«Елбасының ойтолғамы есіме қызық оқиғаны түсірді. 1995 жылы еді, 12 жасар баламын. Өзім туып-өскен Көкалат ауылының кітапханасынан қалтаға сиып кететін кішкентай кітапша алдым. Шынын айтсам, кітаптың мазмұны емес, ерекше көлемі қызықтырған еді. Ол Н.Назарбаевтың Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі екен. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылыпты. Ойын баласы Президент пайымын қайдан зерделей алсын, бірақ «біз кезінде Абайдың таптық идеологияның табанында тапталып қалмағанына тәубә дедік» дегенге саятын сөйлемдері ойымда қалыпты. Одан бері ширек ғасыр өтті, заман, әлем өзгерді», - дейді ақын.
Абылай Маудановтың айтуынша, Абай – адам өмірінің әр кезінде құбылыс болып еніп тұратын құдірет. Тәуелсіздік тарихының бастауында тұрған Елбасы адамзат алыбын қай қырынан, қалай таныды деп, мақаланы қызығушылықпен оқып шыққан.
«Тарих талқысы қызық. Абайға дейінгі заманға зер салсақ, ат жалын тартып мінген қилы замандарда өмір сүрген жыраулардың арқа сүйеген, сөз арнаған елтұтқасы болыпты. Әріде Тоныкөктің кемеңгер Білге қағаны, беріде құтты қоныс іздеген Асан қайғының Жәнібек ханы, мұнан соң көмекей әулие Бұқардың Абылай ханы, тіпті одан да кейініректе Нысанбай жыраудың Кенесарысы үлгісінде ел басшысы мен данагөй сөз иесі арасындағы қарым-қатынас ұлт тарихында Ұлы даланың әсем жарастығының айғағындай із қалдырыпты. Ал Абайдың маңдай тіреп, ой бөлісетін, назын айтатын алдияр ханы болған жоқ» деген жолдар кім-кімді де бей-жай қалдырмаса керек. Абай қанша күңіренсе де оптимист болды, болашақтан күдер үзген жоқ. Ұлы ақын армандаған дербестік қолымызға тиді. Енді бас-басымызға би болмай, елдікті сақтау жолында еңбек ету парыз», - дейді А.Мауданов.
Ақын сөзіне сүйенсек, Абай мұрасы сөрелерде тұратын кітап немесе әдебиетші, тіл мамандары, өнертанушылар, философ, ғалымдар шұғылданатын ғылым саласы ғана емес. Ол – қарапайым тұрмыс-тіршілігімізден бастап, өмірімізді түгел қамтитын ауқымды кеңістік. Елдігіміздің негізгі мақсат-мұраты Абай өсиетімен өзектес өрілгенін Елбасы ашып айтып беріп отыр.
«Бұл – ұлыны мойындау, ұлылықты мойындау, екі дәуірде өмір сүрген алыптардың ойының бір нүктеде тоғысуы деп білемін. «Әлем тарихына үңілсең, ру мен ру, тайпа мен тайпа, одан әрі ұлт пен ұлт, содан соң мемлекет пен мемлекет арасындағы ірілі-ұсақты кикілжіңнің көбінің ар жағында Адам Ата мен Хауа Анадан тараған жұмыр басты, екі аяқты пенделердің бірін-бірі тегіне, түріне, тіліне, яғни нәсіліне қарап жатырқауы жасырынып жататын кездер жиі ұшырасады. Дініне қарай бөліну індеті де сұмдық зардаптарға ұрындырған. Абай айтқан осындай «алты бақан алауыздықтың» салдарынан талай жұрт өзара қырқыса жүріп, жер бетінен біржола жойылып кеткені мәлім» - деп ескертеді Елбасы. Менің ойымда Абай – Ұлы даланың батыры. Оның ерлігі – барша надандыққа қарсы тұрды, мыңмен жалғыз алысты. Рулық дәуірде руластарын сынап, қарсы шығып, «адамзаттың бәрін сүй, бауырым» дейтін кемелдікке жетті. Ендеше, біз де руға, жерге, дінге бөлінуді қойып, елдік, адамгершілік мұраттарға ұмтылуымыз керек. Абай аманаты дегеніміз сол. Елбасы мақаласынан соны ұқтым», - деп түйді Абылай Мауданов.