Үндеместің айтпағанын айтты деп, бір сөзінен он жол құрап, жаныңды қинасаң, пысықайдың айтқанынының ішінен қайсысын жазсам екен деп, екшей алмай басың қатады. Бір жағынан әңгіме өткен қысқа ғана аралықта кез келген тұлғаны тани бастайсың. Бүкіл бет-бейнесін беру мүмкін емес, дегенмен адамды танудың жүзден тоқсан пайызы осы алғашқы әсерлерден басталады. Сәтті сұхбат бере аларлық адам әлгі екі типтің арасынан шығатыны түсінікті. Бүгінгі біздің үш сағатқа созылған ұзақ та мәнді әңгімеміздің иесі осындай адам.
Ол - 39 жасында профессор болған, қазіргі таңда академик. Ол - бірінші халықаралық мемлекеттік университеттің негізін қалаушы. Ол химия өндірісі бойынша әлемді мойындатқан әдістің авторы. Ол - талай шәкірттің ұстазы. Ол - Мұрат Жұрынұлы Жұрынов. Ғалымдық пен қайраткерлікті ұштастырған тұлға .
Әңгіме арғы-бергіні шолудан өрбіді. Он баланың ішінен тірі қалған үш баланың бірі. Жұқпалы ауру тарап, бір жылдың ішінде жеті баланы алып кеткенде, бір ұл, екі қызы ғана аман қалған әулетте, балалығы соғыс салған қиыншылыққа тап келген бүгінгі академик Жұрынов бала Мұраттың бейнесіне тоқталғанда сол бір ауыртпалығы мол кезеңнің бет-бейнесін қамти отырып ұзақ әңгімеледі.
- Мектепті бітіргеннен кейін теміржолшы болғым келді. 59-шы жылы Қазақстан территориясындағы теміржолдарды біріктіріп, Қазақ теміржолы құрылып жатты. Ұлттық кадрлар керек деп мектепте (Арыс қаласындағы теміржол мектебі) жақсы оқыған бес баланы іріктеп алып, оқытпақ болды. Ол кезде Қазақстанда теміржол мамандығын оқытатын орын жоқ, Москваға, Ленинградқа жіберуді ұйғарды.
Бірақ, ол оқудан қалып қалған көрінеді. Дәл сол жылы мектеп директоры ауысып кетіп, жаңа келген кісі алысқа аттанбақ бес баланың жайынан хабарсыз, мектеп бітіріп отырған бес оқушының аттестатын бермей, колхоздың жұмысына алып кеткен көрінеді.
- Қазір ойлаймын, неткен жаны ашымайтын адамдар. Жас жеткіншек оқу оқып, алысқа барып, ел көріп, жер көрсін деп жағдай жасаудың орнына он бес күн жұмысқа жегіп қойғанына таң қалам... Әлгі балалар амал жоқ, әр тарапқа кеттік. Мен Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтына түстім.
«Ғылымға келу жолы» деуші ме едік? Бүгінгі ел таныған академиктің ғылымға аяқ басуына себепкер болған ауыл адамдарының самарқаулығы екендігіне кім сене қойсын...
- Қызық, институтты бітірген соң, міндетті түрде ауылға оралам, әке-шешемнің қасында болам деп ойлайтынмын. Алматыға, одан ары Москваға бару туралы ойлап жүрген ешкім жоқ. Қалай болғанда да, диплом алып, ауылға қайту... Міне, біз қалай тәрбиелегенбіз. Бірақ, кейін сол институтта оқытушы болдық, одан соң Москваның Менделеев атындағы химия-технология институның аспирантурасында оқып, ғылым кандидаты болдық. Бірінші баламыз сонда туылды. Одан қайтадан Шымкентке оралып, сонда қызмет еттік.
Бұдан ары елге белгілі белестер мен белдерді асу жолы басталады. Нәтижесін бүгін көріп отырсыз, оның бәрін тәптіштеп жату артық. Теміржолдан - ғылымға бару жолының алғашқы адымдарын шолып шыққанымыз деп қабылдаңыз. Бұдан арғы бағыт - ғылыми, саяси ортада қоғамға белсене араласқан, қайраткерлік пен зерттеушілікті ұштастырған еңбекқор жігіттің өсу, толысу жылдарына жетелейді.
