Адам саудасы: Қазақстандықтар Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алаяқтық орталықтарына қалай тап болады

АСТАНА. KAZINFORM - Жоғары жалақы, тегін жол ақысы, кеңседегі жұмыс. Әлеуметтік желілердегі осындай жарнамаларға сеніп, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне аттанған қазақстандықтар кейін алаяқтық орталықтарында еркінен тыс жұмыс істеуге мәжбүр болады. Мәселен, Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, биыл жарты жылдың ішінде Мьянма, Камбоджа және Лаостан 17 Қазақстан азаматы қайтарылған. Мұндай оқиғалар бүгінде жекелеген жағдай емес, халықаралық деңгейде алаңдаушылық туғызған үрдіске айналып отыр.

Коллаж: Kazinform/Pixabay/Eleos.com.ua

Әлеуметтік желідегі жалған жұмыс жарнамасы адам саудасының құралына қалай айналды? Онлайн-алаяқтық орталықтарына адамдар қандай жолмен түседі және Қазақстанда бұл қауіп қаншалықты өзекті? 30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні қарсаңында Kazinform тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Әлем назарын аудартқан жаңа қылмыстық индустрия

Бұл мәселе соңғы жылдары халықаралық ұйымдардың ғана емес, әлемдік БАҚ-тың да басты тақырыптарының біріне айналды. 2026 жылы Reuters агенттігінің Мьянмадағы алаяқтық орталықтары туралы «Scammed into Scamming» арнайы мультимедиялық зерттеуі Пулитцер сыйлығының финалистері қатарына енді. Зерттеу жалған жұмысқа алданып шетелге барғандардың құжатынан айырылып, интернет арқылы алаяқтық жасауға мәжбүр болатынын ашып көрсетті.

БҰҰ мен Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) бағалауынша, мұндай алаяқтық орталықтарына 80-нен астам елдің азаматтары тартылған. Ал Мьянма, Камбоджа және Лаоста олардың саны 300 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Құрбандар арасында Азия, Еуропа, Африка елдерімен қатар Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтары да бар екені айтылады.

Фото: pixabay.com

БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) мұндай жабық орталықтарды scam compounds деп атайды. Бұл – адамдарды жалған жұмыс ұсынысымен шетелге апарып, кейін құжаттарын тартып алып, интернет-алаяқтық жасауға мәжбүрлейтін орындар. Ұйым мұны адам саудасының ең жылдам таралып жатқан түрлерінің бірі деп бағалайды.

Осы қауіптің ауқымына байланысты БҰҰ биылғы Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күнін «Trapped Behind the Scam» («Алаяқтық артындағы тұзақ») тақырыбымен өткізіп отыр. Ұйым алғаш рет онлайн-алаяқтық орталықтарындағы адам саудасын жаһандық ақпараттық науқанның негізгі тақырыбына айналдырды.

Бұл тұзаққа қазақстандықтар да түсіп жатыр

Мұндай адам саудасының жаңа схемасы елімізді де айналып өткен жоқ. Соңғы жылдары әлеуметтік желідегі жалақысы жоғары шетелдегі жұмыс туралы жарнамаға сеніп, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алаяқтық орталықтарына тап болған қазақстандықтар саны аз емес.
Сыртқы істер министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабына сәйкес, 2022 жылдан бері Мьянма, Камбоджа және Лаостан 66 Қазақстан азаматы елге қайтарылған. Оның ішінде биылғы 20 мамырдағы жағдай бойынша министрлік пен елшіліктер 17 азаматтың елге оралуына ықпал еткен.

Ведомствоның мәліметінше, олардың басым бөлігі әлеуметтік желілердегі жалған жұмыс жарнамаларына алданып қалған. Онда жоғары жалақы, кеңседегі жеңіл жұмыс, тегін жол ақысы мен тегін тұратын үй-жай уәде етіледі. Алайда шетелге барған соң азаматтар қылмыстық топтардың қолына түсіп, интернет-алаяқтықпен айналысуға мәжбүрленеді.

