***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Премьер-Министр Серік Ахметов кеше Үкімет үйінде Қазақстанның машина жасаушылар одағы мүшелерімен кездесіп, арнайы кеңес өткізді. Кездесуде машина жасау саласының бүгіні мен келешегі, жалпы даму қарқыны талқыланды. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Раудың мәліметінше, елімізде ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл салада өндірілген өнім көлемі 367 млрд. теңгені құрады. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 5 млрд. АҚШ долларына дейін жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ, А.Рау елімізде машина жасау үлесі қайта өңдеу өнеркәсібінде артып отырғанын айтып өтті. Мәселен, 2013 жылдың қаңтар-маусым айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, бұл салада өнім 2 пайызға артып, 13,2 пайызды құраған. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында 45 дизельді локомотив шығарылып, өнім көлемі 1,6 есеге өскен, ал автокөлік өндірісі 2,2 есеге көбейіп, 16 мыңнан асып түскен, мұнай-газ машиналарын жасау 31 пайызға, тау-кен машиналары 12 пайызға артқан.
Осы гезетте «Ақтөбе - бірінші кезеңнің үздігі» деген мақала берілген. «Жексенбі күні футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті туры өтті.Командалар Премьер-лигада 22 ойын өткізіп, бірінші кезеңді аяқтады. Әзірге 22 турдан кейін «Ақтөбе» командасы турнир кестесінде көш бастап келеді. Осы турда команда 47 ұпаймен екінші орындағы «Астанадан» артық 6 ұпай жинап, бірінші кезеңнің үздігі болып танылды. Бұл кездесуге Владимир Никитенко негізгі құрамды шығарған жоқ. Команданың негізгі құрамы Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінің екінші матчына дайындалуда. Осы турда «Астана» өз алаңында «Тобылды» 2:1 есебімен ұтты. Нөсербаев пен Нұрдәулетовтің голдары арқасында «Астананың» бірінші айналымдағы соққан доптары саны 35-ке жетті. Қазір ол осы кезеңде ең көп соққан команда болып отыр. Ал «Ақтөбе» ең аз гол жіберген команда. Қазірге дейін Сидельников бар-жоғы 12 гол жіберіпті»,-деп жазады мақала авторы. 22 турда «Атырау» «Таразды» 3:1 есебімен жеңді. Талдықорғанда «Жетісу» мен Алматының «Қайраты» 0:0 есебімен тең тарқасты. Павлодарда «Ертіс» Шымкенттің «Ордабасысын» 2:0 етіп ұтты.
Енді командалар екінші кезеңде 1-6 және 7-12 орындар алған клубтар болып бір-бірімен тағы кездеседі. Осы кезеңде алғашқы алтылық өзара жүлделі орындарға таласса, жетіден төмен орын алғандар келесі маусымда Премьер-лигада қалу үшін күш сынасады. Ашығын айту керек, қазір голландиялық Арно Пайперс жаттықтыратын «Тараз» бен «Ақжайықтың» жағдайы мәз емес. Олар 11 және 12 орындарда тұр.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Абылайхан ауылы неге «Щучье» деп аталуы керек?» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Осыдан үш жыл бұрын бір топ мәжілісмендер Петропавл қаласына Қызылжар деген тарихи атын қайтару туралы ұсыныс жасаған еді. Ол аяқсыз қалды. Ал осы көктемде Қазақстан Журналистер одағының басшысы Сейітқазы Матаев Павлодарды - Сәтбаев, Өскеменді - Қонаев, Семейді - Абай деп өзгертсек қалай болады, деген ой тастады. Енді тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Қадыржан Әбуов Щучинск қаласының атын Абылайхан деп өзгерту керек деп орынды ұсыныс жасап отыр. Онамастика заңына сәйкес, қала, ауыл көше аттарын өзгертуге сол жердің тұрғындары атсалысып, талқыға салуы керек. Бұдан бірнеше жыл бұрын «Щучинский» деп аталатын аудан аты Бурабай болып өзгертілді, ал оның орталығы әлі Щучинск болып аталады. Бір кездерде осы маңдағы суларда шортан көп болғанға ұқсайды, бірақ оның атымен қаланы атау ыңғайсыз. Профессор Әбуовтың ұсынысы көңілге қонады. Бурабайда Әбілмансұр (үш жүздің басын қосқан Абылай хан) ордасы елу жылдай тұрды. «Осы өңірде оның ұрпақтары Қасымхан, Кенесары, Наурызбайлар туып-өсті. Атақты Қанай би осы жерде отырды. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтар - осы өлкенің тумалары. Сондықтан Бурабай жерінің әрбір тасы қазақтың тарихымен тығыз байланысып жатыр. Мұндай жер жәннатын жыртқыш балықтың атымен қорламай, Абылай сияқты тарихи тұлғаның атымен аталса жарасып кетпей ме?»,-деп жазады газет.