- Орыстың отары болған кез бар, одан кейінгі тым батысшыл болып кеткеніміз тағы бар, ұлттық құндылықтарымыз жайынан мақтанарлық кепте емеспіз. Советтің саясатының бел ортасында жүрген адам ретінде айтыңызшы, балаларыңызға қандай тәрбие бердіңіз?
- Құдайға шүкір, үш ұлым, төрт немерем бар. Үлкен немерем Гонгконкта оқып жатыр. Сол бала-шағаның қасында өкіметтің жұмысын істеп жүріп жатқан жай бар. Тәубе. Өзім ауылдың, қазақи тәрбие көріп өскендіктен, соны балаларыма да беруге тырыстым. Үлкен ұлым Мәлік пен ортаншы ұлым Мүсіреп үйдің жанында орыс мектебі болғандықтан орысша біле қойсын деп, орыс мектебіне бердім. Бірақ, қазақшаға судай болды. Ол кезде кемпір-шал бар ауылда, жаздай сонда болады. Қарағандыға барғанда үшінші ұлым мектепке барды. Ол кезде әке-шешем бақилық болған. Бұған қазақшаны кім үйретеді? Өскен ортасы, уақытының басым бөлігі мектепте өтсе, орысша қалыптасып кету қаупі туды. Осы оймен Қарағандыдағы қазақша мектеп-интернатына бердім. Бүкіл бір қалада жалғыз қазақ мектебі. Қалының шетінде. Апару, алып келудің өзі үлкен мәселе. Бірақ, бәріміз жабылып жүріп, шыдадық. Тіл, ұлт мәселесіне қай кезде де қырағы болуға тырыстым.
- Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қойған заман деп жүрміз ғой. Ұлтқа қатысты сөйлесең тіліңді басыңмен қосып кесіп тастауға бар өктем ел үкіметінің аясында қызмет етіп жүріп, осындай принциптеріңіз үшін таяқ жеген кездеріңіз көп болды ма?
- 1989 жылы әр жерде «Қазақ тілі» қоғамы құрыла бастады. Қарағандының бес ауданының бірінде «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып сайландым. Тіл мәселесін қолдап жүрсем де, төраға болуға ұмтылған емеспін. Менің мамандығым химик, тіл маманынан сайланса жөн ғой. Кандидатурам ұсынылып жатқанда мен бас тарттым. Бірақ, алдынғы ағаларымыз көнбеді. Әлгі 86-жылғы көтерілістен соң, партия тарапынан қазақтар қудалауға ұшырай бастады. Ана органда қазақ көп екен, мына жерде қазақ көп істейді екен деп, көптеген қазақтарды республика бойынша қызметінен қудырды. Сол кезде Қарағандыға Москвадан арнайы шыққан комиссия университетті тексере келе мені шақырып алды да: «Өзіңіз Москвада оқыпсыз, сол жақта оқып кандидат болдыңыз, кейін соның арқасында доктор болдыңыз. Енді қараңыз, Қарағанды облысында қазақтардың саны 16 пайыз, Қарағанды қаласында 9 пайыз, сіз басқарып отырған институтта 63 пайыз. Сіз соншама қазақты қайдан алдыңыз?» - деді. Мен: «Қазақтардың саны бәленше пайыздан аспасын деген заң бар ма? Қай жерде жазылған, көрсетіңізші», - дедім. Ондай заң жоқ қой. Сосын қатты-қатты сөйлей бастады. «Сізді Совет үкіметі тәрбиеледі, доктор қылды, қызмет берді. Сіздің істеп отырғаныңыз мынау», - деп. Қарағандыда көмір өндірісінің институты болды. Басшысы орыс еді, бір де бір қазақты жұмысқа алмайтын. Соны айттым. Соның директорын неге шақырмайсыз, нағыз шовинист сол, бір қазақты алмайды деймін ғой. Мені ұстай алмайтындарын сезді. Кетті. Тыныш кеткен жоқ, тапсырма беріп кетіпті. Об.