Жетіген ауылынан заманауи мегаполиске дейін
Мемлекет басшысының 2024 жылғы қаңтардағы Жарлығымен Алматы облысы Іле ауданындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала мәртебесін алып, Алатау деп қайта аталды.
Ал 2025 жылғы қыркүйекте Президент Алатауға ерекше мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұл шешім қаланы өңірдегі толық цифрландырылған алғашқы шаhардың біріне айналдыруға жол ашты. Құжатқа сәйкес, Alatau City заманауи басқару жүйелері, бизнес және озық қалалық инфрақұрылым тоғысқан инновациялық алаң ретінде қалыптасуға тиіс.
Кейінірек Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатауды дамыту тұжырымдамасын таныстырды. Оның айтуынша, жобаны тиімді жүзеге асыру үшін Премьер-министрдің төрағалығымен арнайы кеңес құрылады. Оның құрамына Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Ұлыбритания, АҚШ және Сингапур сияқты елдердегі ірі урбанистикалық жобаларды іске асыру тәжірибесі бар халықаралық сарапшылар тартылады.
– Біз оларды әлемдік қала құрылысының озық тәжірибелерін пайдалану үшін шақырдық, - деген еді Қанат Бозымбаев.
Болашақ мегаполистің төрт ауданы
Бас жоспарға сәйкес, Алатау көпорталықты қағидат бойынша дамиды, яғни қала аумағы белгілі бір салаларға маманданған төрт ірі ауданнан тұрады.
· Gate District қаланың қаржы-іскерлік және халықаралық сауда орталығына айналмақ. Аудан Өтеген батыр, Покровка, Қоянқұс, Ынтымақ және Жаңалық елді мекендерінің аралығында орналасады.
· Golden District заманауи білім беру және жоғары технологиялық медицинаның орталығы ретінде дамиды. Аудан Кіші Алматы мен Қаскелең өзендерінің аралығындағы 15 мың гектардан астам аумақты қамтиды.
· Growing District ғылыми-өндірістік кластер әрі Қазақстанды Қытай және Ресеймен байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық хабқа айналады. Ауданды Алматы – Қапшағай автожолы мен Жетіген – Қазыбек теміржолы бойында дамыту жоспарланып отыр.
· Green District туризм, экология және демалыс бағыттарына басымдық береді. Қапшағай су қоймасының жағалауы мен Қаскелең өзенінің бойын қамтитын бұл аумақта курорттық аймақтар, рекреациялық нысандар және ойын-сауық инфрақұрылымы дамытылады.
Осылайша, Алатаудың әр ауданы өзара үйлесе отырып, болашақта заманауи әрі бәсекеге қабілетті мегаполистің негізін қаламақ.
Қазір Алатаудың едәуір бөлігі басым бөлігі кең жазық алқап күйінде болғанымен, болашақ мегаполистің алғашқы келбеті біртіндеп айқындала бастады. Құрылысқа дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жер телімдері ретке келтіріп, ауыр техника тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр, инженерлік-коммуникациялық желілер де тартыла бастаған.
Алатаудың жалпы аумағы 88 мың гектардан асады. Соған қарамастан, қала аумағы түгелдей құрылысқа берілмейді. Жоба аясында жасыл желекке, саябақтарға, демалыс аймақтарына және су нысандарына ерекше назар аударылады. Осылайша, Алатау экологиялық тұрғыдан қолайлы әрі өмір сүруге жайлы заманауи қала ретінде қалыптаспақ. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту мақсатында жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да жалғасып жатыр.
Қала инвестиция есебінен салынады
Билік өкілдері Алатауды дамытуда негізгі күш мемлекеттік бюджетке емес, жеке инвесторларға арқа сүйейтінін бірнеше рет мәлімдеген.
Қала әкімі Аркен Өтеновтің айтуынша, мемлекеттің негізгі міндеті – қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету.
– Бизнестің тиімді жұмыс істеуі үшін жолдар, инженерлік желілер және әлеуметтік нысандар қажет. Алатауға ерекше мәртебенің берілуі де осы міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік береді, - деген болатын әкім.
Алатауға арналған арнайы құқықтық режимді әзірлеу барысында Қазақстан әлемдегі арнайы экономикалық және әкімшілік аймақтардың даму тәжірибесін жан-жақты зерттеді. Бұл ретте табысты жобалармен қатар, сәтсіздікке ұшыраған үлгілер де сараланды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың мәліметінше, кейінгі 10 жылда әлемде мыңнан астам осындай арнайы аймақ құрылған. Алайда олардың шамамен 60 пайызы күткен нәтижеге қол жеткізе алмады. Бұған шамадан тыс бюрократия, дербестіктің шектеулі болуы және қажетті инфрақұрылымның тапшылығы себеп болған. Осы тәжірибе Алатаудың арнайы құқықтық режимі туралы конституциялық заңды әзірлеу кезінде ескерілді.
«Alatau» арнайы экономикалық аймағы
2025 жылдың желтоқсанында Үкімет «Alatau» арнайы экономикалық аймағын құру туралы қаулыға өзгерістер енгізді. Аймақтың жалпы аумағы шамамен 99 мың гектар болады. Оның құрамына өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған аумақтар, соның ішінде әуежай қызметіне қатысты жобалық аймақтар да енгізілді.
