Әдемілік түріңнен көрінеді, қайырымдылық ісіңнен көрінеді - Исламбек Төлеубайұлы

МАТЫ. 3 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Соңғы жылдары түрлі жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылық жұмысымен айналысып жүрген жомарт жандардың саны өсіп келе жатыр. Алайда олардың арасында әзірге мәдениет пен өнер, ғылым мен білім салаларындағы ұлттық жобалардың дамуына атсалысып жүргендер санаулы. Солардың бірі жақында - "Бауыржан" қайырымдылық қорының "Алтын жүрек" ұлттық қоғамдық сыйлығының "Жыл ұйымы" аталымында жеңімпаз атанған "Алтын қыран" компаниялар тобы" ЖШС-і.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын...», демекші, біз компанияның Бас директоры Исламбек Төлеубайұлын әңгімеге тартып, қайырымдылық, жомарттық сынды игі қасиеттер жөніндегі ойларымен, өзінің бастамасымен қолға алынған ұлттық жобалары барысымен және атқарып жатқан бүгінгі істерімен танысу мақсатында аз-кем сұхбаттасқан едік.

- Исламбек Төлеубайұлы, биыл Сіз басқарып отырған "Алтын қыран" компаниялар тобы сауабы мен шарапаты мол істерді атқарып, "Жыл ұйымы" атанды. Бұл орайда, Сіздерді «Алтын жүрек» сыйлығының иегерлері атануларыңызбен құттықтаймын!

«Қайырымды адам деп біреуге жақсылық жасаған адамды емес, ешкімге қиянат жасамаған адамды айтамыз» деген екен Василий Ключевский. Ал, қоғамда кейбір азаматтар қайырымдылықпен халық алдында бедел жинау үшін айналысады деген пікір бар. Сіздің ойыңызша, қайырымдылық деген не?

-Үлкен байлықпен адамға үлкен қайырым бітпейді, керісінше, үлкен қайырымдылық - жинаған байлығыңды абыройлы етеді. Бұл менің өмірлік мектепті көргеннен кейінгі түйгенім. Сіз мысалға келтірген Ключевскиймен де келісуге болатын шығар. Ал менің түсінігімде, қайырымды адам деп өзінің жасап жүргендерінің қайырымдылық екенін білмейтін һәм аңғармайтын адам. Яғни, ол адамның өмір сүру ғадеті тек ізгіліктен тұрады, мейірімділігін ешкімге міндетсінбейді, өзінде барды үнемі өзгелермен бөлісуді қарапайым өмір салтына айналдырған адамдар. Ел ішінде қайырымдылық - тек байыған ат төбеліндей ғана топтың атын шығару үшін айналысатын шаруасы деп қарау қате түсінік. Әдемілік түріңнен көрінеді, қайырымдылық ісіңнен көрінеді. Сондықтан әдемілік сияқты емес, қайырымдылық өзін дәлелдеуді қажет етеді. Егер ол сіздің жүрегіңізде жоқ болса, онда ол істеген ісіңізде де жоқ болады. Материалдық байлық ішкі сұранысымды қанағаттандырып, жаныма ләззат сыйламайтынын түсіндім. Сондықтан ақшам бола тұра, аста төк өмірден о бастан-ақ саналы түрде бас тарттым. Өзімді өзім іздей бастадым. Жасаған қорытындым-қолымда бармен көпшілікпен бөлісу, тағдырдың тауқыметімен ғаріп күн кешкендердің алғысын алу шексіз ләззат сыйлайтынын түсіндім. Қайырымдылық жасаған адам ешқашан кедейленіп қалмайды. «Қолы ашықтың-жолы ашық»-деп атам қазақ бекер айтпаған.

-Кеше ғана өздеріңіздің бастамаларыңызбен, «Уолт Дисней» компаниясы түсірген атышулы «Тачки 2, немесе Көліктер 2» мультфильмі барлық кинотеатрлардан көрсетіліп шықты. Осы туындыны ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударылып, оған көркем дубляж жасалуына 16 миллион теңге қаражат бөлдіңіз. Ірі қаражат бөлген бұл жоба өзін ақтады ма?