комның ғылым-білім бөлімінен күнде хабарласады. «Проценттік көрсеткішті қашан қалпына келтіресіз?» - дейді. «Ешқандай қалпына келтіру болмайды. Маған қазақтар қызметтен азайтылсын деген қағаз, қаулы әкеліңдер», - деймін. Әкеле алмайтынын білем. Біраз ырғастық. Ақыры айттым: «Біз ғылыми жобамен жұмыс істейміз, егер мен оларды қызметтен шығарып тастасам, әлгі жобаны кім аяқтайды?» - деп. Өстіп жүріп, бір қазаққа тигізген жоқпыз. Бірақ, осыдан бастап менің соңыма түсті бұлар. Телефоным тыңдалады. Оны сол кезде сонда істейтін бір қазақ жігіт айтып жіберіпті. Абай болсын дейді ғой. Сөйтіп, біраз күніміз қудалауда, қадағалауда өткені бар. Сайлаушылар осыны айтып, тіл қоғамына төраға етіп сайлады. Сонда тоғыз орыс мектебіне қазақ класын аштырдық. Сонда менің таң қалатыным, менің айтқаныма көнбей, класс аштыруға келіспей, ең көп қарсыласқан бір қазақ келіншек болды. Қазақ! Бір орыс мектебінің директоры. Сондағы ойы қазақ класын ашпасам, орыстардың алдында абыройым көтеріледі деген сорлылық. Бірақ, біз аштық. Кейіннен (Тәуелсіздік алған соң) шықты ғой небір мықтылар, тіл деп, ұлт деп ұрандап. Ал, сол кезде солардың көбі-ақ бұғып қалды. Санаулы азамттар жүрді басын бәйгеге тігіп, телефоны тыңдалып, ізі аңду астында... Әр жиналыс сайын атымыз аталады, партияның тапсырмасын орындамайды, адал емес деп... Мен солардың арасында болғаныма бақыттымын.
- Сұрақтан сұрақ туады, қазақ - қазақ болып қалу үшін өткеннен не алу керек, неден арылу керек? Бүгіннен ше?
- Өткеннен алатынымыз көп. Руды бөліну үшін емес, бірігу үшін пайдалану керек. Бабамыз да сол мақсатта ру белгілеген. Жеті атаға жетпей қыз алмау... Жәрмеңкеге сауда жасау үшін ғана емес, құда болу үшін де баратын болған. Орыстар ғой бізді рулық бөлінуге жеткізген. Қазақты көшпенді деуге қарсымын. Көшпенді деп сығандарды, араб бәдәуилерін айтуға болады, - қай жерде қарны тойса, сол жерде жата кететін. Ал, біздің ел ешқашан ата-бабасының зиратын тастап кетпеген. Белгілі бір террриторияны айналып қоныстанып жүрген елді көшпенді деуге келмейді. Ата-бабаң жатқан жер, аруақ деген ұғымдар біздің ұлт үшін мемлекеттік дәрежедегі киелі дүние болған. Діни мәселені абайлау керек. Қазақтың соншама уақыт елдігін жоғалтпай тұруы - діннің арқасы. Қазір ана жақтан, мына жақтан оқып келіп жатқандар көп, бірақ, біздің салтымызбен, дүниетанымымызбен ұштастыра алмаса, ол өте қауіпті. Қазір террористер тәрбиелеудің құралы болып жатқан да осы дін ғой. Бабалар салып кеткен діннің де өзіндік негізі бар. Содан айрылмауға тиіспіз. Яссауи салған ілім мен мектептің негізінде бізде дін тез тарады. Соны қайта қарап шығып, жандандыру керекпіз.
Мен Москвада жүргенімде, менімен бірге Иваново қаласынан бір жігіт оқыды. Сол үйіне шақырды. «Орыстың нағыз деревнясын көрсетем десең барам», - дедім. Тіршілігін көргім келді. Шалдарының әңгімесін тыңдағым келді. Сол кезде байқағаным, екі шал әңгімелеседі: «Ой, Петрович, помнишь, у этого Сергеича были, какой самогон а? Какая закуска а?!» - дейді. Соның төңірегінде... Қазақта ондай әңгіме айтылмайды. Қазақ ешқашан тамақты әңгіме қылмаған. Қазақтың әңгімешіл шалдары қандай! Баяғыда әкеме еріп барып тыңдайтынбыз. «Баяғыда Бәленше деген би болған екен...» деп басталатын әңгімелері не тұрады. Қазақ ұрпағын осылай тәрбиелеген. Соны жаңғыртуға тиіспіз. Қазақтың әңгімешіл шалдарын сағынам...
