Баланың есімі ата-ананың немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің келісімі бойынша беріледі. Әкесінің аты ата-ананың немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің тілегі бойынша оның әкесі болып көрсетілген тұлғаның аты бойынша беріледі. Қосарлы атты беруге ат жеке жазылатын, екі аттан көп болмайтын кезде рұқсат етіледі.
Әкесінің аты қосарлы болған жағдайда әкесінің аты балаға сол аттың біреуі бойынша немесе әкесінің екі аты бірге жазылғанда беріледі.
Балаларға қосарлы атты жазуға рұқсат беру туралы норма 2011 жылы Кодексті қабылданған кезден бастап енгізілді. Қолданыстағы заңнамада аттардың арасына сызықша белгісін қоюға тыйым салынбаған.
«Кодексте азаматтардың қосарлы тегінің сызықша арқылы жазылуы (мысалы, некеге тұруды тіркеген кезде) туралы нормалар қамтылған. Аталған жағдайда, Кодекстің 5-бабына сәйкес осындай қатынастарды реттейтін, олардың мәніне қайшы келмейтін нормалар бар ұқсас заң қолданылады. Осыған байланысты, тіркеуші органның әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейді деп пайымдаймыз. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, әділет саласында азаматтық хал актілерін тіркеу функциялары қазіргі уақытта жергілікті жерлерде актілерді тіркеуді жүзеге асыратын жергілікті атқару органдарына берілгенін назарға алу керек»,-деп атап өтілген ҚР Әділет министрлігі мәліметінде.
2012 жылдан бастап 2016 жылғы 31 қазанға дейінгі аралықта дүниеге келген нәрестелерге барлығы 9 858 қосарлы ат берілген, оның 2 261-і сызықша арқылы жазылса, 7 597-іне мұндай белгі қойылмаған. Есімдердің жазылуына қарсы дау айту бойынша азаматтардан өтініштер келіп түспеген.
Кодекстің 257-бабына сәйкес, азаматтардың тегін, атын және әкесінің атын өзгертуді тіркеуші органдар 13 негіз бойынша жүргізеді. Негіздердің аталған тізбесі түпкілікті болып табылады. Азаматтар өзінің атын өзгерту мүмкіндігіне оған жеткілікті негіздер болған кезде ие болады. Өтінішке деректерді өзгерту қажеттігін растайтын құжаттар қоса берілуі тиіс. Өтінішті қарау нәтижесі бойынша тіркеуші орган тиісті қорытындыны дайындайды, тіркеу тікелей соның негізінде жүргізіледі.
Сонымен қатар аталған мәселе бойынша құқық қолдану тәжірибесі зерделенгеннен кейін осы саладағы қызметті регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі қаралатын болады.