Осы басылымдағы «Көкейдегі сауал» айдарында «Протон» ұшыруды қалай тоқтатамыз?» деген мәселе көтеріліп отыр. Смағұл Елубаев, жазушы:
- Қазақ халқына Семей полигоны мен Байқоңыр ғарыш айлағындай зияны тиген ештеңе жоқ. Бұл екеуі де қызыл империяның әскери жобалары еді. Құдайға шүкір, Елбасының арқасында адамзатқа у шашып келген Семей полигоны жабылды. Бірақ Байқоңырды жаба алмадық. Неге десең, «өркениет үшін керек» дедік. Бірақ оның пайдасынан зияны басым болып тұр. «Протон» зымыраны бір емес, бірнеше мәрте құлады. Топырақ бұзылды, су уланды, сол маңдағы халық ауруға ұшырау үстінде. Сондықтан осы мәселені жоғары деңгейде шешетін кез келді. Өйткені жердің амандығын, адамның денсаулығын ойлайтын кез жетті. Ғарыш айлағынсыз да өмір сүруге болады. Көштен қалып жатқан елді көрген жоқпын. Гептил уының зәрі кем дегенде 25-30 жылда әрең кететін көрінеді. Сондықтан сондай белгілі бір мерзімге мораторий жариялау керек те болар.
Камал Бұрханов, Мәжіліс депутаты:
- Ресей Ғарыш басшысының айтқандары өте орынсыз әңгіме. Қай мемлекетке болсын, халқының денсаулығы бірінші орында тұрады. Бізде де солай. Жақында Қызылорда облысының біраз жерін аралап келдік. Сонда жұрттың бізге қоятын негізі сұрағы осы -«Протон» мәселесі. Көп нәрсе естідік, көрдік дегендей. Жалпы, күзде депутаттар жиналған соң, осы салаға жақын құзырлы мекемелер басшыларын шақыра отырып, Байқоңырдан ұшатын ғарыш зымырандары жөнінде үлкен әңгіме жасамақпыз. Бәлкім, зымырандардың жанар-жағар майларын адамзатқа зиянды емес, түрлерімен алмастыру жөнінде Ресейге талап қою керек болар. Тіпті, мүлдем «Протон» сынды зымырандарды тоқтату керек болар. Өйткені елдің амандығын бірінші орынға қоюымыз керек.
***
«Астана ақшамы» газетінде «Сарқыт салғырттықты көтермейді» деген мақала берілген. Кеше елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин тұрғындарды тамақтан уланудың алдын алуға шықырды. Тұтынушыларды сапасыз өнімдерден қорғау мақсатында мемлекеттік санитарлық -эпидемиологиялық қадағалау органдары маусым-шілде айларында базарларда, ірі сауда орындарда, жәрмеңкелерде акциялар өткізген. Нәтижесінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне зертханалық зерттеу жүргізілді. Көбінесе қарбыз бен қауын қауіп тудырады екен. Осыған байланысты Ж. Бекшин мырза рұқсат етілмеген орындардан бақша өнімдерін сатып алмауды, өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттың болуын талап ету керектігін ескертті.