- Кітап оқисыз ба деп қойып қалу орынсыз болар, өзіңіз айтқан мәдениет - тілде көрініс тапқан. Ал, тіл, сөзсіз, халықтың әдебиетінде. Бүгінгі әдеби процессті, өнер саласын қаншалықты бақылап отырасыз?
- Әдебиетті шұқшиып қарап отырам деп айта алмаймын. Оған мүмкіндік аз. Шамам келгенше соңғы жылдары жазылып жатқан шығармалар мен жазып жүрген авторлардың жақсы дегендерін Сер-ағаң (Серік Қирабаев) бар, басқа кісілер бар, сұрап алып, қарап шығатыным болады. Әдебиетті, қазақтың классикалық шығармаларын оқымай - қазақтың жанын түсінем деу - көлгірлік болады. Газет-журналдарды тұрақты шолып отырам. Кино, театр төңірегіндегі жаңалықтарды қағыс қалдырмауға тырысам. Ұлттық дүниелер жасалып жатыр бүгінде. Әрине, кемшіліксіз болмайды, дегенмен, ертеңнен үлкен үміт бар.
- Сіздің зерттеушілігіңіз бен басшылығыңыз нәтижесінде химия ғылымында әлем ғалымдары мойындаған Баешов-Жұрынов әдісі дүниеге келді. Сол әдіс химия өнеркәсібінде қаншалықты айналымға енді?
- Қазір ғылыми жаңалықтар совет кезіндегідей өндіріске еніп жатқан жоқ. Оның себебі қазір ғылыми лаборотория мен өндірістің арасындағы көпір бұзылды. Қазақстанда 50-ге жуық ірі зауыттар тікелей Мәскеуге қарайтын, қаржыландырылатын. Сол зауыттардың жанында тәжірибелік цехтар болатын. Біз сонда барып, ашқан жаңалығымызды өндірісте сынап көріп, дәлелдеп, айналымға енгізетін едік. Осындай шағын цехтар жоқ бүгінде. Жекешелендіру кезінде әркімнің қолында кеткен зауыттардың бүгінгі иелері шетелдік инвесторлар. Біз жаңағы айтқан катализаторды қытайлықтарға саттық. Жарты миллион долларға.
- Бұл салыстырмалы түрде арзан ба, қымбат па?
- Арзан. Қымбаттау сатуға да болатын. Бірақ, осы бағаға сатқанымыз біз үшін тиімді болды. Себебі, оны жабдықтау керек, анау керек, мынау керек дегендей... Американың, Ресейдің ғалымдары жасаған катализаторлардың ішінен біздікін таңдап алды. Бұл біздің жаңалығымыздың, әдісіміздің тиімділігін көрсетеді. Осыны мен Шымкенттегі зауыттың директорына ұсындым. Тегін берейін, ісіңе жарат деп. Ол қуанып кетті. Бірақ, Канададағы зауыттың иелері келіспепті. Өзіміз берген құрылғылармен, әдістермен ғана жұмыс істейсің деген. Көрдіңіз бе, өзінікі әлсіз болса да, өзгенікін алмайды.
- Өндіріс алдынғы орынға шығады деген сөз ғой бұл?
