Әдебиет - құмырада өсетін гүл емес - түрік жазушысы Харун Токак

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Жазушылар одағы мен Халықаралық «Диалог Еуразия» Платформасының ұйымдастыруымен «Сәулелі сөздің шуағы» деп аталатын қос кітаптың тұсаукесері өтеді.

 Бұл шара  ақын Нұрлан Оразалиннің түрік тіліндегі «Yanık Yürek» (Қоздағы шоқ) атты жыр жинағының Түркияда жарық көруіне және түрік жазушысы Харун Токактың «Олар таңның атуын күте алмады» атты әңгі­мелер жинағының қазақ тілінде басылып шығуына арналады. Бұл қос туындыны жазушы-аудармашы, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мәлік Отарбаев тәржімалаған.
Осы әдеби шараға орай «Айқын» газетінде жарық көрген түрік жазушысы Харун Токакпен сұхбатты  ұсынамыз.

«Кітабымның атауы - Елбасының сөзі»

«Олар таңның атуын күте ал­мады» деген қазақша шыққан кітабым алдымен орыс тілінде, Беларусь Жазушылар одағы та­рапынан басылған. Кітаптың атауы тікелей Қазақстанға байла­нысты. Соған қарамастан, дәл осы атаумен алғаш орыс тілінде шық­ты. Ал қазақ тіліндегісі - шетелде басылған екінші кітабым. Бауыр­лас елде осындай кітаптың шығуы адамға ерекше бір шуақты сезім сыйлайды. Алыстан бір сағыныс­қан туған бауырымды тапқандай сезімде отырмын.
«Олар таңның атуын күте ал­мады» деген кітаптың атауы - Қа­зақ­стан Республикасы Прези­денті­нің айтқан сөзі. 1999 жылы Түркияның сол кездегі прези­-
денті Сүлеймен Демирелдің аты­нан Қазақстан Президентіне хат пен арнайы сыйлық тапсыру мақ­сатында Астанаға келдік. Ақор­дада бізді қабылдаған Президент Н.Назарбаев: «Қазақ елі алғаш тә­уелсіздігін жариялағанда ең бі­рін­ші болып Тұрғыт Өзал: «Бауы­рым-ау, біз қуанғаннан таңның атуын күте алмадық, Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып таны­ғанымызды бүкіл әлемге жария­ладық» деп түн ішінде телефон соқты» деді. Шынтуайтына кел­ген­де, Түркия мен Қазақстан арасындағы бүгінгі терең ынты­мақ­тастық пен бауырмалдық - екі ел басшыларының арқасы. Осы­лайша «Таңның атуын күте алма­ды» деген тіркес үлкен филосо­фиялық ұғымға айналып, әрі әң­гімеме, әрі кітаптың атауына арқау болды.
Кітаптарымды шетелдерде бас­тыру жоспарымда жоқ және басылып жатқандарына еш қа­тысым жоқ. Қазақша таңдама­-
лы әңгімелерімнің шығуына Жа­зушылар одағының төрағасы Н.Оразалин ағамыз ықпал етіп, Мәдениет және ақпарат министр­лігінің арнайы бағдарламасымен басылды. Украинаның түркология институтының мамандары «әңгі­ме­леріңізді украин тіліне аударып жатырмыз» деп хабарласты. Т­ә­жікстан президентінің кеңесшісі Нәдір Әлиев деген үлкен академик «Арал» деген әңгімемді тәжік ті­ліне аударуға ұсыныс жасады. Менің әңгімелерім Түркияда әр дүйсенбіде радиода оқылады. Ра­диодан тыңдаған бір кісі «Мұндай әңгімелер бүгінде рухани дағда­рыстағы Батыс адамына ауадай қажет, ағылшын тіліне аударсақ» деп ұсыныс айтты. Осылайша ағайындар ұнатып, әңгімелерімді шығаруға өздері мұрындық болып отыр.

«Біз неге үмітсіздікті жырлауымыз керек?»