2047 жылға дейін арнайы экономикалық аймаққа 1,6 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 трлн теңгеден астамы шетелдік инвестициялар есебінен болуға тиіс. Сондай-ақ 17 мың жаңа жұмыс орнын ашу және 53 компания-резидентті тарту көзделген.
Ауқымды инфрақұрылымдық жобалар
2026 жылдың қаңтарында Премьер-министр Олжас Бектенов Алатауда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалармен танысты. Сол кезде егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, инженерлік желілердің сызбалары және инфрақұрылымды дамытуға арналған жол картасы ұсынылды.
2026-2027 жылдарға жоспарланған бірінші кезең 21 жобаны қамтиды. Оның жалпы құны – 365 млрд теңге. Бұл кезеңде инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және салу жұмыстары жүргізіліп, соның ішінде қосалқы станциялар, су алу тораптары және газ құбырларын тарту көзделген.
2028-2030 жылдарға арналған екінші кезеңде жалпы құны 312 млрд теңгеден асатын тағы 9 жоба іске асырылады. Олардың қатарында жаңа қосалқы станциялар, тазарту құрылыстары, газ тарату станциясы және шамамен 50 шақырым автомобиль жолын салу жоспарланған.
Жалпы алғанда, 2050 жылға дейін Алатаудағы инфрақұрылымдық инвестициялар көлемі 10,4 трлн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар жеке инвестициялар пакеті де қалыптасып жатыр. Бүгінде жалпы құны шамамен 1,5 трлн теңге болатын 32 инвестициялық жоба ұсынылған. Олардың басым бөлігі логистика, құрылыс, өнеркәсіп, туризм және тамақ өнеркәсібі салаларына қатысты.
Бұл жобалардың жүзеге асуы нәтижесінде 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Конституциялық заң және ерекше құқықтық режим
2026 жылдың 8 мамырында Қазақстан Президенті «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі» туралы Конституциялық заңға қол қойды.
Бұл құжат мемлекеттік басқарудың жаңа моделін енгізуді және инвестиция, инновация мен технологияларды тартуға бағытталған дербес қалалық экожүйені қалыптастыруды көздейді. Заң аясында кәсіпкерлік, цифрлық активтер, қаржы нарығы, сәулет-қала құрылысы, экология, мәдениет, спорт, тіпті ойын бизнесі салалары да реттеледі.
Сонымен қатар «Алатау резиденті» деген арнайы мәртебе енгізіледі. Бұл мәртебені жеке және заңды тұлғалар ала алады. Резидент санатына байланысты берілетін жеңілдіктер көлемі мен арнайы режимді қолдану ерекшеліктері айқындалады.
Билік өкілдерінің айтуынша, даму моделін әзірлеу барысында Қытайдың Шенжен мен Хайнань қалаларының тәжірибесі, Дубайдағы арнайы экономикалық аймақтар және Сингапурдың ұзақ мерзімді жоспарлау тәсілдері негізге алынған.
Атап айтқанда, Алатауда мемлекеттік қызметтер мен бизнеске арналған лицензияларды бір терезе қағидаты арқылы рәсімдеу тетігін енгізу жоспарланып отыр.
Аэротакси және Қазақстандағы алғашқы вертипорт
Ең көп талқыланған жобалардың бірі – әуе мобильділігін дамыту бағыты. 2026 жылдың 19 мамырында Қазақстанда аэротакси сынақтары ресми түрде басталды. Алғашқы демонстрациялық ұшу дәл Алатау қаласында өтті.
Сынақтар үшін Алматыға жақын орналасқан республикалық трасса бойындағы алаң таңдалды. Мұнда елдегі алғашқы вертипорт – eVTOL әуе аппараттарының көтерілуі мен қонуына арналған арнайы алаң салынып жатыр. Болашақта бұл аумақта UAM Center Eurasia орталығы және Қазақстанның толыққанды вертипорты пайда болады.
Канат Бозымбаевтың айтуынша, 2027 жылдың өзінде-ақ аэротакси Алатау, Алматы әуежайы және Қонаев қаласы арасында жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыра бастауы мүмкін.
Қазіргі уақытта Көлік министрлігі сынақтық ұшуларға арналған уақытша ережелерді әзірлеп, тесттік рейстерге рұқсаттар берді. Мамандар ықтимал бағыттарды, желдің әсерін, қауіпсіз ұшу биіктігін және жер бедерінің ерекшеліктерін жан-жақты зерттеп жатыр.
Алдын ала есеп бойынша, Алматы ішіндегі алыс бағыттарға аэротаксимен қатынау құны бір адамға шамамен 7 мың теңге көлемінде болуы мүмкін. Бір аппарат 5-тен 9 жолаушыға дейін тасымалдауға қарқарлы.
Бүгінде Алатау әлі де ірі құрылыс алаңы ретінде қалыптасу кезеңінде. Дегенмен билік өкілдері бұл жобаның алдағы жылдары өңірдегі инвестиция, логистика, технология және туризм бағыттарының маңызды орталықтарының біріне айналатынына сенім артып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Алатау қаласына 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылатынын хабарлаған едік.
Сондай-ақ Алатау қаласында 2 жыл ішінде қандай өзгеріс болғанын жазғанбыз.