- Иә. Бүгінде солай болып тұр. Тіпті, нарықтық экономикаға алғаш аяқ басқан кездерде кейбіреулер «бізге ғылымның түкке керегі жоқ» деп ұрандауға дейін жеткен. Бұл - нарықтық экономикада бәрін сатып алуға болады деген сауатсыз көзқарастан туған ұшқары қағида. Өз кезегінде ондай көзқарас ғылымға үлкен зиянын тигізді. Әй, сол сатып алу үшін де ғылым керек қой. Қайсысының тауары мықты екенін ажыратып берер отандық ғалым болмаса, тәжірибе болмаса қайдан аласың? Жалпы айтқанда, ғылымсыз өндіріс жоқ. Бейнелеп айтсақ, барлық уақытта ғылым өндірісті жаңартып, алға тартып жүруге тиіс. Сонда ғана өндіріс дамиды. Жаңа айтқан бұзылған көпірді қалпына келтіру мәселесімен шұғылданып жатырмыз қазір. Кедендік одаққа мүше болып үлгеріп, бүкіләлемдік сауда ұйымына қосылудың қарсаңында тұрған қазіргі уақытта заманауи ғылым арқылы жаңа технологияға қол жеткізбесек, өндірісің далада қалады. Бәсекелестікте жеңіске жеткізер жол біреу ғана - жаңалық ашу, жаңарып отыру. Ал, ол жол тек ғылым арқылы келеді.
- Ғылымның керегі жоқ деген әлгі пікірге ұқсас, бүгінде Ресей өкіметі Ғылым академиясын керек қылмайды, тіпті, құтыла алмай отыр деген пікірлерді естіп қаламыз. Әлемдік ғылыми ұйымдар, ұлттық академиялар дейміз бе, көбіне үкіметтен тыс, өз алдына дербес, біздің өлшеммен алсақ түрлі дәрежедегі қоғамдық бірлестік болып жұмыс істейді. Ал, біздің ҰҒА-ның мемлекеттік болғаны жөн бе, жеке ұйым болғаны тиімді ме?
- Ғылым мен білім үкіметтің қолдауынсыз дамымайды. Ғылымның жаңалығы қолданысқа бірден еніп кетпейді. Мысалы, бүгінгі ойлап тапқан әдісің немесе техникаң енді бір он жылдан соң айналымға енуі мүмкін. Міне, ғылым осындай тауар шығарады. Ал, бүгін мына креслода, ертең басқа бір мекемеде отыратын әкім, күнін санап отырған директор ондай он жылдан соң іске асатын «арманға» бас қатырмайды. Сондықтан, тікелей ғылым академиясы арқылы мемлкеттің өзі қамқорлығына алуға тиіс. Бұл оның бірінші міндеті. Елдің ертеңіне алаңдайтын кез келген үкімет солай істеуге тиіс. ТМД-ның ішінде қоғамдық болып алдымен құрылған жалғыз ҰҒА біздікі. Батыс Еуропаның жолына түстік бірінші болып. Ресей де кейіннен солай құрылды. Амал жоқ құрылды. Бірақ, оларды әлгіндегі айтқандай Ресей үкіметі құрта алмайды. Ғалымдары, ғылыми ортасы өте мықты қалыптасқан, анау-мынауға бой бермейді, үкіметінің өзін кетіріп тынбаса, өздері кете қоймайды. Мәселен, академиясын Түркмения жауып тастады кезінде, қазір қайтадан ашты. Қажеттілігі болғаннан кейін ашып жатыр. Бірақ, қаншама шығынға ұшырап, қиыншылыққа тап болып отыр. Екі жарым жыл жүрді далбасалап. Өйткені, оларда процесс тоқтап қалды. Соны қалпына келтіру үшін әлі қаншама еңбектену керек болады.
Біз Франция ғылым академиясының үлгісін таңдадық. Әрине, олар көп жағдайда бізден артық. Америка, Францияда сіздің академияңыз қоғамдық па, мемлекеттік пе - маңызы жоқ. Бастысы жұмыс істеу керек, қоғамға, өндіріске пайдасы болу керек. Ұлттық академияның негізгі міндеті - мемлекетке ғылымның қандай түрлері тиімді деген мәселелерді анықтап отыру. Қазақстанның экономикасын өсіруге геология, тау-кен, химия өндірісі, металлургия сияқты салалар керек. Ал, вулкандарды, теңіздерді, аралдарды зерттеу деген сықылды сирек кездесетін ғылымдардың бізге не керегі бар? Оған мүмкіндігіміз шектеулі, қаржымыз жеткіліксіз.