-Бұл жоба, шынын айту керек, мен өзім ықтиятты болып, шабыттана кіріскен жоба болды. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына балақайлар үшін тамаша тарту болсын деп, «Болашақ» қауымдастығы, «Меломан» компаниясы мен біздің қор бірігіп «Көліктер-2» голливудтық жобасын қазақ тілінде сөйлетуге бел байладық. Ал анимациялық фильмді ағылшын тілінен қазақ тіліне аударған белгілі ақын Дәурен Берікқажыұлы болатын. Бұл анимациялық жобаның ең бір тартымды тұсы - әлемнің ең танымал мульфилімінің қазақ тілінде сөйлеуі болды. Екінші артықшылығы - қауіпсіздігі. Яғни ата-ана еш қысылмастан, бұл туындыны баласымен бірге емін-еркін көре алады. Жер бетінде 7 мың тіл болса, «Уолт Дисней» компаниясы осыған дейін 38 тілде дубляж жасап келді. Енді оған 39-шы болып қазақ тілі де қосылды. Әрине, бұл анимациялық жобаның таңдалуы тегін емес екенін осыдан-ақ байқауға болатын шығар. Ал ол өзін ақтады ма деген сұраққа келсек, әрине, ол өзін ақтады. Бұл жобаны керемет табыс табу үшін қаржыландырған жоқпын. Мұндағы мақсат, қазақ баласы өзін өзге ұлттан кем сезінбесін. Әлемдік аты шыққан туындыларды өз ана тілінде тамашалауға мүмкіндік алсын деген ниеттен туды. Әрі, бұл мультфильмнің тұсаукесері орысша емес, алдымен қазақша жүруіне ділгір болып, талап қойдық. Уолт Дисней компаниясы ұсынған бұл мультфильмнің тұсаукесері бүкіл әлемде бірінші рет Қазақстанда, қазақ тілінде болды. Бұл да болса - жеңіс. Тілшілер қауымы «Көліктер 2» мультфильмінің сәтті аударылғанын жазып жүр. Әрине, мұндай жобаны жүзеге асыруда алғашқы қарлығаш болғандықтан кем-кетік тұстары болуы да ғажап емес. Бастысы - игі істі бастау.

- «Бал бала» қазақстандық бренді бойынша шығарылған қазақ тілінде сөйлейтін қуыршақтар мен ойыншықтарды қазақ бала бақшаларына таратуға ат салыстыңыз. Болашақта қазақ тілінде сөйлейтін ойыншықтарды өз елімізде өндіруге демеушілік жасау ойыңызда бар ма?

-«Ұланым дейтін елі болмаса, елім дейтін ұланы қайдан болады?» Ұлт өзін толыққанды тәуелсіз сезіну үшін алдымен оның ана тілі есіктің көзінде кіріптар күн кешпеуі тиіс. Оның өскелең жас ұрпағы өз ана тілінде сөйлеуге именіп, жасқаншақтамайтын рух керек. Ал ол рух қайдан пайда болады? Бала ең алғаш қолына алып ойнаған ойыншығы өзге тілде сөйлеп тұрса, бұл рухқа жасалған алғашқы шабуыл емес пе? Рухтың аласаруы сол өзге тілде сайрайтын ойыншықтан басталады. Сондықтан мен қазақ тілінде сөйлейтін ойыншықтарға демеушілік жасадым. Балалар өзінің ойыншығы арқылы қазақ тілін үйренсін дедім. Бұл істің бір парасы ғана. Теңізге тамған тамшы десек болады. Әрине, ойыншықтардың өз елімізде өндірілуін және оның қазақша сөйлеу мәселесін шешіп тастаған жоқпын. Аталған ойыншықтардың Қытайда жасалатынын білемін. Бірақ болашақта бұл ойыншықтардың өз елімізде өндірілуіне ерекше мүдделімін. Алайда менің мүмкіндігім шектеулі. Мен өсіп, дамып келе жатқан кәсіпкермін. Десек те, мен бұл бастаған істен барымды аяп қалмаймын.

- Сізді, ұлттық идеяны қолдайтын жобаларға да ерекше демеушілік жасап жүргеніңізді білеміз. Ұлттық жобаларға бел шеше кірісуге не итермеледі?

