Адам өз денсаулығы үшін ең алдымен өзі жауапты болуы керек

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат  - Адами әлеуетті дамыту арқылы өмір сүру сапасын жоғары деңгейге көтеру - алдына ұлы мақсаттар қоя білетін ел үшін аса маңызды. Бұл ретте адами әлеуеттің дең­гейін арттырудың ма­ңыз­ды бағыты медицина­лық қызмет көр­се­ту­дің қолжетім­ді­лі­гі мен сапасын арттыру болып табылатыны сөзсіз. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде денсаулық сақтау саласын жан-жақты қолдау жүзеге асып келеді.

Нәтижесі де жаман емес, денсаулық сақтау жүйесі са­палы дамып, халық ден­саулығының көр­сет­кіштері жақсара түсті. Мәліметтерге сүйенсек, бала туу өсіп, өмір сүру ұзақ­тығы ұлғайған. Сонымен қатар, ұлт денсаулығының салауаттылығын одан сайын дамыту мақсатында елімізде арнайы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданған болатын. Өткен бір жыл ішіндегі жетістіктер мен алдағы міндеттер туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баяндап берді.

Министрдің айтуынша, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы Елбасының барлық тапсырмалары көрсетілген денсаулық сақтаудың қолжетімді, сапалы, әлеуметтік-бағдарланған және экономикалық тиімді жүйесін дамытуға бағытталған қажетті шаралардың жиынтығын айқындады. «Елбасының алға қойған міндеттеріне сәйкес біз өз қызметімізді басымды түрде халықтың өлім-жітімі мен мүгедектіктің негізгі себептерінің алдын алуға топтастырдық. Алған қойған міндеттерді шешу үшін ДДҰ, Дүниежүзілік банк, ЮНИСЕФ, БҰҰӨӨ секілді халықаралық ұйымдардың және басқа да үйлестірілген ұйымдардың ресурстары жұмылдырылды. Бастапқы буын қызметінің профилактикалық бағыттылығын іске асыру мақсатында республикада 201 денсаулықты нығайту орталығы, 87 темекіге қарсы орталық, 44 жастар денсаулық орталығы, 2501 денсаулық мектебі жұмыс істеуде», - дейді министр. Оның айтуынша, республика аумағын қамтыған Ұлттық скринингтік бағдарлама енгізіліп, бұл шамамен 7 млн. адамды қамтыса, оның ішінде 1,2 млн. адамда аурулар дер уағында анықталды. Ал  шалғайдағы өңірлерде ауыл тұрғындарына арналған жылжымалы медициналық кешендер базасында 150 мыңнан аса адамды тексеріп-қаралса, 170-ке жуық зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүзеге асыпты.

Тоқтала кететін жайт, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кірігуге ұмтылатын мемелкеттер үшін қойылатын талапты көрсеткіштердің болатыны айқын. Оның ішінде ана мен бала өлім-жітімі, қан айналым жүйесінің аурулары, онкологиялық аурулар, туберкулез және жарақат алу салдарынан болатын ауруларды төмендету еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өз баяндамасында министр Салидат Қайырбекова да осы мәселеге баса назар аударған болатын. Оның айтуынша, қан айналымы жүйесінің ауруларынан өлім-жітімді төмендету бойынша жүйелі шаралар қабылданғанның арқасында бұл көрсеткіш соңғы жылдары  20 пайызға төмендеген. Жүрек-қан тамыр ауруларын емдеуде озық технологиялар енгізілудің арқасында,  2011 жыл ішінде жүрекке 8 мыңнан астам операция, оның ішінде 6,5 мың жүрекке ашық операция жасалған. Елбасының тапсырмасы бойынша Астана қаласында әлемдік деңгейдегі Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығы ашылып, онда 600-ден астам кардиохирургиялық операция жасалыпты. 8 инсульт орталығы ашылған.

Ерекше атап өтерлігі, 2011 жылы алғаш рет Қазақстанда Ұлттық ғылыми медициналық және Кардиохирургиялық орталықтардың базасында жасанды жүректің сол жақ қарыншасын ауыстырып қондыру операциялары жасалыпты. «Егер 2011 жылы 8 операция жасалса, 2012 жылы 30-дан астам операция жасау күтілуде. Осындай бір операцияның құны шамамен 44 млн. теңге тұрады. Қазақстан - кеңестік дәуірден кейінгі кезеңде осындай бірегей операция жасалған жалғыз ел. Бұған дейін ол ең дамыған әлемнің 22 еліне жасалған. Бұл ретте операцияға ақы төлеу республикалық бюджеттен жүзеге асырылды», - дейді министр.