- Франция ғылым академиясының артықшылығы жайлы айтып қалдыңыз. Солардың жолын ұстанған екенбіз, сол дәрежеде жұмыс істеуге не кедергі? Қандай шара қолданып жатырсыздар?
- Осы жақында ғана Ғылым академиясының бұрынғы атқарған қызметінің ішінде кейіннен сызылып кеткен маңызды-маңызды деген алты позициясын қайтарып алдық.
- Ең маңызды позиция қайсысы?
- Бәрі маңызды. Ұлттық ғылым туралы жыл сайын ұлттық баяндама жасап тұрамыз. Осыған тұрақты түрде қаржы бөлінетін болады. 8 ғылыми журналымыз бар, 73 мемлекетке тарайтын. Соларды да қаржыландырып отыратын болды. Үшіншісі, ең маңыздысы да сол, біз осы уаққа дейін экспертизаға қатыстырылмай келген едік. Себебі, академия экспертизаға қатысса коррупциялық күштер тырп ете алмай қалар еді. Өйткені, мұнда бастық деген болмайды. Мен президентпін, бірақ, бір де бір шешімді жеке қабылдай алмаймын. Ол үшін президиумның шешімі керек. Президиумда 20 адам отыр. Оның біреуі ректор, біреуі үлкен бір зауыттың директоры, енді бірі елге белгілі үлкен-үлкен ғалым, Сартаев, Қирабаев сияқты. Олар кімнің айтқанын істейді? Дұрыс болмаса, қарсы шығады. Әділ шешім ғана өтеді. Шенеуніктер сол себепті де біздің қолымызға экспертизаны беруге қорқады. Біз олардың түкке тұрғысыз жұмыстарының быт-шытын шығарамыз. Президентке айтып, осыны біздің қолымызға берсеңіз, ғылымдағы жемқорлықты жоямыз деп, қайтарып алдық. Халықаралық деген дардай ат жамап алып өтетін күлкілі симпозиумдарды әркім бір өткізіп жүр бүгінде. Ешкім танымайтын ұсақ-түйек біреулер келіп кетті дегенмен іс біте ме? Біз, ҰҒА шақырмай, үлкен ғалымдар келмейді. Сол ғалымдармен теңдес ғалымдар болмаса, аттап баспайды. Кімге келеді, кімді көру үшін келеді? Керек болса Нобель сыйлығының иегерлерін де келтіре аламыз. Себебі, олар бізге келеді. Ғалым - ғалымға келеді. Кім көрінгенге бара бермейді нағыз ғалым. Одан кейін PhD докторлық диссертациялар қорғалатын болды ғой, сондай атақ беретін 6 диссертациялық кеңес ашатын болдық. Соңғысы ірі тұлғалар атындағы ірі-ірі сыйлықтар мен марапаттар бар еді бұрын. Кейін министрлікке өтіп кеткен. Соны академияға қайтарып алдық. Бұл үлкен жетістік.
- Әскерилерде орыстардың тілімен айтылатын «Генерал - шен емес, - бақыт» деген сөз бар. Ал, академик болудың өлшемі қандай?
- Баяғыда академик болу - бақыт еді. Ең жоғарғы айлық алатын солар болатын. Ақшамен өлшеуге болмайды. Десек те, оны айта кетпей болмайды. Жалпы айтқанда, академик бұл - атақ, бұл - абырой, бұл - құрмет! Манағы Түркменияның академиясының жабылу себебін білесің бе? Сапармұрат Ниязов (сол кездегі ел президенті) өзінің бір жақындарын академиктікке өткіз, сайла деген. Жасырын дауыс арқылы сайлауда, әлгілерге бір де бір дауыс бермей, құлатып жіберіпті (осы жерде мен таңдана бас шайқадым, ол кісі күліп алды) акдемия мүшелері. Қай қоғам, қай мемлекетте де билік ой еркіндігіне қарсы болады. Ал, ғалымдар жүрген жер, зиялы қауым бас қосқан жерде еркіндік болмаса - өте қиын. Мысалы, профессор дәрежесін бергенде «ғылыми жұмысы, тәрбие жұмысы, қоғамдық белсенділігі үшін» деп жазылады. Ал, академик сайланғанда «Ғылыми жұмысы үшін» деп қана жазылады. Көрдіңіз бе, академик болу - нағыз ғылым адамы болу деген сөз. Эйнштейн Германиядан Америкаға қашып кеткенде, Гитлер оны академия мүшелігінен шығару туралы бұйрық берген. Бірақ, неміс академиктерінің бір де бірі Эйнштейнді шығару туралы шешімді қолдап, дауыс бермепті. Міне, академик болу дегеніңіз осы.