«Тойып ішкен не болады асыңыз,

табанында жатса жаттың басыңыз,

сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір:

Қазақстан - қазақ үшін жалғыз ұл;

бодан болып созғаныңша айға қол,

бостандықтың биігінен жайрап өл;

сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір:

Қазақстан - қазақ үшін жалғыз ұл,-деген өлеңді бір жас ақын жатқа оқып бергенде, таң қалдым. Сұрастыра келсем, бұл Сабыр Адай деген ақынның өлеңі екен. Бұл менің ішімде қайнап жатқан ой болатын. Тек менің айта алмағанымды ақын кесек-кесек сөздермен төгілте салыпты. Қайырымдылық отбасынан басталады, бірақ ол отбасымен аяқталып қалмауы керек. Қазір қоғам қазақ тілді және орыс тілді болып ірі екі топқа бөлініп тұр. Ол аз болғандай, христиан, будда дінін айтпай-ақ қояйын, бір мұсылман баласының өзін сыртқы күштер уақаб, сопы, нұршы, ахмадилер деп сан салаға бөліп алып, бір бірімен қырық пышақ етіп ойнап отыр. Ал базбіреулер ұлттық деңгейге көтеріле алмай, рушылдық шоғын көсеуде. Бөлінгенді бөрі жейді. Мен қазақ ұлтын мызғымайтын біртұтас ел ретінде көргім келеді. Сондықтан да оны орыстілді не қазақтілді деп, немесе анау ана сектаның өкілі, мынау мына сектаның өкілі деп, жазғырып отырмай бәрін бірдей жақсы көру керек деп ойлаймын. Және оларды бір тудың астына жинайтын уақыт келді. Ұлт біртұтастығы дәл бүгін ауадай қажет. Сыртқы күшпен күрестің жалғыз жолы- қазақтар Қазақстанның әр қазақ үшін «жалғыз ұл» екенін түсінуі қажет. Менің ұлттық жобаларға ерекше ынтызарлықпен қолдау көрсетуімнің негізгі себебі -осындай ішкі азаматтық сұранысымнан туса керек.

-Еліміз тәуелсіздік алған 20 жылда етек жеңін енді жинай бастады. Бірақ руханият әлі күнге кіріптар һәм қорғансыз күн кешуде. Демеушілікке зәру бұл саланың өкілдеріне қандай қамқорлық жасай алдыңыз?

-Руханият, расында, қорғансыздың күйін кешуде. Ол тек Қазақстанда ғана орын алған жағдай емес. Ол Ресейде де солай қалт-құлт етіп тұрған сала. Руханият өкілдері ешқашан ақшалы топ болып көрген емес. Атақты Оноре де, Бальзак та ең ұлы шығармаларын қарыздан құтылу үшін амалсыз жазған. Кейін сол қиналып жазған шығармалары әлемдік шедеврлерге айналды. Кешегі Марина Цветаевалар мен Анна Ахматовалар да қаражат тапшылығын көп көрді. Қазақ ақын-жазушылары да бұл әлемдік үрдісті айналып өткен жоқ. Бірақ бұл руханият осылай мүшкіл халде жүре беруі тиіс деген сөз емес. Бүгінгі әдебиетте маңдайы жарқыраған марқасқа ағаларымыздың бірнешеуінің мерейтойын өткізіп, кітаптарының шығуына мұрындық болдық. Және ол бір реттік қана қайырымдылық шарасы болып қалмайды. Жалғасын табады.

-Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына жасалған жоспарыңызды білуге бола ма?

-Қазақта «арық сөйлеп, семіз шық» деген сөз бар. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына дайындаған бірнеше үлкен жобамыз бар. Алла қаласа, сіздер онымен қараша, желтоқсан айында танысатын боласыздар. Әзірге бұл жоспарларымыз құпия болып қалсын.

-Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойында еліңізге қандай тілек айтар едіңіз?

-Мен қазақ халқының әлеуеті жоғары 50 елдің қатарына кіріп, олардың алдыңғы қатардан табылуына тілектеспін. Ұлтымның біртұтас, бөлінбейтін ел болып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын ұйымшылдығын тілеймін.

-Әңгімеңізге рахмет.

-Сізге де рахмет!