуилер мерекесінің» аясында аукцион өтіп, онда конкурс жеңімпаздары миллиондаған долларға сатылуға шығарылады.

Араб тілінде «түйе» мен «сұлулық» сөздері бір түбірден тарайды. «Жамал» сөзінің бірінші буынына екпін түссе, ол «түйе» сөзі де, екпін екінші буынға түссе «сұлулық» сөзі болады.