- PhD докторантура ғылыми айналымға енгелі көп бола қоймады. Нәтижесі қандай? Салыстырмалы түрде бұрынғы ғылыми жүйеден артықшылығы бар ма?
- Тиімді ештеңесі де жоқ. Ғылымды алға тартатын, ғылымның қара жұмысын істеп, ауыр жүгін көтеретін, алға сүйрейтін - кандидаттар еді. Таң азаннан қара кешке дейін лабороториядан шықпай, зерттеумен айналысатын. Соларды қысқартып тастады. Ал, қазір екі жыл бойы кәдімгі лекция тыңдайды. PhD доктор дәреже емес - өз бетімен ғылыми зерттеу жүргізе алатын адам, яғни ғалым болуға лайық деген мағына береді. Одан ары ол өзін көрсете алу керек. Бір жақсы жері - ғылымға кездейсоқ адамды келтірмейді. Теориялық дайындықпен келеді. Ғылымға беретін үлесі, қалай десек те, бұрынғы кандидаттардан төмен.
- Бүгінгі ғылым адамына заманға сай болу үшін қандай талап қояр едіңіз?
- Қандай заман, қай қоғам болмасын, ең бірінші ғылымның талабы - еңбек. Қиыншылықтың бәріне мойымаған адам ғана бір нәтижеге жетуі мүмкін. Өмірін арнауы керек. Таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 6-ға дейінгі аралықта кеңседе отырумен жұмыс бітпейді. Ұйқысын, тыныштығын, уақытын бөлуге тура келеді.
- Түркістандағы А. Яссауи атындағы қазақ-түрік униветситетінің алғашқы құрушыларының бірі екеніңіз мәлім. Осы оқу ордасының маңызы қаншалықты сіздің өміріңізде?
- Бұл униветситет туралы көп айтам. Себебі, бұл шаңырақтың алғаш қалай құрылғаны, қалай дамығаны, қиыншылығы..., бәрі көз алдымда. Түркістаннан университет ашу президенттің идеясы. Түркістанға дүниежүзінің, әсіресе, түркі әлемінің назарын аудару керек болды. Түркістан деген аттың өзі совет үкіметіне ұнамайтын. Өйткені, сол кезде Америка жасаған карта бойынша Түркістан деген ұғым - бүкіл түркі әлемінің территориясы деген мағына білдірді. Осы кезде Ташкентте Түркістан деген университет құрылғалы жатыр дегенді естіп, түркілердің ортақ тарихи қаласы Түркістан деп, осы қаладан тез арада оқу ордасын ашу керек болды. Оған ректор болып мен тағайындалдым. Екі жыл өткеннен кейін, жағдай қиындап кетті. Совет өкіметі құлады, сомның құны құлдырады, жаңа шығарған ақшамыз айналымға еніп үлгере алмай жатты. Нағыз кризис басталды. Тәртіп ол кетті төмендеп. Жаңадан тәй-тәй басқан университетке жабылып қалу қаупі төнді. Не істеу керек? Сол кездегі Қазақстандағы Американың елшісі У. Кортни мырзаға бардым. Түркістан университетін Қазақ-Америка университеті қылып қайта құру туралы ұсыныс айттым. Бұл ұсыныс оларға ұнағанмен, ақыры ашылмай қалды.
