Адал дәрігер болудан асқан бақыт жоқ - А.Өмірбаев, БҚО (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Өз мамандығыңа өмір бойы адал болып, елге қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Бұл туралы қазіргі кезде Орал қаласында тұратын еңбек ардагері, дәрігерлер әулетінің басшысы Арманда Өмірбаев мәлім етті.

Өзінің айтуынша, Арманда 1940 жылы қазіргі Сырым ауданы Елтай ауылдық округінде өмір есігін ашқан екен. Оның есімінің Арманда деп аталуының ерекше сыры бар. Әкесі Тайыр Өмірбаев әскерге алынғанда, іште қалған сәбиінің атын өзім қоямын деп аманат етеді. Бұл шыр етіп түскеннен кейін анасы Ақерке бір-екі айдан кейін суретке түсіріп, оны майдандағы жарына жібереді. Сонда әкесі Тайыр: «Мен осы соғыстан қайтпай, арманда кететін болармын», деп «Ұлымның аты Арманда болсын», деп кері хат жазады. Шынында да әуелі фин, кейін Ұлы Отан соғысына қатысқан Тайыр Өмірбаев ақыры хабарсыз кетеді. Сөйтіп әкесінің бет-бейнесі есінде қалмаған Арманда ел қатарлы ер жетеді. 1957 жылы Жымпиты орта мектебін бітіргеннен кейін Сталин атындағы колхозда (қазіргі Қособа ауылы) екі жыл еңбек етеді. Осылай жүре берер ме еді, екінші әкесі, майдангер Жайлыбай Тасболатов «Колхозда өзім де бармын ғой, дәрігердің жоқтығы халыққа қиын», деп мұны қоярда-қоймай оқуға жібереді. 1959 жылы Ақтөбе медицина институтына түсіп, оны дәрігер-терапевт мамандығы бойынша бітіріп, 1965 жылы елге оралады. Және жалғыз келмейді. Қазталов ауданында туып-өсіп, өзімен бірге білім алған Ұштап Имашеваны қара шаңыраққа келін етіп түсіреді. Кардиолог-маман да ауылға, әрине, керек еді. Жымпиты аудандық ауруханасында дәрігер-терапевт ретінде еңбек жолын бастаған А.Өмірбаев іскерлігімен танылып, бір жылдан кейін бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. 1970 жылдан аудандық аурухананың бас дәрігері болса, 1977 жылдан 1998 жылға дейін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансаға басшылық етеді. Содан кейін Оралға ауысып, облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасында жоғары санатты дәрігер-эпидемиолог қызметін 2010 жылға дейін атқарды. Тәжірибелі де білікті дәрігер күні бүгін де қызметтен қала қойған жоқ. Кезінде өзінің алдынан өткен көп шәкіртінің бірі Ерғали Оразовтың шақыруымен «БатысАвиГип» ЖШС-да еңбек етіп жүр. Үнемі тазалықты қадағалап, жұқпалы аурулармен күрес шараларын жүргізгендіктен болар, мұнда да осы жұмыстарды бақылайды, ақыл-кеңесін береді, дәріс оқиды. «БатысАвиГип» ЖШС-да жыл сайын төрт мыңдай адам медициналық бақылаудан өтеді. Яғни балабақша, мектеп, тамақтандыру орындары және басқа жерлерде еңбек ететіндер жұқпалы аурулардан сау болуы тиіс. Кейбіреулер өзін саумын деп есептегенімен, науқас болып шығуы мүмкін. Сондықтан бәрін де қадағалап отыруға тура келеді.

Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен және сайлау жұмыстарына белсене қатысқаны үшін Елбасы алғысымен марапатталған Арманда Өмірбаевтың дәрігерлік қызмет атқарғанына биыл жарты ғасыр толғалы отырса, зайыбы, кардиолог Ұштаптың 33 жыл еңбек өтілі бар. Кезінде аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарған ол да - жоғары санатты дәрігер, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі.

Өмірдің талай өткелдерінен абыроймен өткен А.Өмірбаев ұлы Ақтілектің де дәрігер болуын қалады. Әке кеңесін жерге тастамаған Ақтілек 1983-1989 жылдары сол Ақтөбеде білім алып, кардиолог болып оралды. Ақтау қаласынан келіп, институтта бірге оқыған Алма Махмұтованы өзіне жар етті. Сонымен, бала-келіні де медицина саласында жемісті еңбек етуде. Ақтілек 1991 жылдан кардиолог қызметін атқарса, 2003 жылдан бері - облыстық кардиологиялық орталық директоры. Қазіргі таңда 300-ден астам адам еңбек ететін орталық қызметі қазіргі заманғы өскелең талаптарға сай. Кардиолог Алма Өтелбекқызы да осы орталықта функционалды диагностика және УДЗ кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарады.

«Қазіргі кез бен кеңес дәуіріндегі жағдай, әрине, салыстыруға келмейді, арасы жер мен көктей. Елбасымыздың қолдауымен тәуелсіздік жылдары көптеген денсаулық сақтау нысандары іске қосылды, алынып жатқан заманауи жабдықтар қаншама. Дәрігерлердің алды шетелдерде оқып, білім-білігін жетілдіріп келіп жатыр. Осының бәрі біздің еліміздің өсіп-өркендегенін, соның ішінде денсаулық сақтау ісінің де қарыштап дамығандығын көрсетеді», деп түйіндеді ойын Арманда Өмірбаев.

Айта кетейік, Өмірбаевтар әулетінің жалпы дәрігерлік еңбек өтілі 136 жылға жуықтайды.