Мәселен, көмек сұрағандардың басым бөлігі Мьянма, Лаос және Камбоджаның жекелеген өңірлерінде еркінен тыс еңбекке жегілген.
– Мұндай схемаларда Таиланд, ал кей жағдайда Вьетнам транзиттік мемлекет ретінде пайдаланылады, - делінген ҚР СІМ мәліметінде.
Осыған байланысты ведомство азаматтарға шетелде жұмысқа орналасу туралы ұсыныстарды мұқият тексеруге, тек сенімді жұмыс берушілер мен делдалдардың қызметіне жүгінуге, жеке құжаттарын бөгде адамдарға бермеуге және шетелге шығар алдында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға кеңес берді.

Фото: csglobalpartners.com

Қандай адамдар алдануға бейім келеді

Осы тұста алаяқтардың арбауына кімдер жиі ұшырайды деген сауал туындайды. ІІМ мәліметінше, адам саудасы қаупіне көбіне әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар тап болады.

– Олардың қатарында туыстарымен байланысын жоғалтқан адамдар, тұрақты тұрғылықты жері жоқ азаматтар, толық емес немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан жасөспірімдер бар. Сондай-ақ заңсыз еңбек мигранттары да осындай алаяқтардың тұзағына тез түсіп қалады, - делінген хабарламада.

Ведомство мұны ақпараттың жеткіліксіздігімен, құқықтық сауаттың төмендігімен, әлеуметтік осалдықпен, арзан жұмыс күшіне сұраныстың жоғары болуымен және интернеттің ықпалымен байланыстырып отыр. Бұған қоса, жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылу да адам саудагерлерінің арбауына түсудің негізгі себептерінің бірі екенін еске салып өтті.

Дегенмен, министрліктің хабарлауынша, мұндай қылмыс түрі шетелде көбейгенімен, Қазақстан аумағында адамдарды онлайн-алаяқтық жасауға мәжбүрлеу фактілері тіркелмеген.

Қазақстан адам саудасына қарсы заңнаманы қалай күшейтіп жатыр

Адам саудасының жаңа схемаларының пайда болуы заңнаманы да қайта қарауды талап етіп отыр. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанның Қылмыстық кодексінде қанаудың барлық түрі үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Олардың қатарында мәжбүрлі еңбекке тарту, сексуалдық құлдыққа жегу, қайыр сұратуға немесе құқық бұзушылық жасауға мәжбүрлеу бар.

Бұдан бөлек адам саудасына қарсы күресті күшейту мақсатында 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда алғаш рет «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» арнайы заң қабылданды. Құжатта адам саудасына қатысты ұғымдар халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Сонымен қоса мемлекеттік органдардың құзыреті айқындалды. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың рөлі, адам саудасы құрбандарының құқықтары, оларды анықтау және көмек көрсету тетіктері, тәуекелдерді бағалау тәртібі мен халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық негіздері бекітілген.

Фото: ҚР ІІМ

Заңнамалық өзгерістер нәтижесінде адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсетуге тартқаны, осы мақсаттағы жеңгетайлықпен айналысқаны, мұндай қызметтерді насихаттап немесе жарнамалағаны, сондай-ақ интернет арқылы притон ұйымдастырып, жеңгетайлық жасағаны үшін де қылмыстық жауаптылық енгізілді.

ІІМ мәліметінше, биыл осы жаңа қылмыс санаттары бойынша 10 іс тіркелген.

– Адам саудасының алдын алу жұмыстары заңнамамен ғана шектелмейді. Қазір елімізде 2024–2026 жылдарға арналған адам саудасына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі Үкіметтің іс-шаралар жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар Ішкі істер министрлік пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Ведомствоаралық комиссия осы бағыттағы жұмысты үйлестіріп жатыр, - делінген хабарламада.

Адам саудасы құрбандарына көмек көрсету ісіне үкіметтік емес ұйымдар да тартылған. Олар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.

Министрліктің мәліметінше, алдағы кезеңде адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің өзара іс-қимылын күшейту, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту, цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар арқылы адамдарды заңсыз тартатын трансұлттық қылмыстық топтарды анықтау және олардың қызметін тоқтату жұмыстары жалғасады.