Журналистер маған «Неліктен құрбан болған қайғылы адамдар өмірін көбірек жазасыз?» деп сұ­рақ қоюда. Менің әдебиеттегі не­гізгі ұстанымым - ғасырлардың қанды қасіретінен сабақ ала оты-
рып, келешекке үміт жібін жалғау. Біз өткеннен дәріс ала оты­рып, бейбіт өмірді қалыптас­ты­руға ұмтылуымыз керек. Бұл, өз сенімім бойынша, әдебиет арқылы жүзеге асады. Әлбетте Орталық Азия­-
ның мықты қалыптасқан дәс­түр­-
лі әде­биеті бар. Шыңғыс Айт­матов­тан бастап біраз жазушы­ларды оқып шықтым. Әттеген-айы, сол шы­ғармалардың дені үмітсіздікке не­гізделген. Мәселен, айтулы «Ақ кеменің» өзінде бала­ның өзін суға тастауы секілді үміт­сіздік бар. Керісінше, біз келешек ұрпақ­тың кеудесіне үміт отын ұялататын ой тастауымыз керек емес пе?! Неге біз үмітсіздікті жыр­лауымыз ке­рек? Адамзат мә­дениетінің қа­лыптасуында Ор­талық Азияның рөлі өте үлкен. Келешектің алтын ұрпағы да осы жерден шығатынына сенімім кәміл. Ал ондай ұрпақ шығу үшін біз оларды үнемі әде­биет арқылы сілкіндіріп, үміт отын жанып оты­руымыз қажет. Менің әңгі­мелерім­нің рухы да осында.
Әңгімелерімнің сюжеті - ойдан шығарылған емес, өмірден ойып алынған оқиғалар. Қызмет бабы­мен дүниенің біраз елін аралауыма тура келеді. Мәселен, осы бір ай-
дың ішінде Африкада да, Еуропа­ның біраз елінде де болдым. Осын­дай сапарларда кейбір сюжеттер алдымнан өзі шығады. Кейбір сю­жеттерді артынан қуалауға тура келеді. Дегенмен ол сюжеттердің бәрі өмірде нақты болған оқиға­лар. Ешуақытта өз басым ойдан, қиялдан туындатып жазбаймын. Әлбетте әдеби нормаға сәйкес бо­лу үшін белгілі бір дәрежеде көр­кемдік бояу қосасың. Деген­мен сөз-сөйлемдерді қаз-қалпын­да сақтауға тырысамын. Мәселен, бір қалада бойжеткен жарылғыш затты жармақшы болады. Оны қос қызын жетектеген бір әйел байқап қалып, әлгі жарылғыш затты кеу­десімен жауып, мерт болады. Га­зетке шыққан осы ақпараттың негізінде «бір әңгіме жазып берсе­ңіз» деген бір журналдан ұсыныс түсті. Ары ойланып, бері ойланып, әңгіме шығара алмадым. Содан бір күні әлгі оқиға болған қалаға бір жиынға барып қалдым. Қонақ­үйден көшеге көз жүгіртсем, қар­сыдағы үйдің терезесінен бір ана: «Әй, Қадыр балам, кеш болды ғой, үйге кірмейсің бе?» деп айқай сал­ды. Дәл осы сөз әңгіменің түйініне арқау болды. Яғни «ойнап жүрген әлгі екі қыздың кеш батқанда үйі­не шақыратын анасы жоқ». Кейін жетім қалған екі қызды тауып алып, «қайтыс болған аналарыңа бір хат жазып бересіңдер ме?» де­дім. Олар келісіп, «Анама хат» жа­зып берді. Осы хат әңгімемнің негізгі арқауы болды.
Енді әңгімені қысқа жазуыма келсек. Мен Түркияның белді басылымының бірі - «Йени Ша­фак» газетінің тұрақты жазарма­нымын. Әр жексенбіде бір эссе беріп тұрамын. Газеттің «жеті мың әріптен аспасын» деген қатаң та­лабы бар. Мен осы тәртіпті сақ­таймын. Әлбетте әңгіме жазған соң еркін көсілгің де келеді. Деген­мен сол газеттің өзінде «мынау ұзақ әңгіме ғой» деп шағымдана­тын кейбір оқырмандар бар. Ал керісінше радио тыңдармандары арасынан «енді ғана елтіп келе жатыр едік, тез бітіп қалды» деп хабарласып жатады.
Марқұм жазушы Немат Келім­бетовтің «Үміт үзгім келмейді» деген кітабы түрік тілінде шықты. Тұсаукесеріне қатыстым. Мен өзімді кейде осы Немат ағама ұқ­сатамын. Бұл кісі негізінен ғалым адам, кейін мәжбүрліктен жазушы болған. Мен де ұзақ жылдар мұғалімдік қызметпен айналысып, жазуды кеш бастаған адаммын. Иавуз деген Түркияның үлкен әдебиетші ұстаз ақыны бар. Сол кісінің Орта Азияға арналған «Түр­кістан! Түркістан!» деген жыр жинағы бар. Сол ақсақал «Харун бей, мен сені сотқа берем. Сен неге менің үлкен салама кірдің? Сен әрбір хикаяң арқылы мені жылатуға қандай қақың бар?» деді. Түріктің үлкен әдебиетші ақса­қалы осындай жылы лебіз білдір­геннен кейін менің жазуға деген сенімім орнады. Қолжазбама әлгі ақсақал редактор болып, алғысөз жазды. Бұл кісі Қазақстанға мені­мен бірге келіп, ертеңгі шараға қа­тысқалы отыр.
Таралым жөнінде. Кітаптарым түрік тілінде 150 мың таралымға дейін басылды. Түркия тұрғысынан қарағанда бұл өте аз таралым. Яғни кітаптың оқылмайтынын көрсетеді.
Қазақ әдебиеті жөнінде айтсам, кезінде қиналған, қыспаққа түскен кезеңнің әдебиеті шырқау шыңға шыққан. Қалай Тәуелсіздікке қол жетіп, былайша айтқанда, қарын тоя бастаған шақтағы әдебиетте марғаулық бар. Түркияның өзінде де алғаш тәуелсіздік алған кезде шыққан Яхия Кемал, Акиф Ерсой сынды «әдебиет жаратушылары­ның» деңгейіне жететін жазушы бүгінде жоқ. Олардың қалдырған мұралары - бүгінгі әдебиетшілер үшін үлкен арман. Қазақстанның да әдеби ахуалы дәл сол сияқты. Яғни Тәуелсіздікке дейінгі әдебиет шырқау биікте тұр да, бүгінгі әде­биет етекте қалған. Мұның себебі, өз ойымша, Кеңес Одағы кезінде әдебиет үлкен идеология құралы болды, оған саяси мән берілді. Би­ліктің сойылын соққан жазу­шы­ларды көтерді де, ұлттың сойы­лын соққан жазушыларды кеуде­сінен кері итерді. Бұл өз кезегінде рухшыл күрескерлікті тудырды да, содан әдебиет дамыды. Қазіргі әдебиетте мамыражай, жайба­рақаттық, жалқаулық байқалады. Жазушы шабыт алу үшін әлемді шарлап, өзге мәдениеттерді көруі керек. Әдебиет - құмырада өсетін гүл емес. Әдебиет - қырда өсетін гүл. Оған жел, керек болса дауыл керек. Сонда ол мығым болып өседі.