Бәсекеге қабілеттіліктің денсаулық сақтау саласындағы тағы бір маңызды көрсеткіші -  Ана мен бала өлім-жітімін төмендету. Осы мақсатта Республикалық штаб құрылған. Профилактикалық тексеру аясында 1 млн. 20 мың әйел мен 4 млн. 200 мың бала қамтылды. «Кеңестік дәуірден кейінгі кезеңде біз тұңғыш рет балаларды өкпе қабынуын қоздыру инфекциясына қарсы вакцинациялауға кірістік. Бүгінгі күні еліміздің 4 өңірінде вакцинацияның бұл түрімен 260 мыңнан астам бала қамтылған. 2015 жылға дейін балаларды вакцинациялау бүкіл республика бойынша кезең-кезеңмен жүргізілетін болады», - дейді С. Қайырбекова. Оның сөзіне қарағанда елімізде жаңа туған нәрестелер хирургиясының қызметі белсенді дамуда. Осындай кешенді шаралар еліміздегі ана өлімі көрсеткішін 1,5 есеге, нәрестелер өлімін 9,9 пайызға төмендетуге мүмкіндік берген.

Ал онкологиялық аурулардың алдын алуға келетін болсақ, осы бағыттағы қызметті жақсарту шеңберінде қатерлі ісіктерді ерте анықтауға барынша мән беріліп келеді. «Нысаналы топтарға профилактикалық тексеріп-қараулар жүргізілді. Диагностикалау және емдеудің ілгері әдістері пайдаланылды. Нәтижесінде, республикада қатерлі ісіктен өлім-жітім көрсеткішінің 8,3 пайызға төмендеу үрдісі бар. Бұл ретте айта кетерлігі, елімізде онкологиялық қызметті жаңарту қажеттілігі келіп жетті. Сондықтан  біз осы жылы Елбасының Жолдауын ерекше  рухпен қарсы алдық, онда онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасын әзірлеуге және Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру туралы тапсырмасы берілді», - дейді ведомство басшысы.

Жалпы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың біржылдық алдын ала қорытындысы бойынша бала туу 0,2 пайызға өскенін, жалпы өлім-жітімнің 2,3  пайызға төмендегенін көрсеткен. «Біз «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бірінші жылын аяқтадық, яғни барлық бағыттар бойынша жүйелі жұмыс енді басталуда. Ал ағымдағы  2012 жылға негізгі міндеті бойынша біз  өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға, ана мен бала өлім-жітімін төмендету, сондай-ақ негізгі әлеуметтік мәні бар ауруларды төмендетуге бағытталған шараларды қабылдауға барынша мән береміз. Оның ішінде саламатты өмір салтын қалыптастыру, инфекциялық емес ауруларды профилактикалау және онымен күрес жандана түсетін болады», - дейді министр.

Ал Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауында жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың өз денсаулығына ынтымақты жауапкершілік тетіктерін енгізуді қолға алмақшы. Бұл ретте министрден, әкімдерден, жұмыс берушілерден, азаматтан бастап ерлі-зайыптыларға дейін денсаулық сақтауға деген жауапкершілік нормалары нақты айқын көрсетілетін болады. Министрдің пайымынша, мұндай нормаларды қабылдамай, азаматтардың өз денсаулығына барынша көңіл бөлу мәдениетін сіңіру оңайға соқпақ емес.

«Мысалы, Қазақстанда жүргізілген зерттеулерден көріп отырғанымыздай, бізде халықтың 80  пайызға жуығы дене шынықтыру мен спортпен айналыспайды, халықтың 30 пайызы алкоголь және темекіні тұтынады, дененің артық салмақ ауруымен халықтың 35 пайызы  зардап шегуде. Мемлекет басшысы өз сөзінде айтып өткендей, ауырудың пайдасы жоқ екенін халық түсіну тиіс», - дейді министр.

Расында да дәл осы мәселені өткен жолғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та көтерген болатын. Онда Президент: «Адам науқастану оның өзіне тиімсіз екенін түсінуі керек. Бізде денсаулық сақтау ісі тегін, бірақ, бүгінде зейнетақы қорларында жа­салып жатқандай, болашақ - ме­дицинадағы сақтандыруда. Адам­ның өзі, оған жұмыс беруші және мемлекет жауапкершілікте бо­ла­ды. Адамның денсаулығы не­ғұр­лым нашар болса, ол со­ғұрлым аз сақтандырылады, не­ғұр­лым жақ­сы болса, сақтандыру сомасы да соғұрлым көп болмақ. Қазір адамдар жақсы медици­налық қызмет көрсетілетін емдеу мекемелерін таңдайды. Олар бұл мәселені анық­тап алды, енді одан әрі қозғалу қажет», - дей келе,  әкімдерге халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорт­тық инфрақұрылымдардың қол­же­тім­ділігін кеңейту туралы мәселені шешуді тапсырған еді.

Расында қазір Қазақстанда, оның ішінде халық көп шоғырланған қалаларда спорттық ғимараттар баршылық. Астана мен Алматының өзінде бірқатар жоғары деңгейлі нысандар ашылды. Алайда мұның бәрі халыққа қолжетімді ме? Кез келген азамат өзі тұратын ауданында қандай да бір спорттың түрімен айналысуы үшін қолайлылық қаралған ба? Мінеки, мәселенің осы жағына барынша мән берген орынды секілді. Яғни саламатты өмір салтын жақындату үшін адамдардың спортпен айналысуына барынша жағдай қамтылса игі.