Бас прокуратураның мәліметінше, 2021 жылдан бері күдіктілердің, айыпталушылардың жəне сотталғандардың құқықтарын қорғау, оларға қатысты азаптаудың жəне басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-əрекеттер мен жазалау түрлерiнiң алдын алу мақсатында жаппай бейнебақылау жүйесі енгізілді
Қылмыстық-атқару кодексі мен адвокаттық қызмет туралы заңнамаға сәйкес күдікті, айыпталушы және сотталған адамның адвокатпен кездесуі құпиялылық қамтамасыз етілетін жағдайда өткізілуі тиіс. Тергеу изоляторларының ішкі тәртіп қағидаларында да кездесу кезінде мекеме қызметкері қорғаушы мен оның қорғауындағы адамды көре алатыны, бірақ олардың әңгімесін ести алмайтыны белгіленген.
- Ішкі істер министрінің 26.07.2017 жылғы №505 бұйрығымен бекітілген «Қылмыстық-атқару жүйесi тергеу изоляторларының iшкi тəртiптеме қағидаларының» 129-бабында кездесу тергеу изоляторының қызметкерiне күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны жəне қорғаушыны көруге мүмкіндік беретін, бiрақ сөздерi естiлмейтiндей жағдайларда жүргiзiледі деп айқындалған,-деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде адвокаттармен кездесулер кезінде бейнебақылауға ғана жол беріледі, ал аудиожазба жүргізілмеуі керек. Алайда №75 мекемеге қатысты тексеру кезінде нақты бұзушылық анықталған.
- Тексеріс барысында аталған мекеменің қызметкерлерімен осы жылдың 8 қыркүйегінде қорғаушы А.Жумабаев пен оның қорғауындағы күдікті тұлғаның кездесуі мекеменің тергеу әрекеттеріне арналған бөлмесінде (аудиожазба функциясы бар бейнекамера орнатылған) өткізілуіне жол берілгендігі анықталды. Осыған байланысты Атырау облысының прокуратурасы облыстық ҚАЖ департаментіне қадағалау актісін енгізді, – деп хабарлады Бас прокуратура.
Бас прокуратураның мәліметінше, ҚАЖ мекемелерінде адвокаттық құпияның сақталуы жүйелі түрде бақыланады. Соңғы екі жылда адвокаттық құпияның бұзылғаны немесе адвокаттардың кездесулеріне заңсыз бақылау жасалғаны туралы шағымдар Бас прокуратурада тіркелмеген.
Сонымен қатар прокуратураның мәліметінше, бұған дейін ҚАЖ мекемелерінде адвокаттардың кездесуі кезінде аудиожазба жүргізу фактілері анықталмаған.
№75 мекемедегі жағдайдан кейін Бас прокуратура 24 қыркүйекте облыс прокурорларына ҚАЖ мекемелерінде ішкі тәртіп қағидаларының барлық талабын сақтау жөнінде қосымша тапсырма берген.
- Бас прокуратураның тапсырмасы негізінде адвокаттық құпияны жəне азаматтардың қорғау құқығын қамтамасыз ету мақсатында барлық ҚАЖ мекемесінде қосымша тексерістер жүргізілді. Нəтижесі бойынша заң бұзушылықтар анықталған жоқ,-деп мәлімдеді құзырлы орган.
Еске салайық, адвокат Нұрлан Жолболов әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде Атыраудағы №75 мекемеде адвокаттардың қамаудағы азаматтармен кездесуі кезінде әңгімелердің аудиоға жазылатынын айтты. Ол бұл мәселені бір мекеменің аясында қалдырмай, елдегі қылмыстық-атқару жүйесінің барлық мекемесіне тексеру жүргізуді сұрады.
Ішкі істер министрлігіне қарасты қылмыстық-атқару жүйесі комитеті аталған дерек бойынша № 75 мекемесінде қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның аясында орнатылған бейнебақылау камераларының техникалық сипаттамалары мен ерекшеліктері, сондай-ақ өзге де мән-жай зерделену үстінде.