Өмірдерек
Жазушы, қоғам қай­рат­кері Харун Токак 1955 жылы Ушак уәлиятында дүниеге келген.
Измир Докуз Эйлүл университетінің Жоға­ры Ислам институтын тамамдаған. Түркия Респуб­ликасының Ұлттық Білім министрлігінде қызмет атқарған. Түркия Республикасы Ұлттық Білім министр­лігінде және Түркия Республикасының Үкіметінде кеңесші болып қызмет атқарған.
1997- 2008 жылдар аралығында «Журналистер мен жазу­шылар қауымдастығының» төрағасы болды. Қауымдас­тықтың аясында халықтар арасындағы татулықты, мәде­ниеттер арасындағы сұхбатты нығайту мақсатында «Мәде­ниеттер арасындағы диалог платформасы», «Диалог Еуразия плат­формасы», «Абант платформасы» сынды интеллек­туалды ұйым­дардың дүниеге келуіне мұрындық болды.
Бүгінде И.Ортайлы, Ш.Айтматов, Ш.Мұртаза, О.Сү­лейменов, Ә.Кекілбаев, Н.Оразалин, М.Шаханов, Р.Рыбаков, Анар, Б.Мариан, Г.Аласания сынды Еуразия аймағының зиялы қауым өкілдері құрған «Диалог Еуразия» платфор­масының тең төрағасы болып қызмет етуде.