Яссауи үлкен мектеп қалыптастырған адам ғой. Соның ілімі негізінде мектеп қалыптасқан бірден-бір мемлекет ол - Түркия. Осыны негізге алып, Түрік ағайындарға айтпақ болдым әлгі ұсынысты. Түркияда «Заман» қоғамы деген бар. Соның төрағасы Фатуллах, директоры Ильхам Ишбилен деген өкілдеріне жолықтым. Соңы қайыр болып, Түркияның көмегімен жабылудың аз алдында тұрған университет қазақ-түрік университеті болып қайта құрылатын болды. Бір жылымыз келісім-шарт жасаумен кетті. Оларда да бюрократия, ана қағазды толтыру керек, мына қағазға қол қою керек дегендей. Түркі әлеміне ортақ деп ашып жатқан соң, бұл шаңырақ үлкен, кең, әсем болу керек. 300 гектар жер бөлгізіп алдым. Себебі, мұнда шаңды борандар көп болады, сол шаңды алыстан тұтып қалатын бау-бақша керек. Негізі, университетті он, жиырма жыл емес, жүз, екі жүз жыл алға қарай жоспарлап салу керек. Он жылдың ішінде елуге жуық ғимарат салынды. Бәрі Түркияның қаржысына. Сөйтіп, мен ректор болып тұрған кезеңде бұл білім ордасы үлкен мәдени орталыққа айналып үлгерді. Еуропалық деңгейде жұмыс істедік. Айына бір рет студенттермен кездесіп тұратынмын. Оларға ылғи айтып отырам, еркін болыңдар, сұрақтарыңды іркілмей, қысылмай қойып, батыл сын айтып үйреніңдер деп...
- Сізге арнап бюст қойылды. Мұның маңызы қаншалықты?
- А, әлгі Түркістандағы ма? Ол сол жердегі ел-жұрттың қалауымен, өздерінің шешімімен жасалған дүние ғой. Ешкімге өтініш айтып, сөз салған емеспін. Оның маған не керегі бар, бәрі біледі ғой. Бұл - мен ректорлықтан кеткен соң, он жылдан кейін жасалған дүние. Жалпы, тірі адамға көшенің, басқаның атын беріп, мүсін соғу жағы қалай болар екен деп едім, бәріне қойып жатырмыз деген соң, келіскем. Түріктер мұны жасап отырған. Оларда бұл әдеттегі нәрсе. Еңбегі сіңді деп, құрмет көрсеткендері деп қана қабылдадым. Университет аяғына толық тұрғанға дейін, кейде аяғыма керзі етік киіп жүріп, құрылыс алаңдарын аралап жүрген кездерім болған. Соны ұмытпаған елге рахмет. Ал, енді мұны әңгіме қылып, баспасөзге жазып жүрген көреалмаушы бір адамның тірлігі. Мен оны білемін...
- Өмірлік миссияңызды қаншалықты орындадым деп ойлайсыз?
- Яссауи университетінде ректор болып жүрген кезімде көптеген шәкірттер тәрбиеледім. Мәдени орталық ашып, өнерге, спортқа көп көңіл бөлдім. Нәтижесі - Бекзат Саттарханов, Мұхтархан Ділдәбеков сынды даңқты боксшылар алғашқы жаттығуларын сонда өткізді. Сонда оқыды. Үш дүркін чемпион болған қыздар баскетбол командасын ауыл-ауылды аралап жүріп жинағанбыз. Сидней олимпиадасына менің алты студентім барды. Ал, кейбір облыстардан бір де бір спортшы лицензия ала алмаған сол кезде. Білімді сапалы беруге күш салдық. Мықты қыз-жігіттер шықты. Қазір үлкен-үлкен қызмет істеп, елдің алдында жүр.
Осы бір ғұмырымда үлкен бір дүние жасасам деген бала кезгі арманым еді. Сол арманды осы университеттің ашылумен, сол арқылы бүкіл бір қалаға үлкен мәдениет апаруға септігім тигені үшін қуанам. Оған қосымша қазір жер-жерде ашылып жатқан қазақ-түрік лицейлерінің алғашқысы да осы Түркістанда ашылған. Оған да себеп болып, басы-қасында болған мен едім. Түркістандағы 300 гектар жерді қақпасынан кірген бойда басқа бір әлемге тап болады дейтіндей үлкен қалашыққа, мәдени орталыққа айналдыруға маған мүмкіндік беріліпті. Соны пайдалана алдым. Мен үшін одан артық ештеңе жоқ.
- Рахмет! Әңгімелескен: Алмас НҮСІП.